Qoǵam
Күзгі әскерге шақыру басталды
Еліміз бойынша күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Отан қорғауға аттанатын бозбалалар алдымен медициналық тексеруден өтіп, денсаулығының жарамдылығы туралы сыннан өткеннен кейін әскери бөлімдерге жөнелтіледі.
Бұл кезеңде ауданның 1992-2001 жылы туған 100-ге жуық азаматы әскер қатарына аттанбақшы. Жақында осы шараға орай Жамбыл облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің ұйымдастыруымен нұсқаулық-әдістемелік жиын өтті. Шараға шақыру мамандары, медицина комиссиясының төрағалары, жергілікті әскери басқару органдарының бастықтары, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Күзгі әскерге шақыру науқанын сапалы, әрі уақтылы орындау мақсатында комиссия әр шақырылушыны жеке-жеке қарастырып, алған білімін, мамандығын ескереді. Отбасы жағдайын сараптап, денсаулығының жарамдылығын басты назарға ала отырып, оны әскер қатарына қабылдау-қабылдамау туралы шешім қабылдайды. Сонымен қатар жасақтау экстерриториалды принципке сәйкес жүзеге асырылады, яғни шақырылушы өзге облысқа аттандырылады.
Отан алдындағы борышын өтеуді қасиетті парызым деп білетін, моральдық және психологиялық тұрғыдан мықты, физикалық жағынан мығым азаматтарға басымдық беріледі.
Мерзімді әскери қызметке шақыру желтоқсан айының соңына дейін жүргізіледі.
Марлен Тоқсейіт,
Жуалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі
бөлімі бастығының орынбасары, майор