Елбасының бес институционалдық реформасы- елді дамытудың өзегі екені белгілі. Оны жүзеге асырудағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында елімізде Қоғамдық кеңестер құрылып, лайықты жұмыс істеуде. Бұл мемлекеттің халық алдында есеп беруін қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырудың бір бағыты. Төрт жыл бұрын, яғни 2016 жылдың басынан жұмысын бастаған аудандық Қоғамдық кеңес «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына сәйкес өз жұмысын жүргізуде, оның құрамына негізінен тәжірибелі, білікті, білімді мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері және ауылдық округтердің ардагерлері сайланған. 2019 жылдың басынан бекітілген жылдық жоспарға сай, әр кеңес мүшесі өзіне жүктелген міндеттерді жоғары деңгейде атқарып келді. Сондай- ақ, 2016-2019 жылдарға сайланған құрамының үш жыл мерзімі аяқталғаннан кейін кеңес құрамы қайта сайланып, бекітілді. Жаңа қоғамдық кеңестің құрамына 17 адам үш жылға сайланды. Олардың бірқатарының қоғамдық кеңес үлестері және жауапкершіліктері қайта қаралып, төрт мүшесі өткен жылдың соңында кеңестің құрамынан шығарылып, қайта сайланды.
Қоғамдық кеңес өзінің мәртебесі мен өкілеттілігін айқындайтын «Қоғамдық кеңестер туралы» ҚР Заңы мен типтік Ережесі аясында құрылып, жұмыс атқаруда. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың арнайы тапсырысымен халық пен билік арасын жақындату үшін, халық үшін маңызды шешімдерді қабылдау процесіне халықтың өзін қатыстыру үшін Қоғамдық кеңестің бүгінгі таңда қоғамдық рөлі артып келеді десе болады. Қоғамдық кеңес өз жұмысын ашық түрде жүргізіп, өзекті мәселелерге ерекше назар салып келеді. Қоғамдық кеңестің жұмысын түпкілікті жандандыру – уақыт талабы.
Қоғамдық кеңес ел ішіндегі әлеуметтік мәселелерді, халықтың мұң-мұқтажын тікелей билік өкілдеріне жеткізуші механизмнің рөлін атқарып келеді. Кеңес мүшелері аудан тұрғындарымен кездесулер барысында тек түсіндірме жұмыстарымен шектелмей, көкейкесті мәселелердің өз әлеуетіне сай шешімін табуға ықпал етіп отырады. Кеңестің жұмысы тікелей халықпен байланысты болғандықтан тұрғындар үшін маңызды қоғамдық проблемалардың шешімін табуына себепші болып келеді.
Қоғамдық кеңес жанынан құрылған үш комиссия өз жұмысын жоспарлы түрде жүргізуде. Олар келелі жұмыс жүргізе отырып, қоғамдық кеңестің беделін көтеріп, арттыруда. Яғни, қоғамдық кеңестің басты мақсаты – ол халықтың сөзін билікке жеткізу.
Енді, аудандық қоғамдық кеңестің өткен 2019 жылы атқарған жұмысына тоқталатын болсақ, бір жыл ішінде 12 кеңес отырысы өткізіліп, онда 25 мәселе зерделеніп, қаралып, талқыланды. Қоғамдық кеңес қарауына ұсынылған 20-дан аса әртүрлі қаулы, шешімдер және ұсынымдар қаралды, зерделенді, келісім берілді. Қоғамдық кеңес мүшелері 26 құжатқа қорытынды жасап, ұсыныс берсе, 4-уі қайта қаралу үшін кері қайтарылды. Сондай- ақ, 12 нормативтік-құқықтық актілер жобалары қаралды.
Өткен жылдың басында Қоғамдық кеңестің отырысында аудан әкімінің 2019 жылғы өңірдің әлеуметтік экономикалық даму қорытындысы туралы есебі тыңдалды. Онда аудан экономикасын дамытуға байланысты және халықтың назарына түсіп жүрген маңызды мәселелер бойынша көптеген сұрақтар қойылып, нақтыланды.
Отырыстарда, сондай-ақ, аудан және ауылдық округтер бюджеттері, жыл ішінде оларға енгізілген өзгерістер де үнемі қарала отырып, зерделенді. Қоғамдық кеңестің жанынан көпбалалы аналардың жағдайларын зерделеп, анықтап отыратын «Ақжүніс» атты комиссия құрылып, бекітілді. Сондай- ақ, басқа да құжаттар мен шешімдер қаралды.
Аудандық қоғамдық кеңестің жылдық жұмыс жоспарына сәйкес 59 іс-шара өткізілді, ауылдық округтерде ауыл тұрғындарымен 55 кездесу өткізілді, онда 55 өзекті мәселе күн тәртібіне қойылса, оның 25-сі бойынша жергілікті жерлерде туындаған проблемалық мәселелер талқыланып, жиындар барысында түскен арыз-шағымдар қаралды. Барлық өтініштер бойынша тиісті шешімдер шығарылып, шаралар қабылданды.
Аудандық Қоғамдық кеңес жыл ішінде бір қоғамдық тыңдау өткізді. Тыңдаудың күн тәртібінде «Жетітөбе ауылдық округінің бюджеттік бағдарламаларының орындалуы, әдеп нормасын сақтамауы туралы» мәселе зерделеніп, қаралды.
