Basty bet
Адамзат қоғамы – мейірім мен парасаттың мекені
Әлем – кең, тіршілік – сан алуан. Табиғатта тіршілік атаулы өз заңдылығымен өмір сүреді: әлдісі әлсізге үстем, күштісі қорғансызды басып-жаншуы мүмкін. Бірақ адамзат қоғамы – мейірім мен парасаттың мекені болуға тиіс. Алайда, дәл осы қоғамда ерекше әлсіз, қорғансыз жандар да өмір сүреді. Олар өз даусын естірте алмайтын, өз ойын жеткізе алмайтын, өз құқығын қорғай алмайтын жандар. Олар біреудің жанашырлығына, қамқорлығы мен жүрек жылуына мұқтаж.
Қазіргі таңда ғылым мен технология қарыштап дамығанмен, қорғансыз жандардың қатары азайған жоқ. Керісінше, заманауи өмір салты кейде адам мен адамның арасын алыстатып жіберді. Әлеуметтік желіде мыңдаған «досы» бар адамның шынайы жан сырын бөлісетін, жанына демеу болатын жалғыз да шынайы досы болмауы әбден мүмкін. Бұл – рухани жалғыздық, ішкі күйзелістің көрінісі. Рухани жалғыздық – бұл тек материалдық немесе физикалық тапшылық емес, ол көбіне адамның ішкі жан дүниесінің күйін, оның рухани әлсіздігі мен өзін жалғыз сезінуін білдіреді. Психологияда мұндай жағдайлар көбінесе «эмоционалдық жалғыздық», «интрапсихикалық күйзеліс» немесе «әлеуметтік оқшаулану» деп сипатталады.
Қорғансыз жандардың көбі айналасындағы әлеммен сенімді байланыс орната алмайды. Олар үшін «мен маңызды емеспін», «мені ешкім тыңдамайды», «ешкімге керек емеспін» деген теріс сенімдер қалыптасуы мүмкін. Бұл өз-өзіне сенімсіздікке, депрессияға, тіпті өмірден үміт үзуге әкелуі ықтимал. Сондықтан қорғансыз жанды көмекке мұқтаж адам ретінде емес, ең алдымен ішкі жанайқайын ести білетін тұлға ретінде қабылдаған жөн. Кейде қорғансыз жанға тек бір сенім білдірген жан, жүректен шыққан жылы сөз немесе үнсіз жанашыр көзқарас жеткілікті болуы мүмкін. Психологиялық зерттеулер көрсеткендей, адамдар ең қиын сәттерде жанында болған бір ғана жанашыр адамның арқасында өмірге қайта үмітпен қараған.
Қорыта келе айтарымыз, қазіргі таңда психологиялық сауаттылық та аса қажет. Қоғам қорғансыз жандарға тек материалдық тұрғыдан ғана емес, психологиялық қолдау көрсетуге де дайын болуы керек. Бұл ретте әрбір адам өз деңгейінде психологиялық қолдау көрсете алатын әрі өзін түсіне білетін тұлға болуға ұмтылғаны жөн болмақ…
Жанна ҚАЛДЫБЕКОВА,
Жамбыл облысы әкімдігінің «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» психологі