Qoǵam
Табиғат жанашырлары
орманшы-қорықшылар жауапкершілік жүгін жақсы біледі
Адам өзі қоршаған ортамен бірге өсіп, біте қайнасып келеді. Өзі де осы табиғаттың бір бөлшегі десе де болады. Қазіргі күні айналадағы ортаны қорғау мен табиғат байлықтарын тиімді пайдалану баршаның парызы. Біздің бар дәулетіміз де бүгініміз бен болашағымыз да туған өлкенің табиғаты болып табылады. Адам – табиғаттың ажырамас бөлігі. Табиғат пен адам – егіз ұғым. Табиғат тіршіліктің құт-берекесі, ырыс пен мол қазынасының қайнар көзі.
Әсілі мамандықтың бәрі жақсы. Әр мамандықтың өз жауапкершілігі, қиындығы мен қызығы да кездеседі. Орманшы мамандығы аса қадірлі мамандықтардың қатарына кіреді. Онымен өз өмірлерін байланыстырған жандар,әсем табиғатымыздың сұлулығына ғашық және еліміздегі жасыл алтынды сақтап, арттыра түсуді адамдық борышы деп санайтын жандар болса керек. Осы ретте, табиғатпен біте қайнасып, еліміздің орманы мен көлін, өсімдігі мен жануарын қорғап, жойылып кетпеуін қадағалайтын орманшылардың еңбегі зор. Себебі, туған жердің тамаша табиғатын келешек ұрпаққа аманаттау, өлкемізді дамытып гүлдету мақсатында олар тынымсыз еңбек етуде.
Ауданымыздағы іргелі мекемелердің бірі Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі 2002 жылы Жамбыл облысы әкімдігінің №1236 қаулысымен құрылған. Жамбыл облысы әкімиятының 2004 жылғы 29 желтоқсандағы №354 «Жамбыл облысы Әкімінің ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау басқармасы» және «Жамбыл облысы Әкімінің табиғат қорғау бағдарламаларын жүзеге асыру жөніндегі басқармасы мемлекеттік мекемелерін қайта ұйымдастыру туралы және Жамбыл облысы әкімиятының кейбір мемлекеттік мекемелерімен коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындарының атауын өзгерту туралы» қаулыларының негізінде,мекеменің директорлығына Әлижан Мұртазаев 2005 жылы 8 маусымда тағайындалып, бүгінгі таңға дейін қызметін атқаруда.
Жалпы мекеменің жер көлемі 103 861 гектарды құраса, оның ішінде «Қоянды» орманшылығының жер көлемі 73 629 гектар, «Жуалы» орманшылығы жер көлемі 30 232 гектар.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылы қараша айының 10 жұлдызында №1074 қаулысымен Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінде республикалық дәрежедегі «Берікқара» ерекше қорғалатын мемлекеттік табиғи қаумалы құрылған.
Бұл жерден Қызыл кітапқа енген ерекше құнды ағаш-бұта және шөптесін өсімдіктердің 50-ден аса түрін, жануарлардан Қаратау арқары, үнді жайрасын кездестіруге болады. Бұлардан бөлек сібір елігі, қарақұйрық, шошқа, суыры, борсық, жабайы мысық, қасқыр, түлкі, қарсақ, шиебөрі, үкі, дуадақ, шіл, кептер, безгелдек, кекілік, бұлдырық, ұлар, қырғауыл, таутеке, саралақаз, қарақұс мекендейді. Мекеменің орман қоры ауданында Берікқара терегін, грейг қызғалдағын, сексеуіл, қарағаш т.б өсімдіктер мен ағаштарды кездестіруге болады.
Мекемеде штаттық кестеге сәйкес қазіргі таңда 72 қызметкер жұмыс істейді. Бүгінгі күнде мекеменің арнайы саласына сай мамандық иелері көбеюде. Мәселен, бес қызметкер жоғары білімді орман шаруашылығы маманы, үш маман Шымкент аграрлық колледжін арнайы орманшы мамандығымен оқу орнын бітірген. Сонымен қатар, екі маман сырттай арнайы оқу орнында білімдерін шыңдауда. Мекеме қызметкерлері арнайы киімдермен, орманшы үйлерімен қамтамасыз етілген. Сегіз орманшы-қорықшы табельді қызметтік қарумен жарақталған.
