Qoǵam

Дені сау адам – қоғамның байлығы

Біреулер денсаулықты әсемдікпен, әдемілікпен байланыстырады. Енді біреулер денсаулықты күш-қуат, ерік-жігер, салауатты ой санайды. Тағы бір топ ағзадағы сырқат белгілерін айта бастайды. Шындығында, біздің денсаулығымыз қоршаған ортамызға, тыныс-тіршілігімізге тікелей байланысты.
Қашанда адам денсаулығы алғашқы орында тұруы тиіс. Дені сау, жаны таза адам –қоғамның байлығы. Қазір қоғамда «Жақыныңа жанашыр бол!» деген сөз жиі айтылады. Қазақ халқы: «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық» дейді.

Әйтсе де, дүниежүзіндегі алпауыт елдерді дүрбелеңге салған аты жаман бұл індет өкінішке орай біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Саулық – сақтықта. Сақ жүрсек, сау жүретініміз анық. Осы ретте біз Мыңбұлақ ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, мәдениет саласының ардагері Мұхтар Тұрғымбековпен осы індеттің алдын алу жайында сөйлескен едік.
-Бұл індеттің таралғанына да бір жылдан асып барады. Біздің ауылдық округтің тұрғындары шығарған қаулыларды, санитариялық талаптарды бұлжытпай орындауда. Өткен жылы ардагерлер кеңесі және ауылдағы бас көтерер азаматтармен ақылдаса келіп ауылдағы көпбалалы, аз қамтылған, жетім-жесірлерге қайырымдылық қорын ұйымдастырып, өзіміздің жылда көше-көше болып өткізетін құдайы тамақ берудің орнына қаржылай-қаражат жинап, онда бір миллион теңгедей қаражат жинадық. Бұл қаражатқа барлығы 33 отбасына азық-түлік алып бердік. Қалған қаражатты ауылдағы мешітке өткіздік. «Асарлатып үй салу» жобасы негізінде бір отбасының үйінің шатырын ауыстырып бердік. Биыл да өткен жылғы үрдіс бойынша қаражат жинап, «Асарлатып үй салу» жобасымен аз қамтылған бір отбасына үй сатып алып берсек деп отырмыз,- дейді Мұхтар аға.
Бұл індет құлағанға сүйеніш болуды, қиын-қыстау шақта жан-жағымызға жанашырлық таныту керектігін түсіндірді. Қазіргі таңда әлем елдерінің мүддесі біреу, ол мына індеттің алдын алу, халқын қатерден аман алып қалу болып отыр.
-Біздің ұлттық құндылығымыз ешқашан өз маңыздылығын жоғалтпауы қажет. Жасыратын несі бар, біз соңғы кездері көп ысырапшылдыққа жол беріп кеттік. Ал мына індет өмірдің өткінші екенін, қаншама байлығың, жинаған дүниең болса да артыңда қалатынын көрсетті. Жалпы бұл пандемия біздің өмірімізге үлкен өзгерістер әкелді. Оны қазіргі таңда бәріміз жақсы біліп, түсініп жүрміз. Мұны біздің ауылдық округтің тұрғындары жауапкершілік жүгін сезінеді. Тұрғындар баяғыдай дүрмекке ілесіп той-томалақ жасамауды, үйіне дүйім жұртты жинамауды үйренді. Мейлінше адам көп шоғырланған орындарға бармай, үйлерінде болуға тырысады. Алда келе жатқан Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін әркім өз отбасымен тойлауы қажет. Бұрынғыдай көше-көше болып тойлаудың қажеті шамалы. Амандық болса, тойдың бәрі алда. Бұл пандемиядан да құтылармыз. Індет өршіп тұрғанда біз сақтық шараларын ұмытпай, үнемі медициналық бетпердені тағып жүруіміз қажет. Қазір өзіміздің ауырмай, аман жүргеніміздің өзі той,- деді ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхтар Икрамбайұлы.
«Ауырып, жазылған жан олжа, Жоғалып, табылған мал олжа»,- демекші, сәтін салса, бірлігіміз бен ынтымағымыздың арқасында бұл індетті де еңсереміз. Рухымыз күшті болуы керек. Саламатты өмір салтын ұстанып, пайдалы іспен айналысып, санамызды, жанымызды таза ұстайық.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close