Basty bet
Белсенділер марапатталды
Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында үстіміздегі жылдың 9 маусымына тағайындалған ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын Жуалы ауданында әзірлеу мен өткізудің қорытындысы бойынша жиналыс өтті. Жиынға бірқатар мекеме басшылары мен мамандары, ауылдық округ әкімдері, сайлау учаскелерінің төрағалары қатысты.
Жиынды аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Нүрзия Алтыбаева ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын Жуалы ауданында әзірлеу мен өткізудің қорытындысы бойынша Нүрзия Бахторазқызы баяндама жасады. Баяндамашы жалпы сайлауалды және сайлау күнгі атқарылған барлық жұмыстар жайлы айта келіп, алдағы уақытта ескеретін жайттарға тоқталды.
Сөз кезегі облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкеловке берілді.
-Президент сайлауы бұл – еліміздегі ең үлкен тарихи оқиға болды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау алдында президент сайлауының заңды түрде өтетіндігі жайлы айтқан болатын. Заңды түрде деген бұл – барлық орын алған жағдай заң аясында шешімін табады деген сөз. Әрине, заң бұзушылықтар да болды. Бірақ, барлығы заң аясында өз шешімін тапты,- дей келіп Серғали Өмірзақұлы алдағы уақытта қолға алынуы, ерекше мән беруді қажет ететін мәселелерге тоқталды. Сонымен бірге президент сайлауында кәсіби біліктілігін көрсеткен сайлау комиссияларының төрайымдары мен мүшелеріне алғысын білдірді.
Серғали Өмірзақұлы бірқатар мекеме басшылары мен ауылдық округ әкімдерін, сайлау учаскелерінің төрағалары мен төрайымдарын, жекелеген сайлау учаскелерін Алғысхатпен марапаттады.
Сөз кезегін алған аудан әкімінің аппарат жетекшісі Серік Қойбақов орын алған кемшіліктердің алдағы уақытта түзелетіндігіне сенім білдіріп, сайлау науқанына белсене үлес қосқан азаматтарға алғысын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тілеп, жиынды қорытындылады.
Перизат Шымыртайқызы.
Суретті түсірген Сәбит Күзембаев,
«Жаңа өмір»