Basty bet

Мобильді топ мүшелері ауданда болды

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан туындайтын мақсат-міндеттерді түсіндіру жұмысы жалғасын табуда. Осы орайда Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы жанынан мобильді топ құрылған болатын. Жақында мобильді топтың мүшелері Елен Әлімжан, Канал Берденов, Үртай Сапақова ауданда болып, бірқатар ауылда тұрғындарымен кездесулер өткізді.
Алғашқы жиын аудан орталығындағы «Достық» мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Басқосу барысында мобильді топтың мүшесі, жазушы-драматург, облыстың Құрметті азаматы Елен Әлімжан сөз алып, кездесудің мақсаттарына тоқталды.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған жылсайынғы Жолдаулары ел дамуының негізгі шамшырағы. Онда мемлекетті дамытуға, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған бағдарламалардың қабылданып отырғаны бәріңізге белгілі. Біздің мақсат – осынау бағдарламаларды жұртшылыққа түсіндіру және тақырыпқа байланысты ақпараттар ұсыну. Ендеше осы мәселелер жөнінде біраз мәлімет берсем деймін.
Халық пен билік ежелден бір-бірінен ажырағысыз егіз ұғым. Халықсыз билік болмайды. Биліктің басты мақсаты – халыққа адал қызмет етіп, олардың күнделікті мұқтаждықтарын шешу болып табылады. Әлемдегі дамыған мемлекеттердің тәжірбиесіне қарасақ, мемлекеттің негізгі тірегі мен негізгі табыс түсетін саланың бірі – шағын және орта бизнес. Осы ретте орта және шағын бизнестің үлесін барынша арттыруымыз қажет. Оған жету үшін де ерекше қасиеттер керек. Мысалы, неміс, жапон, ағылшын, француз халықтарын алайық. Олардың қанында жылдар бойы қалыптасқан өзіндік тындырымды қасиеттер бар. Сол үшін де қазір әлемдік бизнесте «неміс машинасы» деген түсінік қалыптасқан. Ал, жапон мемлекетін алсақ, бұл елде электроника және машина жасау қарқынды дамыған. Бұл да жапон халқының ұлттық ерекшеліктеріне жатады. Қорыта келгенде, ұлттық қасиеттер елдің өркендеуіне оң әсер етіп, ұрпақтың болашағына да жарқын жол ашады.
Жолдауда бірқатар мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы, маңызы мен міндеттері кеңінен айтылған. Онымен нақты жұмыс істеген жағдайда ғана қазақстандықтардың болашағы жарқын болып, тұрмыс сапасының артуына да оң әсер етеді деген сенімдеміз, – деді Елен Әлімжан.
Мобильді топтың мүшелері келесі кезекте аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназияда, Көктөбе, Қайрат, Көлбастау ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, маңызды мәліметтер ұсынды.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close