Qoǵam

«Жаңа өмірде» тұлпардың ізі қалған…

«Жуалының түкпірінде ауыл бар,
Ей, бұлттар, сонда барып жауыңдар.
Сол ауылда Қыдыр дарып, Бақ қонған,
Ағайын бар,
Ауылдас бар,
Бауыр бар…».
Өмірден ерте озған ақын-композитор, ғажайып дарын иесі Бауыржан Үсенов жұлдызы биік Жуалы ауданының ең түкпірінде орналасқан өзі туып-өскен қасиетті Қошқарата ауылын осылай жырға қосып еді. Қашанда асқақ армандар мен кіршіксіз тұнық сезімдердің барлығы туған ауылдан басталатыны сияқты Бауыржан ақынның бойына да туған жердің қасиетті топырағынан кие дарып, үлкен өмірге, әдебиет әлеміне қанат қақтырғаны анық.
Қазақ поэзиясында жасындай жарқ етіп, өмір көгінен құйрықты жұлдыздай ағып өткен ақынның бірі – Бауыржан Үсенов болатын. Ол сегіз қырлы, бір сырлы талант иесі еді. Бәлкім, тағдыр соны көпсінді ме, сұм ажал оны нағыз бүр жарып тұрған шағында алды да кетті. Ол бар-жоғы 31 жыл ғана өмір сүрді. Соңында тау бұлағындай мөлдір өлеңдері, сазды әндері қалды. Егер аман болғанда Бауыржан қазақтың маңдайалды ақындарының бірі болып жүрер еді. Тәуелсіз елімізді өз жырларына арқау етіп, әлі де адамзатты таңғалдырар тамаша шығармалар тудырар еді… Әттең. Маралтай ақынның сөзімен айтсақ, қай заманда да ақындарға өмір тар…
Әлемде қазақтан асқан көреген, қазақтан ырымшыл халық жоқ шығар, сірә. Бауыржан дүние есігін ашқанда әкесі Мұқан атай баласын орыстың жазушысы Николай Островскийдің «Құрыш қалай шынықты?» деп аталатын кітабының парағын жыртып алып ауыздандырыпты. Алайда, Мұқан атай баласы Бауыржанның дәл осы Островскийдің жасында бақилық болатынын сезген жоқ еді…
Жылдар өтіп жатты. Бауыржан ат жалын тартып мінгеннен-ақ ел аузына ілігіп, тамаша ақын атанды. Алланың берген дарыны мен үнемі ән салып тұратын туған жердің тамаша табиғаты оны ақындық жолға салды. Тырнақалды өлеңдері аудандық «Жаңа өмір» газетінде, басқа да республикалық әдеби газеттерде жарық көріп, есейген жылдары республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты болды. Алматыдағы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген соң аз ғана уақыт аудандық газетте жұмыс істеді. Бір өкініштісі, Бауыржанның жалын атқан жастық, студенттік жылдары 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасымен тұспа-тұс келді. Тәуелсіздігіміздің бастауы болған сол оқиғаға қатысып, сондағы алған бүйрек жарақатынан айыға алмай, бақиға кете барды. Ақынды ел жер қойнына тапсырып, қырқы өтіп жатқанда әкесі Мұқан атай: «-Арман-ай! Анау Лев Толстой деген шалдың да кітаптарын көп оқушы едім. «Соғыс және әлемін», «Анна Каренинасын» да, басқасын да оқитынмын. Бауыржанды неге сол қаба сақал шалдың кітабымен ауыздандырмадым деп арман қыламын қазір. Мынау Островский дегенің 32-ақ жыл өмір сүріпті ғой. Өмірі қысқа болары қаперіме келмегенін қарашы»,- деп дауасыз арманын айтыпты дейді елге.
Бауыржан Үсеновтың алғашқы балауса өлеңдерін 1976 жылы «Жаңа өмір» газеті жариялап, таланттың тұсауын кеседі. Бұл туралы газеттің редакторы болған ақын-композитор Мырзахан Ахметов былай деп еске алады. «Бауыржан атын атасам мұнан ширек ғасыр бұрынғы мына сурет көз алдымда көлбеңдеп, көкейімде қимастық сезімнің сыбызғысы сыңсиды. …1976 жыл. Әскер қатарына жаңа оралып, Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетінде қызмет істеп жүрген кезім. Бір күні газет жұмысымен ауданның ең түкпіріндегі ХХІІ Партсъезд атындағы колхозға сапарға аттандым.
