Qoǵam

Кәсіпкерлік саласына нақты қолдаулар бар

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі» атты халыққа арнаған Жолдауында кәсіпкерлік саласы мен шағын және орта бизнестің дамуына баса көңіл бөлінген болатын. Себебі, кәсіпкерлік саласы еліміздің жетекші салаларына айналуы керек. Осыған орай елімізде аталған саланың дамуы жолында бірқатар жобалар арқылы қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Президент Жолдауының «Тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылдарды дамытудың берік негізі» деп аталатын үшінші бөлімінде: «Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады» делінген.

Бүгінгі таңда аудан көлеміндегі жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 4365. Оның ішінде екі орта, 133 шағын кәсіпорын (заңды тұлғалар), 1827 жеке кәсіпкер және 2403 шаруа қожалық жұмыс жасауда. Жалпы тіркелген кәсіпкерлік субъектілердің ішінде жұмыс істеп тұрғандары былтырғы жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 112,0 пайызды құрап отыр. Облыс әкімі және аудан әкімдері арасындағы 2019 жылға арналған келісімдер мен белгіленген индикаторлардың орындалуы бағытында аудан кәсіпкерлері барынша өнімді жұмыс жасауда.
Мысалы, ағымдағы жылдың 11 айының қорытындысына көз жүгіртсек, ауданда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 9 411,1 мың теңгені құрап, былтырғы жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 102,6 пайызды құрады. Облыс бойынша төртінші орындамыз. Ал 12 айдың қорытындысымен жоспарлы индикаторлық көрсеткіш 8 554,3 мың теңге болатын болса, нақты 9 715,0 мың теңгені құрайды деп болжамдануда.
Аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі облыс әкімі мен аудан әкімі арасындағы 4 индикатор және облыс басқармалары мен аудан әкімі арасындағы 15 индикатор, жалпы 19 индикаторлық көрсеткішпен жұмыстар атқаруда. Өткен жылдың қорытындысымен 16 индикаторлық көрсеткіш орындалып, үш индикаторлық көрсеткіш орындалмайды деп болжамдануда. Атап айтқанда, «Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі» жоспар 14000,0 млн теңге болса, орындалуы 6275,1 млн теңгені құрап, былтырғы жылғы есепті мерзіммен салыстырғанда НКИ 27,0 пайызды құрайды деп болжамдануда. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлеміндегі сыртқы инвестициялардың үлесі жоспар 2567,0 млн теңге болса, орындалуы 0 теңге. Аталған 2 индикаторлық көрсеткіштің орындалмау себебі, былтырғы жылдың есепті мерзімінде «Бурное Солар-2» жобасы 8,1 млрд. теңге инвестиция салған болатын. Оның ішіндегі сыртқы инвестицияның көлемі 1,5 млрд теңгені құраған. Ал биылғы жылға мұндай ірі жобалар жоқ. Дегенмен, басқа да инвестициялық жобалармен жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Үшінші орындалмай қалған индикатор көрсеткіші тоқтап тұрған кәсіпорындарды іске қосу – жоспар 4, нақтысы 2. Мұның себебі, ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында іске қосу жоспарланған «Битум зауытын қайта жаңғырту» жобасы және төртінші тоқсанда іске қосуды жоспарлаған аудан орталығындағы ескі нан зауыты бірнеше объективті және субъективті себептермен іске қосылмай қалды.
