Qoǵam

Құқық бұзушылықтың алдын алу – басты міндет

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегендей, әр ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақытта немен айналысатынына қатаң бақылау жасаса, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне көп септігін тигізер еді. Ал, енді кейбір ата-аналардың бала тағдырына алаңдамауынан, оларды өз бетімен қалдырып, мектептен тыс бос уақытта немен шұғылданып жүргенін қадағаламауы салдарынан қылмыстар орын алады.
2019 жылдың екі айында кәмелетке толмағандардың қолымен жасалған қылмыстардың алдын алу мақсатында жүргізілген түнгі рейдтер барысында сағат 23.00-ден кейін жасөспірімдердің заңды өкілдерінсіз үй-жайдан тыс жерде жүргені үшін 60 (2018 жылы – 53) жасөспірім ұсталып, заңды өкілдеріне ҚР ӘҚБтК 442-бабының 2 бөлігімен әкімшілік хаттамалар толтырылып, әрқайсысына ескерту жасалған. Жасөспірімдерге алкогольдік және темекі бұйымдарын сату арқылы қоғамға қарсы іс-әрекеттерге итермелейтін ересектерді анықтау барысында Қазақстан Республикасы заңнамасының темекі өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзған екі дүкеннің сатушысына ҚР ӘҚБтК 133-бабының 1 бөлігімен (2018 ж. – 1) «Он сегіз жасқа толмаған адамдарға темекіні және темекі бұйымдарын сату және оларды сатқаны» үшін хаттама толтырылып, жиналған іс-құжаттар шешімін табуы үшін Тараз қалалық ювеналдық сотына жолданып, соттың шешімімен кінәлі тұлғаларға 15 АЕК (37 825 теңге) көлемінде айыппұл салынған.
Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК 200-бабының 3 бөлігімен, яғни этил спиртінің көлемді үлесі 30 пайыздан асатындарын сағат 21-ден келесі күнгі сағат 12-ге дейін өткізген бір дүкен сатушысына (2018 жылы – 0) қатысты жиналған іс-құжаттар Жуалы аудандық сотына жолданып, соттың шешімімен кінәлі тұлғаға 25 АЕК (63 125 теңге) көлемінде айыппұл салынды.
Жеке тұлғалардың демалысы мен тыныштығына кедергі келтірген бір жасөспірім анықталып, заңды өкіліне ҚР ӘҚБтК 437-бабымен (2018 ж.- 0) хаттама толтырылып, жасөспірімнің заңды өкіліне 5 АЕК (12 625 теңге) көлемінде айыппұл салынса, қоғамдық орындарда масаң күйде жүрген бір жасөспірім (2018 жылы – 0) анықталып, заңды өкіліне ҚР ӘҚБтК 440-бабының 2-бөлігімен хаттама толтырылып, 5 АЕК (12 625 теңге) көлемінде айыппұл салынған. Қадағалаусыз және панасыз қалған жасөспірімдерді анықтау мақсатында жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында ата-анасының қадағалауынсыз қалған 1 (2018 жылы – 1) жасөспірім анықталып, Тараз қалалық кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталығына орналастырылған.
2019 жылдың екі айында аудан аумағында кәмелетке толмағандар арасында өз-өзіне қол жұмсаудың бір дерегі орын алған (2018 жылы – 0). Атап айтқанда, 23 қаңтарда, кешкі сағат шамамен 18.00-де Көлтоған ауылындағы Рысбек батыр көшесі №15 үйдің тұрғыны №8 С.Бәйтіков атындағы орта мектептің 8 сынып оқушысы, 2005 жылы туған жасөспірім Әуесбек Диас сабақтан келіп, киімін ауыстырып, түскі асын ішіп болған соң, сыртқа шығып, «атқа мініп келемін» деп үйден шығып кеткен. Содан соң аталған үйдің ауласындағы сарайда жіпке асылып, қайтыс болған.
Жуалы аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Мергенбай Қойкенов №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда кәмелетке толмағандардың ата-аналарымен өткен кездесуде жасөспірімдердің қолымен жасалған осындай құқық бұзушылықтардың мән-жайын баян етті. Жиынға аталған оқу орнының басшылығымен және оқушыларымен қатар аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Мәжит Айжанов қатысты.
Мергенбай Бірлікұлы жиында егеменді де өркениетті елдің бүгіні мен ертеңін өрге бастар мемлекетіміздің жас өрендері екенін еске сала келе, бүгінгі құқықтық мемлекетімізде әрбір адамның өз құқықтарын жете біліп, жалпы заң білімі саласынан мағлұмат алғаны дұрыс екенін атап көрсетті.
– Заңды аттамай, тура жолмен жүріп, еліне адал қызмет еткен азамат қана мұратына жетеді. Ал, заңды білу – заман талабы. Бүгінгі таңда қоғам алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл қазір көкейтесті мәселенің біріне айналып отыр. Жас жеткіншектердің қылмысқа баруы тек құқық қорғау органдарының ғана емес, ата-ананың, мектептің, басқа да мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың қадағалауын талап етеді. Себебі, психолог мамандардың зерттеулеріне сүйенсек, жас баланың саналы азамат болып қалыптасуында оның отбасында, мектеп қабырғасында, көшеде көрген өнегелері ерекше орын алады, – деді өз сөзінде баяндамашы.
Аудандық полиция бөлімінің бастығы Мергенбай Қойкенов кездесуде айтылған ойлар мен атқарылған іс-шараларды қорытындылай келе, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстылықтың тек құқық қорғау органдарын ғана емес, бүкіл қоғамды толғандыратын мәселе болып отырғанын, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтарға жол бермеу және оны болдырмау, алдын алу мақсатында ата-аналармен, жұртшылықпен және басқа да құзырлы органдармен бірігіп, жұмыс істеу керектігін атап өтті.
Кездесу барысында Жуалы АПБ бастығы, полиция подполковнигі Мергенбай Қойкеновке жиналысқа қатысушы ата-аналар тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, барлығына қанықты жауаптар берілді.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close