Qoǵam
Кәсіпкерлік жобаларға мемлекеттен қолдау көп
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында Үкімет жұмысының басты басымдықтарының бірі ретінде жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру мен жұмыспен қамту ауқымын кеңейтуді белгілеп бергені белгілі. Оған қоса, агроөнеркәсіп кешенін, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамыту мен экспорттық әлеуетті әртараптандыру жөнінде бірқатар тапсырмалар берген-ді.
«Үшінші. Тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі. Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады.
Сондай-ақ, жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді. Сондықтан мемлекет алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсете береді. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді» деп атап көрсетілген Жолдауда.
Төменде аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Нұрлан Көпбаев өңірдегі кәсіпкерлік және өнеркәсіп салаларының дамуы туралы былай дейді:
– Облыстық статистика басқармасының ақпаратына сәйкес бүгінде аудан аумағында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 4525-ке жетіп, былтырғы жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 110,4 пайызды құрап отыр. (2019 жылы 4097 субъект). Оның ішінде екі орта, 148 шағын кәсіпорын (заңды тұлғалар), 1965 жеке кәсіпкер және 2410 шаруа қожалығы жұмыс жасауда.
Жалпы тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2019 жылдың қаңтар-мамыр айының қорытындысымен 4436 болса, 2020 жылдың осы мерзімінде тіркелген кәсіпкерлік субъектілер саны 4800-і құрап отыр, яғни 108,2%.
Осы кәсіпкерлік субъектілерден 6 ай қорытындысы бойынша бюджетке 342 млн. 385 мың теңге салық түсірілді.
Облыстық басқарма мен аудан әкімдері арасындағы 2020 жылға арналған келісімдерге енгізілген жоспарлы нысаналы индикаторлардың орындалуына аудандағы кәсіпкерлер барынша жұмыс жасауда. Мәселен, ағымдағы жылдың бес айының қорытындысына қарағанда ауданда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4 092,2 мың теңгені құрап, былтырғы жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда НКИ 100,3 пайызды құраған (2019 ж.- 3 510,0 мың теңге). Сонымен қатар, қазіргі уақытта негізгі проблемалық сұрақтардың бірі ауданға тартылатын инвестицияның көлемін ұлғайту, ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларында 2 055,2 млн тенге (2019 ж 2 345,1 млн теңге) инвестиция салынып, былтырғы жылғы есепті мерзімімен салыстырғанда 85,3% құрап отыр. Ал, қаңтар-маусым айларына жоспарлы индикаторлық көрсеткіш 3 546,5 млн тенге.
Осы мақсатта ауданға инвестиция тарта отырып, жаңа өнеркәсіп нысандарын ашу, соның ішінде өңдеу өнеркәсібін дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында біршама жұмыстар атқарылуда. Мәселен, Жамбыл облысында 2019-2025 жылдары аралығында 2 581,1 млрд теңгеге іске асырылуы жоспарланып отырған 70 инвестициялық жобаның ішінде Жуалы ауданына қатысты бес инвестициялық жобалармен жұмыстар жүргізілуде.
Олар, «Қаралма» тау шаңғы туристік базасының құрылысы, жоба құны 3 800,0 млн теңге, іске қосу мерзімі – 2020 жыл, 1200 бас мүйізді ірі қара малына арналған сүт тауарлы фермасының құрылысы («Гамбург» ЖШС), жоба құны 1 000,0 млн.тн., іске қосу мерзімі – 2020 жыл, Берікқара шатқалындағы «Тау самалы» туристік кешенінің құрылысы, жоба құны 800,0 млн. тн., іске қосу мезімі – 2020 жыл, сонымен бірге Билікөл ауылдық округінен күн сәулесінен электр энергиясын өндіру жобасының құрылысы, жоба құны 38 000,0 млн. тн., іске қосу мерзімі – 2021 жыл және «Көксай» каналының бойынан қуаттылығы 18 мВт. құрайтын кіші су электр станциясының құрылысы», жоба құны 5 000,0 млн.тн., толықтай аяқталу уақыты – 2021 жыл және «SOUTH ROAD» ЖШС-ның Шақпақ ауылдық округіне қарасты Амансай ауылындағы таулы аймақтан әктасты жыныс, доломит және минералды ұнтақтар шығаратын өндіріс орнын ашу жобасы және «ШақпақЖолсервис» ЖШС-ны «Битум зауытын қайта жаңғырту» жобаларын іске қосу жоспарлануда.