Ауданда шағын кәсіпкерлік субъектілерін несиелендіру жұмысында да ілгерілеушілік бар. Бүгінгі күнге барлығы бес шағын микрокредиттік ұйым кәсіпкерлік субъектілеріне несие тарату қызметімен айналысады. 2019 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында осы ұйымдар барлығы 4501 адамға 2 628 8755 млн теңге несие берді.
«KazMicroFinance» ЖШС аудандық бөлімшесімен 3120 адамға 1 млрд 835 млн 230 мың теңге несие берілді. «Жуалы» несие серіктестігі» ЖШС 43 адамға 264 млн 977 мың теңге, «Азия несие қоры» ЖШС 968 адамға 326 млн 653 мың теңге, «Арнұр-Кредит» ЖШС микрокредиттік ұйымымен 370 адамға 202 млн 015 мың теңге несие берілді. «Жуалы-Рантье» шағын кредиттік ұйымы қаңтар-қыркүйек айларында ешқандай несие таратқан жоқ. Тек қана бұрынғы берілген несиелерді жинақтау жұмысымен айналысуда.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру мақсатында 14 ауылдық округте наурыз, сәуір, мамыр айларында үш рет халықпен кездесулер ұйымдастырылып, бағдарламаның ережелері, мақсаттарын кәсіпкерлерге, шаруа қожалық басшыларына түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, пайыздық ставкасы субсидияланатын несие алу, кепілдік беру және инфрақұрылымды дамыту мақсатында ауданның ауылдық округтерінен келіп түскен ұсыныстар (жобалар) сараланып, нақты 15 жобамен жұмыстар жүргізіліп отыр. Олар «Даму» КДҚ-ның қолдауына ие болып, барлығы 297, 543 мың теңге несиеге қол жеткізілді.
Олар, «Дидар» ШҚ-4,483 мың, ЖК Ибрагимова Б.- 4,939 мың, ЖК «Happu»-11,0 мың, «Атамекен» сауда өндірістік компаниясы-53,498 мың, ЖК Асемова Г.- 25,403мың, ЖК «К.А.Дүйсебаев»- 11,5 мың, «Еркінбек» ШҚ- 12,0 мың, «Технадзор-2015»ЖШС-6,857 мың, ЖК «Байтаков.К»- 11,5 мың, «АПХС» ЖШС- 17,0 мың, «АПХС» ЖШС-60,0 мың, ЖК «Каирбекова»- 11,5 мың, ЖК «Ортаев М» – 22,456 мың теңге көлемінде қолдау тапты.
Сонымен қатар, аталған бағдарлама аясында Көкбастау ауылдық округінен «С.Тоқтаев» шаруа қожалығы мал шаруашылығы фермасына өндірістік инфрақұрылым (электр желісі) жүргізу мақсатында қажетті құжаттарын толықтай жинақтап, АҮК-нің қарауына жолданып, оң шешімін алды. Жоба құны 21,1 млн теңгені құрап отыр. Билікөл ауылдық округінен «Береке» ШҚ-ның құжаттары өндірістік инфрақұрылым (электр желісі) жүргізу мақсатында толығымен жинақталып, аймақтық үйлестіру кеңесінің оң шешімін алды. Жоба құны 24,3 млн теңгені құрайды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында кепілдік беру бағытында бес жоба өтті. Оның кепілдік сомасы 15,6 млн теңге.
Сонымен қатар, 29 жасқа дейінгі жастарды кәсіпкерлікке тарту мақсатында «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында ұйымдастырылған мемлекеттік гранттарды ұсыну жөніндегі конкурстық комиссияға ауданнан 30 жоба ұсынылып, нәтижесінде 15 жас кәсіпкер грант жеңіп алды. Жалпы сомасы 32 500 млн теңге болатын кәсіпкерліктерде 36 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Ауданда өнеркәсіп өндірісін дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында біршама жұмыстар атқарылуда. Мысалы, Жамбыл облысында 2019-2025 жылдар аралығында 2 581,1 млрд теңгеге іске асырылу жоспарланып отырған 70 инвестициялық жобаның ішінде біздің ауданға қатысты нақты 5 инвестициялық жобамен жұмыстар жүргізілуде. Олар жоба құны 3 800,0 млн теңге болатын «Қаралма» тау шаңғы туристік базасының құрылысы, 1200 бас мүйізді ірі қараға арналған сүт тауарлы фермасының құрылысы («Гамбург» ЖШС), жоба құны 1 000,0 млн теңге, Берікқара шатқалындағы «Тау самалы» туристік кешенінің құрылысы, Билікөл ауылдық округіндегі күн сәулесінен электр энергиясын өндіру жобасының құрылысы. Жоба құны 38 000,0 млн теңгені құрайтын және «Көксай» каналының бойынан қуаттылығы 18 мВт. құрайтын кіші су электр станциясының құрылысы жобалары 2021 жылы толықтай аяқталмақ.
