Qoǵam

Аудан бюджеті нақтыланды

Аудандық қоғамдық кеңес консультативтік-кеңесші, байқаушы орган болғандықтан, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің тиімділігін, ашықтығын және айқындығын арттыруға міндетті («Қоғамдық кеңестер туралы» ҚР Заңынан). Осыған байланысты мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жұмысы, сондай-ақ, аудан бюджетінің орындалуы бойынша мониторинг жасау, оны бақылап, қадағалау қоғамдық кеңестің құзыретінде.

Аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысын ашып жүргізіп отырған оның төрағасы Сейітхан Жұмашев күн тәртібіндегі «2019 жылға арналған аудан бюджетін нақтылау жобасының түсіндірме жазбасын қарау және келісім беру туралы» мәселені бекітіп, сөзді аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлбара Бекмұрзаеваға берді.
Баяндамашы ҚР Бюджет кодексінің 109-бабына, «ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» ҚР Заңының алтыншы бабына және Жамбыл облыстық мәслихатының 2019 жылғы 17 шілдедегі «Жамбыл облыстық мәслихатының 2018 жылғы 13 желтоқсандағы «2019-2021 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы №30-3» шешіміне өзгерістер енгізу туралы» №37-3 шешіміне сәйкес аудан бюджетін нақтылауды ұсынамын дей келе, облыстық бюджеттен берілген трансферттердің қысқартылуы және республикалық бюджеттен берілген трансферттердің қаралуы бойынша толық айтып берді.
Қоғамдық кеңес мүшелері талқылау барысында көптеген сұрақтар қойып, оларға нақты жауаптар алды. Одан кейін бірауыздан қолдау көрсетіп, алдағы өтетін аудандық мәслихаттың сессиясында бекітуге келісімді беру ұйғарылды.

Гүлмира Дембаева,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close