Qoǵam

Әке – отбасының тірегі

Жақында Ақмола облысы Бурабай ауданында осындай тақырыппен IV республикалық әкелер форумы өтті. Бұл игі шара елімізде жыл сайын отбасы құндылықтарын дәріптеу, жанұядағы қарым-қатынасты нығайту, ұрпақ тәрбиесіндегі тәжірибелерімен өзара алмасу мақсатында ұйымдастырылады.

Форумға еліміздің түкпір-түкпірінен 150-ге тарта делегат қатысты. Яғни, үлгілі әкелер, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, халықаралық ұйымдар, БАҚ өкілдері және тағы да басқалар. Мұндай ауқымды шараға қатысушылардың қатарында Жуалы аудандық №7 өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Кеңесбек Абдраимов та болды.
Ол өмірлік жары Самал Әшірбекова екеуі отбасында жеті баланы дүниеге әкелеп, тәрбиелеуде. Көпбалалы отбасы туралы аудандық газеттің бірнеше санында мақала жарық көріп, оқырман назарына ұсынылған болатын. Жалпы кез келген отбасының ұстанымы балаларға бүкіл өміріне сабақ боларлық дұрыс бағыт-бағдар, өнегелі тәрбие беру десек, Абдраимовтар отбасының бұл ретте өзіндік ерекшеліктері бар. Осындай өмірлік қағидат негізінде олар республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының аудандық, облыстық кезеңдеріне қатысып, бірнеше аталымдар жеңімпаздары атанған болатын.
Осы орайда, біз әкелер форумынан оралған Кеңесбек Өмірбекұлымен телефон арқылы тілдесіп, жиыннан алған әсерімен бөлісуін сұраған едік.
– Қазақстанның Швейцариясы саналатын қасиетті Көкше төріндегі Бурабайда өткен форумнан алған әсерімді сөзбен жеткізе алмаймын. Жан-жақтан жиналған көрегенді, парасатты қарапайым жандармен, зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, тәжірибе алмастық.
Бізді жылы қарсы алып, Бурабайдағы қонақүйге орналастырды. Бұл жердің табиғатының өзі бір керемет! Саф алтын ауасы, жасыл желегі, тұнық көлі, бәрі-бәрі адамға күш-қуат береді екен. Көкшенің көркем табиғатымен танысып, демалыс орындарын аралап жүргенде керемет бір демалып қаласың.
Ал, форум таңертеңнен кешке дейін өтті. Ұзақ болса да адамды жалықтырмады. Себебі, мұнда әкенің отбасындағы, қоғамдағы рөлі талқыланды. Тартысты әрі қызықты әңгімелер мен ой-пікірлер ортаға салынды. Отбасында саналы ұрпақ, тәрбиелі бала өсіру үшін әке мен ананың рөлі, баланы қиын сәттерден шығару, әкеге отбасын материалдық-қаржылай жағынан қамтамасыз ететін жан ретінде қарау, тағы да басқа өзекті мәселелер көтерілді. Сонымен қатар, жалғызбасты әкелердің құқықтары жөнінде кеңінен қозғалды. Оларға қандай көмек керектігі, қандай әлеуметтік жәрдемақылар болатыны талқыланды. Сондай-ақ, бала асырап алған әкелер өз тәжірибелерімен бөлісті. Мәселен, Петропавл қаласынан 40-тан астам бала асырап, тәрбиелеп өсірген азаматтың қайырымды ісі көпшіліктің көңілінен шықты. Бала асырап алған азаматтардың қатарында Жамбыл облысының өкілі де бар екен. Жандары мейірімге, әкелік қамқорлыққа толы азаматтардың патриотизмі мені таңқалдырып, үлкен ой салды. Жалпы, қазақта әкенің берген тәрбиесін ешқандай мектеп алмастыра алмайтыны жиі айтылады. Бұл рас. Бала әкені ардақтап, құрметтеп, үлгі тұта білуі керек. Оның қамқорлығын жан дүниесімен сезінсе, отбасы бақытқа бөленеді деп ойлаймын, – деп Кеңесбек Өмірбекұлы форум туралы кеңінен айтып берді.
Кеңесбек Абдраимовтың сөзінен форум ол үшін өте пайдалы әрі маңызды болғанын аңғардық. Осындай маңызды шараға қатысып, тәжірибе жинақтағанына біз де қуандық. Ендеше, Абдраимовтарға отбасы бақытын, шаңырағына бақ-береке, ынтымақ тілейміз. Жетер жетістіктері, бөлісер ойлары көп болғай!
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close