Бүгінгі таңда «Қазгидрооперейтинг» ЖШС ГЭС-тің төрт бірдей каскадын тұрғызу үшін іргетасын бекіту және бетондау жұмыстары толықтай жүргізілді. Электр станциясының құрылғылары жеткізіліп, құрастыру жұмыстары жүргізілуде.
Туризм саласын дамыту ісінде де бірқатар жүйелі жұмыстар бар. Билікөл ауылдық округі аумағындағы Берікқара шатқалында «Жанұялық демалыс орталығының» құрылысы екі жыл ішінде аяқталып, іске қосылды. Аталған нысанда 300 орындық қонақүй, бассейн және басқа да демалыс нысандары тұрғызылды. Жыл бойы жұмыс жасайтын орында демалушыларға барлық жағдай жасалынған. Нысанның қожайыны аталған демалыс орталығын кеңейту, дамыту мақсатында қосымша 300,0 млн теңге инвестиция салуды жоспарлауда.
Ауданда қысқы спорт түрлеріне арналған «Қаралма» тау шаңғысы кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде, бүгінгі күні тау-шаңғы базасына қажетті инфрақұрылымдар- жол, ауыз су, газ құбыры және электр желісін тарту жұмыстары 95 пайызға орындалған. 20 коттедждің құрылысы жүргізілуде. Мұнда бір мезгілде 3000 адамға дейін қызмет көрсететін демалыс орталықтары бой көтереді. Демалыс орталықтарында қыс айларында тау шаңғы спортымен айналысуға мүмкіндік берілсе, жаз айларында велотуризм, жылқымен саяхаттауға жағдай жасалады. Сонымен қатар «Көксай» каналының бойынан демалыс орталығын салу мақсатында «Алатау» шаруа қожалығы 40 гектар жер телімін ұзақмерзімді жалға алып, 150 орындық қонақүй және спортзал салу үшін құрылысқа қажетті құжаттары дайындалуда.
Аудандағы халық тұтыну тауарларының және жанар-жағар май бағаларын реттеу жөніндегі штаб құрамын құру туралы аудан әкімінің тиісті қаулысымен құрылған аудандық штаб мүшелері тұрақты сауда нүктелерін аралап, әлеуметтік маңызды тауарларға бағаны негізсіз көтермеу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отыр. Тұрғындарды азық-түлікпен қолжетімді бағада қамтамасыз ету үшін негізгі әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына үстеме бағаны 10 пайыздан артық көтермеуге аудан орталығындағы 18 көтерме сауда дүкенінің иелерімен меморандум жасалды.
Аудан халқының тұрмыстық жағдайын көтеру пилоттық жобасының бесінші бағыты бойынша жоспарлы жеті жоба бектіліп, құны 30,1 млн теңгені құрайтын бес жобаның құжаттары «Тараз» ӘКК»-на өткізілді.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеровтың тапсырмасына сәйкес, ауданымызға жыл соңына дейін сегіз жоба жоспар ретінде бекітілген. Бүгінгі таңда төрт жоба мақұлданып, олар екінші деңгейлі банктердің қарауында жатыр. Қорыта айтқанда, жаппай кәсіпкерлікті дамыту міндеті заман талабынан туындап отыр. Бұл бағытта мемлекеттің нақты қолдаулары әрбір азаматты ынталандырса игі.

Нұрлан Көпбаев,
аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы

Таңдаулы материалдар

Close