Basty bet
Айналасынан тек жақсылық іздеген жан
Өмір жақсы адамдармен, адамдардың жақсы пейіл, ниетімен мәнді.
Шақпақаталық Сайраш Момынқұлқызымен Ынтымақ ауылының тумасы ҚР Суретшілер одағының мүшесі Нұрлан Шилібаевтың мектепте өткен кездесу кешінде таныстым. Ардагер ұстаз сол кеште Нұрлан ағаның сыныптасы ретінде сөйледі. Ол кісінің өзінің ойын, жүрекжарды ақ тілегін, балалық шақтан естеліктерін жүйелі, әдемі жеткізе білуі маған ерекше ұнады. Сөз адамның ой-өрісінің, өмірге деген көзқарасының жемісі. Журналист болғандықтан жүрген жерімізде игі жақсыларды іздеп, байқап жүретініміз бар. Содан не керек кездесуден кейін бұл кісінің кім екенін сұрастырдым. Сайраш Момынқұлқызы газетіміздің тұрақты оқырманы, ақын Ілияс Ахметов ағамыздың жұбайы екен. Сәті түсіп, газетіміздің қыз-келіншектер бетіне Сайраш апаймен сұхбаттасып, мақала жазып отырмыз.
Сайраш Пралиева 1951 жылы Тәттібай Дүйсебайұлы ауылында дүниеге келген.
-Әкем Момынқұл мұғалім, мектеп директоры болған сауатты кісі еді. Кітап, газет-журналды көп оқитын. Өзінің сөресі толған кітап болатын. Үйге әкем жаздырған көп газет-журналдар келетін. Әкемізден көріп, біз де кітапқа, газет-журналға жақын болдық. Әкеміз бізді ұқыптылыққа, тиянақтылыққа, жаңашылдыққа баулыды. Әкеміз жаңалықтарды қалт жібермейтін. Үйде радио болатын. Радиодан жаңалықтарды, небір әуезді әндерді тыңдаушы едік.
Анам Айшакүл қолы ашық, мейірімді, сабырлы, тазалықты жақсы көретін жан еді,- дейді Сайраш Момынқұлқызы. Сайраш апай әңгіме барысында балалық шаққа саяхат жасап, естеліктерімен бөлісіп, көңілі толқыды.
-Балалық шақтағы осы бір сәулелі сәттер есімнен кетпейді. Бізде бір сиыр болатын. Анамыз ертеңгісін бір үлкен шелек, кешкісін бір шелек сүт сауып алады. Менің анамның “Урал” деген сүт тартатын машинасы болатын. Соған көрші бес-алты әйел келіп кезекпен сүт тартады. Барлығы тату, әңгіме дүкен құрып сүттерін тартып, қаймақтарын үйдегі ұраға қойып кетеді.
Бір күні барлығы жиналып, арасында күбісі бар келіншек күбісін алып келіп, қаймақтарды қосып піседі. Біреуі қаймақты пісіп жатады. Біреуі дайын болған майды алып, жуып, тұздап, дайындап жатады. Менің анам екі тәбеншелеп нан пісіреді. Ұны сәл қаралау болғандықтан нан да сондай дәмді болатын. Сонымен барлығы отырып, шәй ішіп, майды қадақтап бөліп барлығы менікі аз, сенікі көп еді демей теңдей бөлісіп, алып кетеді. Сонда қазіргідей дастарқанда көп нәрсе де жоқ. Ыстық нан, май, құрт, қант қана. Бірақ, пейілдері, бір-біріне деген сыйластықтары ерекше еді. Қазір ойлап отырсам, барлығы туған абысын сияқты, татулықтарына тәнті боламын.
Сонымен бірге ауылда ол кезде үйге қонақ келсе, міндетті түрде көршілерді шақыратын. Ол күні кішігірім мейрам болады.
Ауылда жалаңаяқ жүретініміз, қыздармен бірге бұлаққа суға баратынымыз, бидай егістігіне барып, сағыз жинайтынымыз, гүл теретініміз бәрі-бәрі есімнен кетпейді. Біз далада көп жүретінбіз, жұмыс істеп, ата-анамызға көмектесіп әрі ойнайтынбыз. Қандай тамаша, рақат сәттер! Тәттібай Дүйсебай ауылы, бұрынғы Амангелді ауылы сонысымен мен үшін ыстық. Мен үшін туған ауылымның тауы да, тасы да, адамдары да ерекше ыстық.
Бастауышты ауылда оқыдық. Мектептегі мұғаліміміз Сыдығалы Үмбеталиев деген кісі болды. Ол кісі барлық пәннен өзі беретін. Ән үйретеді, еңбекке баулиды. Кесте тіккізіп, сыныпты безендіретін дүниелердің бәрін қолмен жасайтынбыз. Қазір қарап отырсам, осының барлығы бізді еңбекке, ұйымшылдыққа баулыған іс-әрекет екен ғой.