-Ең біріншіден, мекеменің мақсатына тоқталып өтейін. Біздің мақсатымыз ата-бабамыздан қалған бай мұрамыз табиғатымызды қорғау. Қорғай отырып, сақтап, келер ұрпаққа аманаттау, көркейтіп, дамыту. Мекемеміздің қазіргі жағдайы, ахуалы сонау алғашқы жылдардағыдай емес. Жылдан-жылға жағдайымыз жақсарып, мекеменің техникалық базасы мен мамандар саны артуда. Мекемеде үш МТЗ тракторы, бес Уаз автокөлігі, төрт Нива бар. Сондай-ақ, биылғы жылы бір Уаз және бір Нива автокөліктерін алған болатынбыз. Дегенмен де әлі де техника жетіспеушілігі басты мәселенің бірі. Алдағы уақытта мекемеге техникалық базасында жаңа техникалар алып, көбейту керек деп ойлаймыз.
Мұнда білімді, білікті мамандар жұмыс істейді. Ең бастысы – қоршаған ортаға, табиғатқа жанашырлық танытып, қорғай алатын, күн-түн демей орманды қоритын еңбекқор қызметкерлер де бар. Бізде ұзақ жылдар бойы директордың орынбасары Рүстем Дәуітов, аға орманшы Қалымхан Қолаханов, орманшы Темірлан Қырғызбаев, орманды қорғау және күзету инженері Шырынбек Ашықбеков, өрт сөндіру стансасының басшысы Нұржан Әбіхаев, өртке қауіпті аймақ саналатын Сүңгі, Боралдай айналымындағы орманшы-қорықшылар Бегасыл Телеушов, Саябек Тулиев, «Боралдай» айналымындағы Абзал Алтынбеков, заңгер Мұрат Өмірбеков, аңшылықшы Ринат Мәдібекұлы және есеп бөлімінде Нағима Жексенбаева мен Айтолқын Құлжабаева тағы басқалар тынымсыз еңбек етуде, – дейді мекеме басшысы Әлижан Батырханұлы.
Әлижан Батырханұлының айтуынша, 2020 жылдың 9 ай қорытындысы бойынша мекеме қызметкерлері 25 әкімшілік хаттама толтырған. Оның ішінде 17 заңсыз балық аулау,2 заңсыз аң аулау, 2 өрт қауіпсіздік талаптарын бұзу, 3 заңсыз мал жаю, 1 заңсыз дәрілік шөп жинау. Жалпы сомасы 300,0 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Оның 272,2 мың теңгесі өндірілген. Табиғатқа келтірілген залал 38,4 мың теңге толығымен өндірілген.
2020 жылдың наурыз айында «Қоянды орманшылығы» Мойынқұм өңірінде 125 га жерге 225,0 мың дана сексеуіл екпелері отырғызылған. 2020 жылдың мамыр айында 120 кг қарағаш тұқымы жиналып, сараптамаға жіберілген. Жиналған тұқымдар Жуалы орманшылығының тұқымбағына 1,0 га жерге себілген. 2020 жылдың сәуір айында 1500 дана қылқанжапырақты екпелер Ақсай айналымындағы тұқымбаққа отырғызылған. Ағымдағы жылдың қараша айында 3,0 га тұқымбаққа сексеуіл тұқымын себу жоспарлануда. Ағымдағы жылдың наурыз айында тұқымбақтан Меркі орман шаруашылығы мекемесіне 140 000 дана қарағаш көшеті қайтарымсыз берілген.
2019-2020 жылдары Жуалы орманшылығының Ақсай айналымына 3000 дана қылқан жапырақты ағаш көшеттері отырғызылған (қарағай, шырша).
Биыл 600 шақырым өртке қарсы ескі жолақтар күтіп бапталып, жыртылған. Өртке қарсы техникаларды қамтамасыз етуге және бақылау жұмыстарына (АИ – 92) 6000 литр бензин, 4000 литр дизельді отын әзірленген. Бұдан бөлек жанар-жағармай қоры: Бензин: 10 000 литр, дизельді отын 1500 литр, 50 дана шартылдақ (хлопушка) 10 дана күрек, 10 дана шелек, 4 балта әзірленген.
Табиғи өрттердің алдын алу және өрт бола қалған жағдайда дер кезінде сөндіру мақсатында мекеменің орман қоры аймағында 4 өрт күзет бекеті орнатылған. Мекеменің орманшы- қорықшылары орман қоры аумағында демалушылар мен мал жаюшыларға орман өрттерінің шығуына жол бермеу, орманда жүріп-тұру қағидалары түсіндіріліп, қосымша нұсқамалар таратылған. Орманшылар өздеріне бекітіліп берілген айналымдарында жұмыстарын тәулік бойы атқаруда. Жалпы ағымдағы жылы бір «Қоянды» орманшылығында өрт орын алған. Сондай-ақ, мекеме қызметкерлері сегіз рет ауылдық округтердегі өртті сөндіруге атсалысқан. Биыл сегіз ұзақ мерзімді орман пайдаланушымен іс-шара жоспары келісіліп, өрттің алдын алу және өрт шыққан жағдайда дер кезінде өшіру туралы келісімшарт жасалынған.
