Qoǵam
Ауылға серпін әкелген бірегей жоба аясында тұрғындар атакәсіпті дамытып отыр
Жамбыл облысының әкімі қызметін атқарған Асқар Мырзахметовтың бастамасымен қолға алынған «Қарапайым заттар экономикасы» қанатқақты жобасы аясындағы маңызды жұмыстар біздің ауданда да қарқынды жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, пилоттық жобаға Ақтөбе ауылдық округі таңдалып алынған болатын. Қазіргі таңда аталған ауылдық округте жұмыс қызу жүруде.
Округте «Атамекен Бастау» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, оған бірқатар шаруа қожалық, аулалар үй іргесіндегі жерлерімен мүшелікке кіріп отыр. Өткен жылдың соңында құжаттар толық рәсімделіп, несие алуға өтініш берілген еді. Соның нәтижесінде, 207 мүшесі бар өндірістік кооперативтің 195-і несиелендіріліп отыр. Бұрыннан берекелі тірліктің басы-қасынан табылатын ақтөбелік ағайын бұл іске де білек сыбана кірісіп кетті.
Жақында ғана көктемгі дала жұмыстары басталып, ұжым 200 гектардан аса алқапқа дән сеуіп үлгерді. Кооперативтің төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Зайырбек Сұлтанмұратовтың айтуынша, алдағы уақытта тағы да 150 гектардай алқапқа арпа, бидай, басқа да дақылдар егілмекші. Жаңа техниканың күшімен үй іргесінде пайдаланылмай жатқан жерлер де тиімді игерілу үстінде.
Күні кеше ғана үй іргесіндегі тың жерге соқа түсті. Біз ауылдағы шаруаның тыныс-тіршілігімен танысу үшін Ақтөбе ауылдық округіне арнайы бардық. Жаңаталап ауылының тұрғындары ерлі-зайыпты Азат Бопақов пен Элмира Исеқұлова 25 соттық жерімен «Атамекен Бастау» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне мүше болып кірген екен. Жылдың басында 2 миллион 300 мың теңге несиеге қол жеткізіп, оған бес бас жылқы сатып алыпты. Сөйтіп атакәсіпті дамытып, тұрмыстарын түземек ниетте. Біз барған күні аталған отбасының үй іргесіндегі жеріне алғаш рет соқа түсті. Олар біраз жылдан бері игерілмей бос жатқан тың жерге жоғары сұрыпты картоп егуді жоспарлап отыр. Үйдің иесі Азат Бопақов денсаулығына байланысты облыс орталығында емделіп жатыр екен. Атқарылып жатқан жұмыстар туралы Азаттың ағасы Самат Бопақов айтып берді.
-Інім біраз жылдан бері жұмыссыз. Келіншегі Элмира балабақшада жұмыс істеген, ол да қазір жұмыссыз. Тұрмыстары да сәл қиындап кетті. Ауылда облыс тұрғындарының тұрмысын көтеру мақсатындағы пилоттық жоба қолға алынған тұста қатты қуандық. Інім мен келінім «Атамекен Бастау» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне мүше болып кірді. Жақында 2,5 пайызбен несие алып, оған жылқы алды. Енді үй ауласындағы жерге картоп егеміз. Бұл жұмыстарға мен де қолғабыс жасаймын. Себебі, інімнің денсаулығы жақсы емес. Біріккен істе береке болатынына көзіміз жетіп отыр. Аянбай еңбек етсек, қолға алған жұмысымыздың жемісін көреміз,- дейді Азат Бопақов.
Сонымен қатар, Жаңаталап ауылында Нұржан Әбішев, Асқар Сабданалиев, Бәйтерек ауылынан Назира Есмырзаева, Аманбек Есмұратов, тағы басқа азаматтар жоба бойынша қомақты сомада несие алып, атакәсіпті дамытып отырған жайы бар. Олардың барлығы қанатқақты жобаның басы-қасында жүрген облыс, аудан басшыларына, ауыл азаматтарына алғыстарын жеткізді.
Егіс басында да қызу еңбектің куәсі болдық. Алқаптарға дән себіліп жатыр. Мұнда ауыл тұрғындары Сусарбек Анарбаев пен Қалымхан Момыналиев дәнсепкішке арпа толтырып көмектесуде. Трактор рөлінде жас механизатор Нұрлан Әділбеков отыр.
-Ақтөбе ауылдық округі бойынша «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы» пилоттық жобасы бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтар болсам, бірінші бағыт бойынша үй іргесіндегі 444 ауланың 67,5 га жерін тиімді пайдалану болатын. Үй іргесіндегі 494 ауланың 35 ауласында қоражайлар салынған, 15 аулада жер телімдері пайдаланбайды. Себебі, суғармалы су жеткіліксіз. Барлығы 11,0 гектар. Ал екінші бағыты мал шаруашылығын тиімді жүзеге асыру.
Ауыл тұрғындарынан барлығы жоспар бойынша 195 өтінім келіп түсті. Жалпы жоспарлы сома – 771,5 млн теңге. 220 құжат өткізіліп, өткізілген құжаттар-198, бастартқандар саны-25. Жұмыстың орындалуы 105 пайызды құрап отыр.
Үшінші бағыт бойынша елдімекендерден тыс жерлерді пайдалану бойынша 38 майда шаруа қожалық 718 гектар жерімен кооперативке қосылып, бірге пайдалану үшін ұсыныс берілді. Үй іргесіндегі жерге – 13,50 млн теңге, ауыл сыртындағы жерлерді пайдалануға 36,50 млн теңге беріліп қазіргі таңда тиісті жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінгі күнге күздік бидайдың «Ермак» сұрыпты элиталы тұқымның төрт тоннасы кооперативке алынып, яғни 20 гектарға күздік бидай егілді. Бүгінгі күнге 200 гектарға арпа егу жұмыстары қарқынды жүргізілуде,- дейді Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Арабхан Заппаров.
Кәсіп болмай нәсіп болмайтыны бесенеден белгілі. Ауылдарда атакәсіп пен егін шаруашылығы жоғары деңгейде дамитын болса, «қара шаңырақтың» түтінін түтетіп отырған ағайынның да тұрмыс жағдайлары түзелетіні анық. Бұл ретте, облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасының берері мол болмақ. Қазір көктемнің шуағы молынан төгіліп, жер ана да бусанып жатыр. Бұл алда қызу жұмыстың, еселі еңбектің басталатынынан хабар беріп тұрғандай. Ендеше, іске сәт, ауылдағы шаруақор ағайын!
Нұржан Манасұлы,
“Жаңа өмір”