Basty bet

Тұрғындардың тілегі – тұрақты назарда

Аптаның сәрсенбісі күні аудан басшысы Жалғас Мұртаза аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында қабылдауға алдын ала жазылған бірқатар азаматты жеке сұрақтарымен қабылдау жүргізіп, олардың өтініш-тілектерімен қатар, мұң-мұқтажына да баса назар аударды.

Аудан басшысының қабылдауына алғаш болып кірген Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Төле би көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің ауласына балалар ойнайтын шағын алаңша мен жарық орнатып беруді сұрады.
Аудан әкімі қабылдауға келген азаматшаны мұқият тыңдай келе, бұл мәселе жөнінде бюджетке сұраныс берілетінін айтты.
Келесі кезекте жеке қабылдауда болған Диқан ауылының тұрғыны 2020 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұратынын айтып, аудандық тұрғын үй қорынан жалдамалы үй алудың тәртібі мен кезектілігін сұрады.
Одан бөлек, Б.Момышұлы ауылының тұрғыны аудан әкіміне тұрақты жұмысқа орналасу мәселесімен қайырылып, өтініш-тілегін жеткізді.
Айта кету керек, өтініш беруші азаматшаның екі бірдей мамандығы бар. Ол өз өтінішінде мүмкіндік болса, бастауыш сыныптың мұғалімі мамандығымен аудан орталығындағы мектептерге тұрақты жұмысқа орналасу туралы тілегін жеткізді.
Азаматшаның өтінішімен мұқият танысқан аудан әкімі Жалғас Мұртаза: «Кез келген қызметке орналасудың белгіленген өз тәртібі мен талаптары бар. Мектепке мұғалім болып орналасу үшін ең алдымен конкурстық негізде тест тапсыруыңыз қажет. Одан сүрінбей өткен жағдайда ғана жұмыс орналасуға мүмкіндік бар. Қазір елімізде конкурстық тест сынағы әділ түрде өтеді. Осыны баса ескергеніңіз жөн» деп жауап берді.
Б.Момышұлы ауылының тұрғыны өзінің жеке кәсібіне қолдау көрсетуді сұрайды. Кәсіпкер 2025 жылдың сәуір айында «Ауыл аманаты» бағдарламасының 5-бағытымен мақсары өңдеу цехын ашып, жұмысын атқаруда. Одан бөлек, ағымдағы жылы Б.Момышұлы ауылы Жібек жолы көшесінде орналасқан «Ақ ұлпа» атауымен аталатын қоймалар қатарынан мақсары өңдеу цехын іске қосу үшін ғимарат сатып алғанын да жеткізді.
Аудан әкімі тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырма тапсырды.
Айта кету керек, жеке қабылдауда болған азаматтардың өтініш-тілегіне тиісті заңдылық аясында жауаптар берілді. Қабылдауға аудандық әкімдіктің салаларға жауапты бөлім басшыларымен қатар, тиісті ауылдық округтің әкімдері қатысты.

 

Таңдаулы материалдар

Close