Түркістан облысы «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» КММ Боралдай филиалымен өрттің алдын алу және өрт шыққан жағдайда тез арада өшіріп, ары қарай таралуына жол бермеу мақсатында бірлескен келісімшарт жасалынған. Орман қорына жақын орналасқан ауылдық округтардың әкімдерімен және үш ірі шаруа қожалықтарымен өрттің алдыналу және шыққан жағдайда дер кезінде өшіру туралы келісімшарттар әзірленген. Сонымен қатар, аудан прокуратурасымен, полиция бөлімінің қызметкері Ербол Сейітқұловпен табиғатты аялауға, зиян келтірмеуге шақыру мақсатында бірлескен рейдттік жұмыстар жүргізілген.
-Ауданымызда жергілікті мәндегі «Жуалы-Қарашат» мемлекеттік табиғи қаумалы ашылды. Оған Жамбыл облысының үш ауданы, яғни Жуалы, Талас, Жамбыл аудандарының аумақтарының жерінде орналасқан жерлерді қорғау, экологиялық тұрақтылықты сақтау, табиғи ресурстарды қорғау, сақтау, жергілікті жердегі туризмді дамыту мақсатында жұмыс істеуде. Қаумал ашылып, бүгінде 17 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Олар осы жерлерді флора мен фауналарды күзетіп, қорғайды. Қаумал ауданымыздың 68 649 гектар жерін құрайды. «Жуалы-Қарашат» қаумалының орталығы Жуалы ауданы, кеңсесі де осында. Сондықтан біз Талас, Жамбыл аудандарының аумағына сол жерлердегі жергілікті тұрғындарды жұмысқа алдық. Бұл қаумал бізге көптеген мүмкіндік беріп отыр. Табиғатымызды аялауға, байлығымызды сақтауға көп септігін тигізуде.
Орманшы-қорықшылар өздеріне жүктелген жауапкершілікті жақсы біледі. Мекемеде жүргізілетін науқандық жұмыстарға да белсене қатысады. Қазіргі таңда қызметкерлер «Қоянды» орманшылығына жиналу үстінде. Осы қазан айы сексеуілдің тұқымын теретін уақыт болғандықтан Мойынқұмға барып, тұқымды жинап келеді. Одан кейін оны қараша айында тұқымын себуге барады. Бұл да үлкен жауапкершілікті талап етеді. Барлығын уақтылы жасап үлгеру керек.
Орман шаруашылығында адам өміріне қауіп төнетін сәттер көп кездеседі. Мәселен, таудың үстінде қарулы броконьерлермен бетпе-бет келеді. Тілсіз жау өртті ауыздықтауда да жанпидалықпен жұмыла жұмысқа кірісіп, бірлігімізбен табиғатымызды қорғап қалады.
Жұмыс болған соң, әрине, проблема да кездеседі. Біздегі ең басты мәселенің бірі – қызметкерлердің жалақыларының аздығы. Табиғатты қоритын азаматтардың көзге көрінбейтін өлшеусіз еңбектеріне лайықты жалақы болғаны дұрыс. Сонымен қатар, жаз айларындағы шөп, егін жинау науқандарында өрт қауіпсіздігі сақталмай, орман қорына жақын орналасқан елдімекендердің шаруа қожалықтары шөп шабу науқанында техника қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтамаудың салдарынан өрт шығып жатады. Осы аталған жағдайдың дұрыс шешімін табу үшін ауыл әкімдерінің көмегі қажет, – дейді мекеме директоры өз сөзінде.
Жер байлығын сақтап қана қоймай, орман алқаптарын көбейтіп, күн демей, түн демей сыбана еңбек етіп келетін орман шаруашылығы мекемесінде орман шаруашылығында әрбір адам өз орнында тынбай жұмыс атқарады. Бүгінде осы салаға көп жылдарын сарп еткен, зейнетке шыққан азаматтарымыз аз емес. Бұл – жер бетінде маңызы аса зор жұмыстардың бірі дер болсақ, мекеменің ғанибед тарихына үңілу керек. Себебі, ол жерге жұмысқа келген ондаған адамдар сол мекемеде тұрақтап, табиғатымыздың көркеюіне өздерінің өлшеусіз үлестерін қосып келеді. Ол – жеріне, табиғатына деген адамдардың махаббаты мен жауапкершілігі, көзге көрнекті нәтижелері.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»