Қоғамдық кеңестің отырыстарында 32 мемлекеттік органдардың жұмысы зерделеніп, талқыланды. Олардың ішінде Ақсай, Мыңбұлақ, Нұрлыкент, Көкбастау, Қызыларық, Ақтөбе, Боралдай, Қошқарата, Күреңбел, Шақпақ, Қарасаз, Жетітөбе, Билікөл ауылдық округтері және Бауыржан Момышұлы ауылы әкімінің аппараттарының атқарған жұмыстары туралы, сондай-ақ, сол аймақтардың учаскелік полиция инспекторларының жұмыстары зерделеніп, есептері тыңдалып, талқыланды.
Сондай-ақ, қоғамдық кеңес мүшелері 17 қоғамдық мониторинг жасап, талқылады. Мониторинг барысында заңға сай бюджеттік бағдарламалар, стратегиялық жоспарлар, үкіметтік жобалар да талқыланып, құқықтық-заңнамалық актілер де шығарылды. Сондай- ақ, аудан әкімдігінің тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің аудан тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша жұмысы зерделенді. Есеп барысында бөлім басшысы Е. Сейітбековтың жұмысқа деген сылғырттығы туралы тілге тиек етіліп, ескерту жасалды. Талдау барысында анықталғаны – 2020 жылы15 елдімекеннің 107 жеке тұрғын үйлеріне 704 млн теңгеге табиғи газ тартылады деп көзделген.
Аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің 2018-2019 жылдары атқарған жұмысы туралы есебі тыңдалды. Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар торабының, «Жасыл Жуалы» және «Жуалы- Су» МКК, «Қазпочта» байланыс торабының, аудан әкімдігінің ветеринария және жер қатынастары бөлімдерінің өткен жылдың алты айында атқарған жұмыстары туралы есептері тыңдалып, зерделенді. Қаралған мәселелер бойынша аудан әкіміне, тиісті жоғары органдарына хабарламалар, сондай- ақ, ұсыныстар жасалып, хат жолданды. Мысалы, «Жуалы-Су», «Жасыл Жуалы» мекемелері, Жетітөбе ауылдық округінде сатып алу бойынша заңның бұзылғаны туралы аудан әкіміне ұсыныстар жасалды. Ал республикалық «Қазпочта» мекемесінің басшылығына аудандық «Қазпочтаның» жағдайы туралы айтылып, хат жолданды. Сондай-ақ, облыстық қаржы полициясы бөліміне аудандық білім бөлімінде жіберілген кемшіліктер көрсетіліп, оны жою туралы хат жолданды. Ал аудандық ветеринария бөлімінде жіберілген кемшіліктер бойынша оның басшысына ескерту жасалып, аудан әкіміне шешімін күткен мәселелерді шешу үшін ұсыным хат берілді. Сондай- ақ, бірқатар мәселелер бойынша облыс әкіміне, облыстық жемқорлыққа қарсы агентікке, облыстық қоғамдық бақылау департаментіне, облыстық денсаулық сақтау департаментіне, облыстық әдеп комиссиясына, және т. б. тиісті хаттар жіберіліп, ұсыныстар жасалды.
Кеңес мүшелері отырыстарда зерделеп, қарауына болатын түрлі бағыттағы тақырыптардың көпшілігі бар екенін атап кеткен жөн. Олар: аумақтарды абаттандыру, тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы проблемалары және басқалары. Сонымен қатар, айта кету керек, отырыстарда үнемі тұрғындардың мүдделерін сипаттайтын маңызды сұрақтар көтеріліп отырады. Олар бойынша арнайы комиссия мүшелері жұмыс жасап, зерделеп, анық-қанығына жетуге тырысуда.
Қоғамдық кеңес- атқарушы органдардың атынан маңызды ұсыныстар мен дәлелді кеңестер қабылдайтын бір ниеттес ұжым. Қоғамдық кеңестің міндеті олардың жұмысының кемшіліктерін көрсету емес. Мұндай ұстаным түбегейлі дұрыс емес, біздің принципіміз- өңірдің дамуына өзара іс-әрекет ету болып табылады. Осыны қоғамдық кеңес мүшелері үнемі жадында ұстайды.
Өткен жылы қоғамдық кеңеске 30-ға жуық арыз-шағым түсті, олардың барлығы тиянақты қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Қоғамдық кеңес өз жұмысын жариялы және ашық түрде жүргізуде. Оған дәлел, кеңестің жұмысының барлығы аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» және облыстық «Ақ жол», «Знамя труда» газеттерінде жарияланып отырады. Сондай-ақ, өткен жылы аудандық газет беттерінде 15 және облыстық газеттерде 5 мақала жарияланды.
Айта кету керек, ауданның барлық аймақтарындағы бір де бір мәселені, маңызды оқиғаны қоғамдық кеңестің бақылауынсыз және әсерінсіз қалдырмауға тырысамыз. Мұндай жұмыс, әрине, өз нәтижесін беріп келеді. Қоғамдық кеңес қоғамның игілігіне жұмыс атқаруда. Сондықтан да бүгінгі күні қоғамдық кеңестің мүшелері үстіміздегі жылда байыпты, парасатты, жоғары жауапкершілікпен өз міндеттерін атқаратынына біз сенімдіміз.
Жалпы, Қоғамдық кеңестің жұмысын жандандыру арқылы жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру, елдегі тұрақтылық пен ауызбіршілікті сақтау, халыққа қызмет көрсетудің сапасын арттыру, қолжетімділік, тұрғындардың билікке деген сенімін қалыптастыру, олардың арыз-шағымдарына сергектікпен қарау, қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықты болдырмау – кеңестің күн тәртібіндегі бас тақырыбы болып саналады.
Сейітхан Жұмашев,
аудандық Қоғамдық
кеңестің төрағасы