Qoǵam
«БАУЫРСАҚ party» іс-шарасы өтті
Дәстүр – адамдардың іс-әрекетін, көзқарасын, рухани болмысын реттеу мәселесінде негізгі рөл атқарып, тәрбие негізін қалауға көмектеседі. Кез келген дәстүр белгілі бір заманда өзінің өмір сүру заңдылығына толық ие болғаннан кейін ғана әрмен қарай жалғасын тауып, келер қоғамнан тұрақты орын алады. Демек, біздің қазіргі қоғамда қолданылып жүрген қазақтың әдет-ғұрыптары мәңгілік өмір сүру құқығын алған салт-дәстүрлер деп айтуға толық негіз бар.
Қазақ халқының салт-дәстүрлері ата- бабаларымыздың тіршілік кәсібіне, наным-сеніміне және дүниетанымына орай туындап отырған.
«Ата салтың – халықтық қалпың» демекші, өз ұлтымыздың қадір-қасиетін, ой-өрісін танытатын салт-дәстүрімізге мейлінше құрметпен қарап, оларды қастерлеу елдігімізге сын. Қазақ елін өзге жұрт сыйлап, бағаласын десек, алдымен өзіміз ұлттық салт-дәстүрімізді ардақтай білейік. Ертеңгі ұрпағымыз ұлтжанды, отаншыл болып өссін десек, ата дәстүрімізді ардақтауға үйретейік. Жас жеткіншектердің бойына ұлттық тәрбие нәрін ертең емес, бүгін сіңірейік.
Осы орайда, Ақтөбе ауылдық клуб мамандарының ұйымдастыруымен ауылдағы ақжаулықты әжелер мен жас келіндердің және балалардың қатысуымен «Дәстүр мен ғұрып» жобасының аясында ана тіліміздің мәртебесі мен ұлттық дәстүрді және ұлттық тағамдарды дәріптеп, ас атасы нанымызды, қазақ халқының ұлттық бренді – бауырсақтың түрлері мен жасалу жолдарын таныстыру мақсатында «БАУЫРСАҚ PARTY» іс-шарасы өтті.
Әр қатысушылар өздері дайындаған дастарқанның сәнін келтіретін бауырсақтың түрлері және жасалу жолдарымен таныстырып, көрермендерге бауырсақ таратты. Бауырсақтан дәм тату үшін балалар алдымен қазақ тілінде туған жер, салт-дәстүрлер туралы мақал-мәтелдер, Отан туралы өлеңдер айтып берсе, әжелер мен аналар жақсы тілектерін айтып, баталарын берді.
Сондай-ақ, іс–шарада «Ақ әжелер» әуесқой клубының мүшесі Ұлдан Мұстафаева «Тамаша» әнін орындаса. Қызыларық ауылдық клубының үйірме жетекшісі Еркін Жүзбаев «Жолыққан қандай жақсы» әні мен М.Ахметовтың «Жуалым» әнін орындап берді.
Іс-шараны аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Гүлжан Досмұрзаева қорытындылап, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғысын білдірді. Шара соңында аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы директорының Алғысхатымен және клуб ұжымының дайындаған сыйлықтарын табыс етті.
Ақтөбе ауылдық клубы