Маңдайынан май тамған мамыр айын мамыражай маусым айы жаңа ғана алмастырған шақ еді. Жер жаннаты – Жуалы өңірінің жап-жасыл боп жасанып, бой жеткендей толықсып, масатыдай құлпырып, құбылып тұрған мезеті. Көкорайлы тау мен дала гүлзар баққа айналғандай. Табиғаттың көңіл қытықтар, жүрек тебірентер, сезіміңді сергітер осы бір сиқырлы суретіне автобус терезесінен сұқтана қарап, елтіп келе жатқанымда аудан орталығынан 60 шақырым жерге қоныс тепкен Қошқарата ауылына қалай жеткенімді де аңғармай қалған екенмін. Колхоз кеңсесінен тірі пенде таба алмай алғашында абдырап қалсам да, қазіргідей қым-қуыт науқан кезінде бұл жерге кештетіп келгеніме өзім де қысылғандай болдым. «Қой бүгін осында түнеп, шаруашылықтың басшыларына ертең ертелеп жолығайын» деп, осы ауылда тұратын досым Талғат Өтегеновтың (Айтбайұлы) үйіне қарай аяңдадым.
Көптен көріспеген жан досым құшақ жая қарсы алып, екеуміз әп-сәтте мәре-сәре болдық та қалдық. Шайдан кейін Талғат тосын бір әңгімені бастады.
-Мырзеке, мен саған бір ақын баланы көрсетейін. 9-сыныпты биыл ғана бітірді. Жанып тұрған жас. «Қырықтың бірі – Қыдыр» дегендей, бәлкім, шарапатың тиіп, өлеңдерін газетіңе шығарып, жолын ашып жіберерсің…
Күн ұясына жаңа-жаңа қонақтап, қотандағы қой-қозы енді-енді қораланған апақ-сапақ мезгілде Үсенов Мұқан ағаның ауласына келіп кірдік. Сәлемнен кейін Талғат мені отағасына таныстыра бастады.
-Өркендерің өссін, інішектерім, келгендерің дұрыс болды,- деді Мұқан ағай. – Үйге кіріңдер. Біздің Бауыржан бірдеңелерді «шатпақтап» жүр ғой, әйтеуір. Оқып көріп, ақыл-кеңестеріңді айтарсыңдар, шырақтарым. Әй, әлгі Бауыржан қайда, шақырыңдар бермен, ағаларымен сәлемдессін! Үйге әдеміше аққұба бала еніп, бізбен сәлемдесті де, төменірек барып жайғасты. Мұқан аңқылдаған әлгі қалпымен сөйлеп отыр. Бауыржан кішкентайынан атқа мінуді жақсы көреді екен. Бір жолы әкесі білместік жасап, Бауыржанның көк құнанын біреуге сатып жіберіпті. Сонан бала үш күн бойы жер тепкілеп жылапты. Қазақта сауда бұзу салты жоқ. Оның үстіне көк құнан сол күні-ақ Шаян асып кеткен-ді. Көк құнаны қайта оралмайтынына көзі әбден жеткенде Бауыржан басын әнтек көтеріп, өлең жаза бастаған. Сөйтіп, көк құнан туралы алғашқы өлеңі күлдір-күлдір кісінеп, өмірге осылай келіпті.
Әкесі осы әңгімені айтып отырғанда бала Бауыржанның қабағы лезде тұнжырап, жылтылдаған қап-қара көздері әп-сәтте мұңға толып шыға келді. Көк құнаны көзіне елестеп, жұдырықтай жүрегін қимастық сезім, сұңғыла сағыныш сыздатқан да болар-ау, бәлкім. Бауыржанның сезімтал жүрегін жаралағысы келмеді ме, оның өлеңдерін әпкесі Ботакөз оқыды. Әрине, талабы таудай болса да, әлі де көк шыбықтай көкөрім өренінің өлеңдері төрт аяғын тең басқан шымыр дүниелер еді десе артық айтқандық болар еді. Өлең өнерінің қатпар-қатпар сырларын, ішкі-сыртқы ерекшеліктерін әлі де жете сезіне бермейтін кез келген талапкердің алғашқы жырларының сарыны бар-ды. Бала Бауыржанның ұйқастары ұшқыр-ақ болатын. Ой айтуға деген талпынысы да байқалады.
Сол күні оның үш-төрт өлеңін ала кетіп, аудандық «Жаңа өмір» газетіне өңдеп шығардым. Соның бірі Чилидің азаттық үшін арпалысқан адуынды ұлы, Пиночеттің тас түрмесінде жазықсыз жапа шеккен Луис Корвалан туралы өлең еді. «Азат күн туады басыңа, жеңесің, Корвалан, жеңесің!» деп аяқталатын бұл өлеңнің соңғы екі жолы ғана есімде қалыпты. Өлеңінің газет бетінде жарық көруі қанаттандырды ма, бұдан соң Бауыржан Үсенов редакцияға жиі келіп тұратын болды…
Бауыржанның балауса жырлары тез көгеріп, ерте есейді. 1977 жылдың мамыр айында Жамбыл қаласында жас ақын-жазушылардың облыстық кеңесі болып, оған жаңадан мектеп бітіргелі отырған Б.Үсеновты да ертіп бардық. Поэзия секциясына жетекшілік еткен белгілі ақын Жақсылық Сәтібеков Бауыржан екеуміздің өлеңдерімізге де жақсы баға берді».
