Basty bet
Мақсат – өнімді уақтылы жинап алу
Жылдың қоңыр күзі де келіп жетті. Күзбен қоса, күзгі еңбектің лебі де келді.
«Не ексең, соны орасың» демекші, шаруалар қыстың қамына кірісіп, ала жаздай еккен егіндерін жинауда. Әсілі, бейнеті мен зейнеті мол диқандар еңбегі қашанда зор құрметке ие. Диқандар дала төсін дүбірге бөлеп, егін алқаптарында қызу тірлік жүруде. Нағыз қайнаған еңбектің бел ортасы осы егін алқаптарында. Осындай тынымсыз тіршілік Көкбастау ауылдық округі Қосбөлтек ауылының маңында жүріп жатыр. Мұнда «Боранды» шаруа қожалығы ауқымды жерге көктемде картоп еккен. Ендігі мақсат – өнімді уақтылы жинап алу.
Өткен аптаның жұма күні «Боранды» шаруа қожалығының алқабындағы жиын-терім барысын көріп қайттық.
Қосбөлтек ауылының О.Жапарқұл көшесінің бойында алыстан қызыл қаз-қатар үйілген төбешік көрінеді. Қолына шелегі мен қабын алып, жүйекте қазылған картопты жинауға асыққан адамдардың қарасы көп. Алқап басында бір «ГАЗ-53» жүк автокөлігі мен трактор жүр. Трактор жүйек-жүйекпен картопты қазып кеткен.
Күздің қара суығына қарамастан, жұмысшылар қазылған өнімді ертерек жинаудың қамын жасауда. Бірі-бірімен жарыса қимылдап, қолдарындағы шелектері мен қаптарын картопқа толтыруда. Өнімді алқап басынан ірілі-ұсақты түріне қарай теріп, бөліп те қойыпты.
-Шаруа қожалығымыз 2000 жылы құрылған. Иелігінде 1 500 гектар жер бар. Жерге арпа-бидай егіп, уақтылы орып, қамбамызды дәнге толтырдық. Ендігі кезекте 30 гектарға егілген картопты қазудамыз. Техникаларымыз жеткілікті. Қосымша тіркемелері де бар. Биыл екі жаңа техника алынды. Картоптың «Алладин», «Разара», «Вега» сорттарын еккен болатынбыз. Сәуір айында егілген өнімді міне, қазғанымызға он күннен асты. Жалпы өнім жақсы. Гектарына 20 центнерден беруде. Сатылымға 90 теңгеден шығарудамыз. Нарық бағасы осының төңірегіне тұрақтап отыр. Картопты Тараз, Шымкент қалаларынан келіп, саудалап алып кетіп жатыр.
Диқандар күз келісімен ала жаздай еңбектеніп өсірген өнімдерін жинап алуға кіріседі. Картоптың да нағыз піскен кезі. Уақытынан кешіктірмей, жинап алуымыз керек. Ауа райы да соңғы уақытта күрт суытып кетті. Оған қарамастан жұмысшылар күнделікті келіп, жиын-терімге атсалысуда. Нұрлыкент ауылындағы Зылиха есімді бригадир жыл сайын 30 шақты жұмысшыларымен бірге науқанға шығып, өнімді жинайды. Жиын-терім таңғы сағат 8-ден бастап кешкі сағат 17-ге дейін жүріп жатыр. Жұмысшыларға күнделікті жалақысы төленеді. Сонымен қатар, жеті жігіт жүк көлігіне жиналған қаптағы картопты артып, күнделікті табыстарын табады. Алдағы онкүндікке картопты толық қазып, жинап алу көзделуде.
Өздеріңіз көріп тұрғандай, бұл алқапқа картоптың бірнеше түрін ектік. Екпес бұрын дәрілеп алған болатынбыз. Жерді аударып, тегістеп өңдеген уақытта минералды тыңайтқыштарды да қоса септік. Тиісті агротехникалық шараларды сақтап, еккеніміздің арқасында картоптан жақсы өнім алып отырмыз. Картоп тұқымынан, жанар-жағармайдан ешқандай проблема болып жатқан жоқ. Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің тарапынан жеңілдетілген бағамен дизель отынын алып жатырмыз,- дейді «Боранды» шаруа қожалығының бас инженері Нұржан Айтуғанов.
Бас инженер Нұржан Әмірханұлының сөзіне қарағанда, жақсы өнім тынымсыз еңбектің арқасында келіп отыр екен. Алқап басынан жаз бойы жұмыс жүріп, дер кезінде картопты суғарып, түбін қопсытып отырған. Судан біраз тапшылық болып, биыл жауын-шашынның аздығы да шаруаларға қиындық туғызған. Дегенмен де тәжірибелі сушы күндіз-түні картопқа су жіберіп, суғарып отырған. Бұл жұмысты картопты суғарудың қыр-сырын жақсы білетін, 15 жыл бойы осы шаруа қожалықта еңбек етіп жүрген Нұржігіт Оразбақов атқарған. Ол картоп алқапқа егілгеннен бастап осында су суғарып, өнімнің мол шығуына септігін тигізген. Сонымен қатар, алқап басында ары-бері жүйткіп жүрген «МТЗ-82» тракторының рөлінде отырған шаруашылықтың білікті механизаторы Қанат Өмірәлиев және жүк көлігін тізгіндеген Қазыбек Қырқынбаев та науқанға біркісідей атсалысуда.
Алқап басындағы жұмысшылардың бірі Райхан Айжігітова көпбалалы ана екенін айтады. Елімізде көпбалалы отбасыларға берілетін көмекті де алып отыр екен.
– Алда қыс келе жатыр. Отбасымыз үлкен болғандықтан азық-түлігімізді де жеткілікті жинап алуымыз керек. Сондықтан күнделікті таңертең тұрып алқапқа картоп жинауға асығамыз. Мұндай жұмысқа араласқаныма екі-үш жылдың көлемі болды. Кейде демалыс күндері балаларды да алып келемін.
«Еңбек түбі – береке» демекші, әр саналы адам еңбек ете білуі керек. Жұмыстың ауыры, не жеңілі болмайды. Бойыңда қызығушылығың мен еңбекқорлығың, икемің болса, жұмыстың ауырлығын талғамайсың деп ойлаймын. Жиын-терім басталысымен үлкенді-кіші алқапта әзіліміз жарасып, қызу еңбек етудеміз. Күліп-ойнап жүріп, жарысып, жұмысты қалай аяқтап қойғанымызды білмей қаламыз. Қазылған картопты жинап алып, ертеңге қалдырмай, капқа толтырамыз. Топырақтың бетінде қазылған өнім қалып қалмауы керек. Өнімді жүк көлігіне жігіттер артып, жақсы көңіл күймен үйге қайтамыз, – дейді терімші.
Айгүл Қалымханқызы,
«Jańa ómir»