Qoǵam

Теріс жағасындағы демалыс орны

Елімізде туризмді дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып табылады. Туризмді дамыту арқылы Қазақстанның экономикалық жағдайын жақсартып, бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешуге болатыны белгілі. Қазақстанда туризмді дамыту үшін барлық қажетті мәдени, тарихи, географиялық және климаттық жағдайлар жеткілікті. Жалпы елімізде туризм саласын дамыту мақсатында түрлі шаралар жүзеге асырылып келеді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында да еліміздің тиристік ахуалына ерекше назар аударған. Ұлт жоспарының 57- қадамы туристік кластерлер құруда үздік тәжірибесі бар стратегиялық инвесторлар тартуды міндеттейді.
Жалпы біздің Жуалы ауданында туризмді дамытуға сұранып тұрған табиғаты тамаша жерлер өте көп. Мәселен, бүгінгі таңда нақты жұмыс істеп тұрған «Тау самалы», «Солнечный берег», «Берікқара» жанұялық демалыс орталығына өзіміздің елден ғана емес, шет мемлекеттерден де келіп демалып, табиғатына тәнті болып жатқандар аз емес.
Осыдан екі-үш жыл бұрын Теріс өзенінің бойынан «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының ар жағынан да демалыс орны ашылған болатын. Бұл жер «EthnoVillage» деп аталады. Демалыс орталығы ашылысымен жан-жақтан келіп демалушылар қатары көбейді. Алғаш ашылғанда беседкалар, тапшандар ғана болса, жылдан-жылға мұнда демалуға бар жағдай жасалып келеді.
Жақында демалыс орталығына арнайы бардық. Демалыс орнының басшысы Лейла Үсенбаева бізді қуанышпен қарсы алды.
Демалыс орнына кіреберістен өздеріне өте жақсы демалыс сыйлап, демалып жатқан халықты көрдік. Демалушылардың қарасы көп. Судың жағасында суға шомылып, тамақтанып, түрлі ойындар ойнап, бассейнге түсіп жатыр. Балалар ойын алаңында ойнап жүр.
Кез келген адамға демалыс керек. Оның ішінде табиғат аясындағы алаңсыз демалыстың орны мүлдем бөлек.
Демала білу де өнер. Мәдениетті орында мәдениетті демалу – тәніңді ғана емес, жаныңды да демалдырады. Санаңа сергектік сыйлап, денсаулығыңды нығайтады. Бұл орында демалып жатқандардың көңіл күйі жақсы. Ұнап жатқаны көрініп-ақ тұр.
– Демалыс орталығы 300 кісіге арналған. Орталықтың ашылуы келесі жылы болады. Себебі, орталықта жасалатын жұмыстар әлі көп. Жалпы, бұл жерде футбол, волейбол алаңы, беседкалар, тапшандар, қонақүй бар. Биыл үлкендер мен балаларға арналған бассейн, балаларға арналған ойын алаңы, жаздық терасса соғылып, іске қосылды. Келушілерге барынша жағдай жасауға тырысудамыз. Жаздық терассада үлкен іс-шаралар да өткізіледі.
Қазір халықтың талғамы жоғары. Сондықтан, заманауи үлгідегі қонақүй, үлкен веложол салу, су спортын, су үстінде емдеу шараларын жасауды жоспарлаудамыз. Сонымен бірге саумал, қымызбен емдеуді де қолға алмақпыз. Қысқасы, демалыс орталығы қысы-жазы жұмыс істейтін болады.
Орталықты барынша көгалдандыру, таза ұстау – басты мақсатымыздың бірі. Орталық ашылғалы қаншама гүлзарлар орнатылды. 5000-дай түрлі ағаш көшеттері отырғызылды. Мұның барлығы үлкен еңбек. Дәл бүгінгі таңда аспаздар, даяшылар, бағбандар барлығы 30-ға жуық кісі жұмыс істеуде.
Жаз мезгілі басталысымен мұнда келушілер көбейді. Ауданымыздан ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен келушілер де бар. Тіпті, Германиядан, Кореядан де келушілер болды. Алдағы уақытта жоспарларымызды жүзеге асырып, еліміздегі туризм саласын дамытуға өз үлесімізді қоссақ деген ойдамыз,- дейді Лейла Үсенбаева.
Ауданымыздан осындай демалыс орнының ашылғанына қуаныштымыз. Яғни, бос жатқан жерді гүлдендіріп, кәсіп ашып, еңбек етіп жатқан кәсіпкердің жұмысына тек қана сәттілік тілейміз.

Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close