Міне, Мырзахан Ахметов Бауыржан Үсеновтің «Маңдайыма жазылған мәңгілігім» атты екінші жыр жинағында жазған алғысөзінде ақын туралы, оның қуатты да шуақты шығармашылығы жөнінде осылай ой толғаған болатын. Ақынның одан кейінгі өмірі де айтулы тосын оқиғаларға толы болды. Студенттік жылдарында әйгілі Желтоқсан оқиғасына қатысты. Одан кейінгі толассыз қуғын-сүргін, сонда алған бүйрек жарақаты, ерте жабысқан ауыр науқас оны алып тынды…
-Бауыржан Үсенов 1990-1991 жылдары аудандық «Жаңа өмір» газетінде жұмыс істеді. Ақын көзі тірісінде: «Біз қазақ халқы өз алдымызға дербес ел болуымыз керек. Батыр бабаларымыздың бөрілі байрағы болғаны белгілі. Еліміздің туы аспан түстес болуы керек. Біз бабалар рухын қайта жаңғыртуымыз қажет» деп тәуелсіздікті жан жүрегімен армандап кетті. Алайда, азаттықты аңсаған ақын еліміздің тәуелсіздік алған қуанышты күнін көре алмай 1991 жылдың 29 шілдесінде бақиға аттанып кете барды,- дейді ақынның жары Гауһар апай өткен күндерді еске алып. Бауыржан аудандық газеттің қара шаңырағында аз ғана уақыт жұмыс істесе де газет бетінде әдебиет, мәдениет мәселелерін қозғап отырған. Сол жылдары ауданда құрылған «Қазақ тілі» қоғамының белсенді мүшесі болып, балабақшалардың қазақ тілінде тәрбие мен білім беруіне атсалысқан айтулы қайраткер азамат.
«Мәңгілікке өзіммен ала кеткен, Менің нәзік жанымды кім түсінер?…» деп Мұқағали ақын жырлағандай, қазақтың қара өлеңі мен өнеріне, ұлттық болмысына адал қызмет еткен Бауыржан ақынның да көптеген армандары өзімен бірге кеткені мәлім.
«Орнында бар оңалар» деген. Бауыржанның үлкен ұлы Талғат әскери қызметте Отанға адал қызмет етіп жүр. Ал, кенже ұлы Мұхамедсалық жеті тілді жетік меңгерген мамандық иесі. Жары Гауһар Тәжікенова ұзақ жылдан бері аудан орталығындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ұстаздық етіп келеді.
Бауыржан Үсеновтың ақындық келбеті, шығармашылығы сөз болғанда алдымен оның сыршыл сезімдерге толы өлеңдері, бабалардың өршіл рухымен суарылған жалынды жырлары бірден ойға оралады. Сан қырлы талант иесі Бауыржан Мұқанұлы Кеңес Одағы тұсында кенжелеп қалған төл өнеріміз – айтыстың да жандануына өзінің мол үлесін қосты.
«Өлді деуге сыя ма, айтыңдаршы? Өлмейтұғын артына сөз қалдырған…» демекші, Бауыржан ақын дүниеден өткен жылы еліміз өзінің төл тәуелсіздігіне қол жеткізді. Арман-ай десеңізші. Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы арман етіп, аңсаған 1991 жылдың желтоқсанына санаулы ғана айлар қалғанда күллі әлемді сыйдырардай болған үлкен жүрек тоқтады. Ақынның Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке арнаған «Желтоқсан» поэмасы «Жалын» журналының жабық бәйгесінің жүлдесіне ие болды. Ақынның артында «Табиғат терезесі», «Маңдайыма жазылған мәңгілігім», «Менің бұлтым» атты сыр мен жырға толы тамаша кітаптары, «Ақ шағала», «Қарлығаш», «Тымырсық» деп аталатын сазды әндері қалды. Әлі де жарық көрмеген прозалық шығармалары баршылық. Өзі туып-өскен қасиетті Қошқарата ауылындағы үлкен көше, сонымен бірге аудан орталығындағы бір көше Бауыржан Үсеновтың есімімен аталады. Дара дарынның осынау бай мұрасы, оның бірегей азаматтық келбеті, аудандық газеттің қара шаңырағында қалған ізі туған елімен бірге мәңгілік жасай бермек…

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close