Былтырғы жылы сынама ретінде іске қосылған сүт өнімдерін шығаратын жаңа кәсіпорын («LF Kompan» ЖШС) ағымдағы жылы қайта жаңғыртылып, қосымша цехтар соғылып, ауданға тіркеліп, жұмысын қайта жандандыру жоспарлануда.
Сонымен қатар, осы жоғарыда көрсетілген барлық инвестициялық жобалардың өзіндік объективті және субъективті проблемаларға байланысты жоспарлы мерзімде іске қосылмай қалу қаупі туындап отыр. Негізгі проблемалық мәселелердің бірі – қаражаттың жетіспеушілігі. Мәселен, жоғарыда көрсетілген Билікөл ауылдық округіндегі күн сәулесінен электр энергиясын өндіру жобасының құрылысы туралы айтар болсақ, серіктестік басшысының ақпаратына сәйкес, жобаға қызығушылық білдірген түрік инвесторлары ҚР Энергетика министрлігі шетелдік компанияның құйған инвестициялық қаржысының қайтарылу мерзімі туралы келіссөздерді созбалаңға салған.
Ал «Битум зауытын қайта жаңғырту» жобасында туындап отырған үлкен кедергілердің бірі – 2014 жылдың маусым айында «Шақпақ» станциясында жүк пойызының жолдан шығып кетуі салдарынан бүлінген теміржол тұйығын қалпына келтіру кезінде жіберілген кемшіліктер. Осы мәселе бойынша «ШақпақЖолсервис» ЖШС-ның басшылары мен «ҚТЖ ҰК» АҚ-ның Жамбыл бөлімшесі арасында жүргізіліп жатқан келіссөздер біраз уақыттан бері өз нәтижесін бермей отыр және т.с.с.
Шағын кәсіпкерлік субъектілерін несиелендіру жұмысы тұрақты жолға қойылып келеді. Ауданда бүгінгі күнге 4 шағын микрокредиттік ұйым кәсіпкерлік субъектілеріне несие тарату қызметімен айналысады десек, 2020 жылдың қаңтар-маусым айларында осы ұйымдар барлығы 2 293 адамға 1, 405 млрд теңге несие таратты (2019 жылдың осы мерзімінде 1905 адамға 1 056350 мың теңге, яғни былтырғы жылмен салыстырғанда адам саны да, берілген қаражаттың сомасы да артып отыр).
Соның ішінде, «KazMicroFinance» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Жуалы ауданындағы бөлімшесі 1701 адамға 992,5 млн. теңге несие берсе, «Жуалы» несие серіктестігі» ЖШС 14 адамға 107 млн 026 мың теңге, «Азия несие қоры» ЖШС 252 адамға 101, 2 млн теңге, «Арнұр-Кредит» ЖШС микрокредиттік ұйымы 326 адамға 205 млн теңге несие таратқан.
Ағымдағы жылы да «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында пайыздық мөлшері субсидияланатын несие алу, кепілдік беру және инфрақұрылымды дамыту мақсатында да жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, 2020 жылдың 6 айында нақты үш жобамен жұмыстар жүргізіліп, «Даму» ҚДҚ» АҚ-мен келісім жасалып, барлығы 127,0 млн теңге несиеге қол жеткізілді. Олар, «Атамекен» сауда-өндірістік компаниясы» ЖШС 102,0 млн теңгеге екі келісім және «Зылиха» ШҚ 25,0 млн теңге.
Сонымен қатар, осы бағдарлама аясында Ақтөбе ауылдық округінен «Нұр-Әділет» ШҚ өндірістік обьектісіне инфрақұрылым (электр желісі) жүргізу мақсатында қажетті құжаттарды рәсімдеуде.
Аудан әкімінің 2018 жылғы 29 қыркүйектегі №245 «Аудандағы халық тұтыну тауарларының және жанар-жағар май бағаларын реттеу жөніндегі штаб құрамын құру туралы» қаулысымен құрылған аудандық штаб мүшелері тұрақты түрде сауда нүктелерін аралап, әлеуметтік маңызды тауарларға бағаны негізсіз көтермеу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізе отырып, баға мониторингін жүргізуде. Тұрғындарды азық-түлікпен қолжетімді бағада қамтамасыз ету үшін, негізгі әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына үстеме бағаны 10 пайыздан артық көтермеуге, аудан орталығындағы үлкен 11 көтерме сауда дүкендері егелерімен меморандум жасалынды. Сонымен қатар барлық ауылдық округ әкімдеріне өз елді мекендеріндегі дүкендерде азық-түлік тауарларының сатылым бағасын қадағалап, мәлімет беріп отыру тапсырылған.
Жазып алған
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»