Qoǵam
Сауықтыру жәрдемақысын алуға құқылысыз
Мен, білім беру ұйымында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс атқарамын. Басқа білім беру ұйымында 8 сағатым бар. Сауықтыру жәрдемақы негізгі жұмыс орнынан төленеді. Сұрайын дегенім, екінші жұмыс орнымнан сауықтыру жәрдемақысын алуға құқығым бар ма?
С.К.
Б.Момышұлы ауылы.
Сұраққа Жуалы аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының құқықтық инспекторы Гүлжан Болатқызы Орымбаева түсініктеме береді:
Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің 1-бабы 56) тармақшасына сәйкес қоса атқарылатын жұмыс – жұмыскердің негізгі жұмысынан бос уақытында еңбек шарты жағдайында тұрақты, ақы төленетін басқа жұмысты орындауы.
«Жуалы ауданы әкімдігінің білім бөлімі» КММ-не қарасты мемлекеттік мекемелер және қазыналық кәсіпорындар мен Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің филиалы «Жуалы аудандық комитеті» арасында 2021- 2023 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік туралы ұжымдық шарттың 6.5.21 тармағына сәйкес оқытуды жүргізетін мұғалімдер мен өзге педагогикалық қызметкерлер үшін нақты оқу жүктемесінің артуы жұмыстарды қоса атқару түрінде қабылданып, одан туындайтын барлық құқықтық нормалар сақталады деп белгіленді.
Сіз ағылшын тілі пәнінің мұғалімі ретінде екінші жұмыс орнынан жұмысыңызды тұрақты еңбек шартын жасап лауазымдарды қоса атқару арқылы, негізгі жұмыс орны бойынша лауазымыңыздың жұмыс уақытынан бос уақытта орындасаңыз, осы жағдайда Сізге екінші жұмыс орны бойынша атқаратын жұмысыңыздың көлеміне қарай (8 сағат) есептеліп сауықтыру жәрдемақы төленуге тиіс.