Basty bet

Мамандығына адал жан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында Әділетті Қазақстанды адал азамат құрады деген пікірін білдірді.
“Елімізде жаңа қоғамдық этика қалыптасуы керек. Онда елдің бірлігі және тұрақтылығы, азаматтардың өзара тілектестігі, әділдік, заң мен тәртіп, сенім және жауапкершілік сияқты құндылықтар үстемдік құруы қажет.
Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды Адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады.
Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс.
Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасалуға тиіс” деді Президент.
Жақында ғана халыққа арнаған жаңа Жолдауында да Президентіміз бұл пікірге қайта оралып, әрбір адам ісі мен сөзі бір жерден шығатын Адал азамат болса ғана әділдік орнайтынын баса айтты.
Қыркүйек айының үшінші жексенбісі елімізде Еңбек күні болып белгіленген. Бұл күннің мақсаты – еңбек адамына құрмет көрсету және қайырымды, әділетті қоғамды қалыптастыруға үлес қосып жүрген адал еңбек адамдарын насихатттау, дәріптеу.

Ауданымызда әр салада адал еңбек етіп, қасиетті өңірдің дамуына үлкен үлес қосып жүрген азаматтар жетерлік. Сондай адал еңбегімен, биік адами қасиетімен ерекшеленіп, құрметке бөленіп жүрген жандардың бірі – Қарасаз ауылының тұрғыны Жарқынбек Әуезов.
Жарқынбек Әуезұлы Қарасу ауылында көпбалалы, қарапайым жұмысшы отбасында өмірге келген. Әкесі соғыс ардагері. Соғыстан кейін колхозда, совхозда бел жазбай еңбек еткен жан. Анасы Тоқбала жеті ұл-қызды өмірге алып келіп, өсірген ардақты ана. Анасы да колхозда қарапайым жұмысшы болған.
Ата-анасы өте еңбекқор, шыншыл, ешкімге қиянат жасамайтын, ынтымақшыл, кең пейілді жандар болыпты.
Жарқынбек аға бұрынғы “Октябрьдің 40 жылдығы” атындағы мектепті үздік бітіріп, Жамбыл педагогикалық институтына физика-математика факультетіне оқуға түсіп, оны да үздік тамамдаған. Бір жыл әскер қатарында болып, еңбек жолын Қарасаз ауылындағы А.Пушкин атындағы орта мектепте мұғалім болып бастайды. Осы мектепте 42 жыл ұстаздық еткен. Біраз жыл директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып та қызмет еткен.
-Мектебімізде Қамбар Сейдазимов деген мықты математик мұғалім болды. Ол кісі өзінің жұмысын жақсы білетін, балалармен көп жұмыс жасайтын мықты мұғалім болатын. Жалпы біздің бала кезімізде уақытпен санаспай, барын салып жұмыс істейтін ұстаздар көп еді. Олар балалардың пәнге деген қызығушылығын ояту үшін барын салатын. Тегін үйірмелер өтіп, үйретуден жалықпайтын. Менің мұғалімдік мамандықты таңдауыма ұстаздарымның осындай ізгі қасиеттері түрткі болды.
Біздің мақсатымыз – адал еңбек ету, баланы білімге қызықтыру, балалардың ойлау қабілетін дамыту, үлкенді сыйлауға, адамгершілік қасиеттерге, еңбекке баулу, табиғатты аялауға тәрбиелеу болатын. Оқушыларды үлкен еңбек ұжымдарына ертіп барып, ол саланың майталмандарымен кездестіретінбіз. Табиғат аясына экскурсиялар ұйымдастыратынбыз.
Еңбек жолымда білім саласына енген жаңашылдықтардың біздің мектепте жүзеге асуына үлес қостым. Информатика пәні алғаш енгенде, пәнді жүргізуді маған тапсырды. Мен компьютерді өз бетімше үйреніп, информатикадан сабақ беріп, оқушылардың оны меңгеруіне еңбектендім. Мектебіміздің базада жаңа дерек қорының жасақталуына үлес қостым.
Оқушыларға шахмат ойынын үйреттім. Шахмат жалпы есептеуді, шапшаң ойлауды үйрететін ойын.
Еліміз тәуелсіздігін алған елең-алаң жылдары барлық салада тоқырау болды. Мұғалімдер де айлап жалақы алмай жұмыс істеді. Мектептер жылусыз қалды. Көп мұғалімдер сол жылдары жұмысын тастап саудаға шығып кетті. Бірақ көп ұзамай ол қиындықтардың бәрі артта қалды. Мамандыққа деген адалдықтың, сүйіспеншіліктің арқасында барлық қиындықтарға төтеп бердік. Қазір Аллаға шүкір, білім саласына жақсы көңіл бөлінуде. Мұғалімдердің жалақысы да жыл сайын артып келеді.
Бүгінде елімізде жақсы бастамалар болып жатыр. Еліміздегі өзгерістерге түрлі пікірлер айтылуда. Дегенмен өз басым еліміздегі жағдай біршама жақсарып, дұрыс жүйеге түсіп келе жатыр деп есептеймін,- дейді ардагер ұстаз.
Жарқынбек аға ауылдағы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып келеді. Бос уақытында кітап оқып, 70-80 жылдардағы халық әндерін тыңдағанды ұнатады.
Жолдасы Аягөз Исақызы екеуі өмірге алып келген ұрпақтарынан алты немере сүйіп отыр. Қыздарының барлығы жоғары білімді. Бірі акушер, бірі мұғалім, бірі тәрбиеші болса, кенжесі менеджер болып еңбек етеді.
Жарқынбек аға бүгінде “Үміт” атты шаруа қожалығын құрып, оның шаруасын немересі Хасен екеуі жүргізіп отыр. Немересі Хасен бүгінде Тараз қаласында жоғарғы оқу орнында білім алуда.
Еңбек адамының еңсесін өзінің адал еңбегі, айналасына тигізген шарапаты көтереді. Жарқынбек аға ұлы мамандық ұстаздықтың мәртебесін биіктетіп тұрған адал азаматтардың бірі.

Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close