Qoǵam
Кітапханашылар өзара тәжірибе алмасты
«ХХІ ғасыр – мәдениеттің, ғылым мен білімнің ғасыры. Бар білімнің қайнар көзі – кітапхана» деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, кітапхана – барлық ілім, білім бұлағы боп саналатын, кітап, газет-журнал, шоғырланатын рухани орда, талай ғұлама бас иген киелі орын. Бүгінгідей ғылым мен техника, технологияның қарыштап дамыған заманында да кітап, кітапхана өзінің құндылығын жоғалтпай, заманға сай жаңғырып, жергілікті халықпен біте қайнасып, қызметін жаңа жүйемен жалғастырып келеді.
Рухани ошақ саналатын аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде бір аудандық орталық кітапхана, бір ауылдық балалар бөлімі, 23 ауылдық кітапхана жұмыс істейді. Қазіргі таңда мұнда 40 кітапханашы, 20 маман толық бірлікте жұмыс істеуде. Кітапханада жалпы 288 422 дана кітап қоры бар, оның ішінде 156141 данасы мемлекеттік тілдегі әдебиеттер. Сонымен қатар, 20 ауылдық кітапханада цифрландырылған ақпараттық орталықтар халыққа қызмет көрсетуде.
Заман көшінен қалмау бүгінгі кітапханашыларға да қатысты. Яғни, кітапханашы да өз оқырмандарын тарту үшін өзін-өзі дамытып, жаңашылдыққа бет бұруы керек. Осы мақсатта өткен жұмада аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Достық» мәдениет үйінде аудандық, ауылдық кітапхана қызметкерлері арасында «Цифрлы қоғам шеңберіндегі кітапхана қызметі» атты семинар- тренинг өтті.
Семинарды орталық кітапхананың директоры Салтанат Біләнқызы ашып, ауыл кітапханаларының 2020 жылы атқарылған жұмыстарының қорытындылары және дамытудың нақты бағыттары туралы айтып өтті.
Ал, кітапхана директорының орынбасары Айжан Жұманова «8 кесте Microsoft Excel» айлық, тоқсандық есептің жаңа түрімен таныстырса, бірыңғай қорларды пайдалану бөлімінің меңгерушісі М.Ермекбаева халықаралық әмбебап ондық жіктеу-индекстерді құру принципіне тоқталды. Семинарда кітап қорын жіктеу және толықтыру бөлімінің меңгерушісі Жанерке Сейдалиева «РАБИС» бағдарламасы бойынша күнделікті енгізілген дерекқор туралы және оның орындалу барысы туралы ақпарат берді.
Сонымен қатар, әдістемелік бөлім меңгерушісі Күләш Таубалдиева 2021 жылы «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына 30 кітап таңдалғаны туралы айтып өтсе, балалар әдебиеттерімен, кітапханашылар Мөлдір Темірбаева поэзия жанрындағы әдебиеттерімен, Назгүл Серкебаева прозамен, библиограф Ақбөпе Ембердиева драматургиямен, әдіскер Арай Біттібай аударма әдебиеттерімен таныстырды.
Жиын барысында әдістемелік бөлім меңгерушісі Күләш Таубалдиева 2020 жылдың жылдық есептерінің қорытындысы туралы айтып өтті.
Іс-шараға қатысушылар көптеген жаңа, қызықты, ерекше ақпараттармен танысты. Семинардың барысында әріптестердің ашық сұхбаттасуы өтті. Кітапханашылар күрделі мәселелерді талқылай отырып, оларды шешу жолдарын ұсынды.
Семинарды кітапхана директоры Салтанат Біләнқызы қорытындылап, кітапхана қызметкерлеріне алдағы уақытта үлкен жетістіктерге жететіндеріне сенім білдірді.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»