Qoǵam

«Ауылға жас келсе, адамдары ерекше қуанады»

Еліміздің кемел келешегін талантты шәкірт, білімді маман, білікті басшысыз елестету мүмкін емес. Сабырлы қалып, байыпты қадаммен алға қарыштаған жас та болса үлкен белестерден көрініп, толағай табыстарға қол жеткізген мемлекетіміздің экономикасы мен халқының әлеуметтік жағдайының өрлеуіне де басты себеп, саналы маманның сапалы еңбегінің нәтижесі. Осы орайда шалғайдағы елді мекендердегі маман тапшылығы мәселесін шешу мақсатында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы жасалып, жас мамандарды тұрақты жұмыс орнымен қамтып отырған жайы бар. Осындай маманның бірі – Руслан Тірібосынов бағдарлама аясында Билікөл ауылдық округінің орталығы – Қарабастау ауылындағы №3 Қарымбай Қошмамбетов атындағы орта мектепте табысты еңбек етуде.

Ол 1993 жылы 2000 жылдық тарихы бар шаһар Тараз қаласы Түркісіб ауылында дүниеге келеді. Алғашқы білімін Жуалы ауданы Түктібай ауылындағы №12 М.Әуезов атындағы орта мектептен алып, жоғары сыныптарын Тараз қаласындағы №49 Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназияда жалғастырады. Жас түлек Тараз мемлекеттік педогогикалық институтына оқуға түсіп, оқу орнынан алғашқы әскери даярлық пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығады. Қолында дипломы бар жас маманды оқу орны аталған мектепке жолдамамен жұмысқа жібереді.
– Еліміздегі шалғай орналасқан елді мекендерде мамандар жеткіліксіздігі, жастардың ауылда тұрақтамауы түйткілді мәселелердің бірі деп ойлаймын. Бұл мәселенің Үкімет тарапынан шешімі табылып, тиімді бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Мен де сол бағдарламалардың бірімен мектепке жұмысқа орналастым. Осы жақтан үй алып, ата-анаммен және отбасыммен бірге қоныс аудардым. Мұнда келгенімде ешкімді танымайтынмын. Қазір шүкір, барлық тұрғындармен жақсы қарым-қатынастамын. Мектеп ұжымы да мені жас демей, жылы жүзбен құшақ жая қарсы алған болатын. Себебі, ауылға жастар келсе, адамдары ерекше қуанады. Шағын ауыл болса да, мұнда береке, бірлік пен ынтымақ бар. «Ауылын көріп азаматын таны» дейді дана халық. Бұл мекеннен қазақ еліне танымал небір атпал азамат пен азаматшалар туып-өскені бәрімізге белгілі. Сондықтан дәл осы білім ошағында мұғалім болып, балаларды патриоттық тәрбиеге баулып жүргенімді мақтан етемін,- дейді Руслан Талғатұлы.
Русланның отбасы мүшелері де әскери адамдар екен. Әкесі Талғат полковник болса, анасы Ләззат лейтенант шенін алған. Осы орайда Руслан әскери тәртіпті ұстана отырып, алдағы уақытта балаларға сапалы білім, саналы тәрбие беруде аянбай еңбек ететінін жеткізді. Сонымен қатар ауылдың көркеюіне, дамуына сүбелі үлесін қоса отырып, жетістіктерге жетуді де көздеп отырғанын айтып өтті. Жетістік демекші, ол ұжымда жұмыс істегеніне небәрі үш жыл болса да біршама белестен өтіп үлгергенін тілге тиек етті. Мәселен, жас маман оқушыларымен бірге облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрген жайы да бар. Соның бірі 2018 жылы Қарағанды қаласында өткен республикалық «Спаск» әскери оқу-жаттығуына 15 оқушыны қатыстырып, алғашқы ондыққа табан тіреген.
-Ел қорғаны болатын, ертеңгі күні Қарулы Күштер қатарында айбынды жауынгерлердің қатарын көбейту бүгінгі күнен басталады. Бұл орайда алғашқы әскери даярлық пәнінің алар орны ерекше. Негізінен бұл пән жоғары сынып оқушыларында жүргізіледі.
Мектеп қабырғасында жүріп ұл мен қыздың бойында патриоттық сананың қалыптасуы аса қажет қасиет деп ойлаймын. Сондықтан мен білім ошағындағы балаларға сабақ бере отырып, олармен тығыз жұмыс жасаймын. Оқушы мектеп қабырғасында жүріп алғаш рет қаруды таниды, саптық даярлықты меңгереді, тіршілік қауіпсіздігі ережелерін тағы басқа дүниелерді оқып біледі. Бір сөзбен айтқанда балаларды әскери өмірге даярлаудың алғашқы сатысы осы кезден басталады,-дейді ол.
Жас маман балаларға еліміздің басты нышандары мемлекеттік рәміздеріне қаншалықты құрметпен қарау керектігін сабақ барысында түсіндіретінін айта келе, жастардың бойында патриоттық тәрбие негіздерін қалыптастыру басты міндеті екенін айтты. Ол осы мақсатта оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру үшін сабақта түрлі әдістерді қолданып, бейнероликтер көрсетіп, жарыстар ұйымдастыратынын жеткізді. Сондай-ақ балаларға алып жатқан білімдерін өмірмен байланыстыра отырып, олардың Отанға деген сүйіспеншіліктерін арттыратынын, оқушылардың бойында адами жоғары қасиеттерді қалыптастыранын тілге тиек етті.
– Әр азамат елім деп еміреніп, туған жеріне, халқына жанашырлықпен қараса, ол елдің ертеңі жарқын болатыны белгілі. Сол себепті ауылдан жастар кетпесе екен деймін. Керісінше, туған жерінің топырағын түлету үшін аянбай еңбек етсе, нұр үстіне нұр болар еді. Қазіргі таңда ниет болса, екі қолға бір күрек табылады деп ойлаймын. Себебі, ауылда жастар үшін жақсы жағдай жасалуда. Тек берілген мүмкіндіктерді жіберіп алмаса екен деймін, – дейді өз сөзінде жас маман.
«Жігіттің бағы – асыл жары» демекші, Руслан Талғатұлы меркілік Әйгерім Көнебаевамен көңіл жарастырып, отау құрған. Жас отбасында Сұлтан және Асылым есімді бүлдіршіндер дүние есігін ашып, ата-анасының көз қуанышына айналып отырған жайы бар.
Русланды мектеп ұжымы мақтан тұтып, оның қабілетін, іскерлігін ерекше бағалайды. Оның тұлғалық ерекшеліктерін басшылыққа ала отырып оқушыларға жақсы тәлім-тәрбие беретініне зор сеніммен қарайды. Ендеше, талабы таудай азаматтың ауылдың көркеюіне үлесін қосып, оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беретініне сенім білдіреміз.

Айгүл Қалымханқызы.
Суретті түсірегн
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close