Бесінші сыныптан бастап мен Шақпақата ауылына келіп оқыдым. Аман көкемнің тәрбиесінде болдым. Ол кісі де тамаша жан еді. Мен көкемнің туған қарындасындай болып кеттім. Бұл жақта да да тамаша мұғалімдеріміз болды.
Мектеп бітірген соң Алматыдағы шет тілі институтына оқуға түстім. Неміс тілі факультетінде оқыдым. Институтта тек білім ғана алып қойған жоқпыз, этика, эстетика сабағын өттік. Мұғалімдеріміз сондай жақсы кісілер еді.
Мектепте де әріптестерім де өте жақсы, рухани бай адамдар болды. Мектепте аудандық білім бөлімінің құрмет тақтасынан біздің мектептің мұғалімдері түспейтінбіз.
Менің ұнатпайтын әдетім – біреудің сыртынан ғайбат сөз айту. Мен неғұрлым кішіпейіл, қарапайым, адамгершілігілі жоғары жандарды ұнатамын.
Мұғалім болу қиын әрі қызықты мамандық. Балаларды тәрбиелейміз. Олар бізді тәрбиелейді. Бала кішкентай, олар не біледі деп ойлаймыз. Бірақ бала бәрін түсінеді, сезеді. Кейде өзіңнің дұрыс емес іс-әрекетіңді, ойыңды балаға қарап түзейсің.
Алғаш мұғалім болғанда мен нашар оқитын балаларға сәл басқаша қарайтынмын. Мұным қате екен. Жақсы оқитын балалардың ішінде адамгершілігі төмен балаларда кездеседі. Керісінше сабақ үлгерімі төмен балалардың ішінде адамгершілігі жоғары, өнерлі, еңбекқор жандар көп болады. Сондықтан балаларды бірдей, тең көру керек,- дейді Сайраш Момынқұлқызы.
Немере, шөбере сүйген асыл анамыз екеуміздің әңгімеміз әрі қарай ене мен келін арасындағы сыйластық, жалпы отбасындағы сыйластық, үйлесімділік, жас ұрпақ тәрбиесі жайында өрбіді.
-Менің қайын атам бастауыш сынып мұғалімі болатын. Апам ширақ, адал, тура сөйлейтін жан еді. Ілияс екеуміз сыныптас болдық. Сондықтан мен ол кісілерді жақсы танитынмын. Келін болған соң ата-енемнің көңілінен шығуға барымды салдым. Өмірлік серігіңді жақсы көрген соң, оның ата-анасын да жақсы көріп, сыйлау керек. Ол кісілерді сыйласаң, жолдасың да сені құрметтейді.
Қыз – жат жұрттық. Қыз күйеуіне ғана келмейді, оның отбасына келеді. Сондықтан оның отбасын сыйлай білу керек.
Ал, ене келіннің отбасына сіңісіп кетуінде үлкен рөл атқарады. Ене сабырлы, кешірімді болуы керек. Тәрбиелі, саналы қыз бірте-бірте барлығын үйреніп, отбасын ұршықша иіріп алып кететіндей дәрежеге жетеді. Ең бастысы ене де, келін де өсек айтпау керек. Артық сөз адамға тек зиянын ғана тигізеді. Қай кезде де әдептен озбаған дұрыс.
Қазір заман жақсы. Молшылық, тоқшылық. Бірақ адамдарың пейілі, ниеті дұрыс емес.
Қазіргі жастарға қарап сүйсінемін. Қандай жақсы заманда өмір сүріп жатыр. Еңбек етіп, ақшаң болса, бәрі бар. Біздің бала кезімізде жақсы киінген адамды ілуде біреу көруші едік. Оның өзі ауылдыңкі емес, қаладан келген кісі болатын. Қазір жастардың киімдері қандай жақсы. Түр-түрімен, модамен киінеді. Өздеріне жарасымды,- дейді Сайраш апай.
Сайраш ана жары Ілияс ата екеуі екі ұл, бір қызынан жеті немере, бір шөбере сүйіп отыр. Үлкендері Жолдас мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берсе, келіні Роза Өнер мектебінде жұмыс істейді. Олар үлкен ұлдарынан бір немере сүйіп отыр. Ал, қолындағы ұлы мен келіні Ақжан мен Самалдың үш ұлы бар. Қызы мен күйеу баласыТорғын мен Нұрханның бір ұлдары бар. Ілияс аға да ақкөңіл, жанашыр жан. Ол кісінің қаламынан туған өлеңдер аудандық, облыстық басылымдарда жарық көріп, оқырманның жүрегінен орын алған.
Өмірде кісінің бойында жақсылық та, жамандық та болады. Әр адам жақсылықты іздесе, жақсылықты, жамандықты іздесе жамандықты көреді. Сайраш Молдақұлқызы айналасынан тек жақсылықты іздеген, көре білген жан. Бес күндік жалған өмірде бір-біріміздің бойымыздан жақсылықты ғана іздеп, сыйласып өмір сүргенге не жетсін!
Перизат Шымыртайқызы