Qoǵam
Онлайн-тарихи сағат өткізді
Жаңаталап ауылдық кітапханасының кітапханашысы Гүлжан Керимова 31 мамыр – Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Ұлтымыздың ұлы тұлғалары» атты онлайн-тарих сағатын өткізді.
– Тарихшылар дерегіне жүгінсек, 1929 жылдан 1953 жылға дейін Кеңес елінде 40 миллион адам жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған. Сталиндік қуғын-сүргінге зертеушілер саяси репрессияны, ашаршылықты, халықтар депортациясын жатқызады. Бұл оқиғалардан төрт жарым миллиондай Қазақстан азаматы зардап шекті. 1920-30 жылдардағы ашаршылықтан түрлі дерек бойынша қазақ халқының жартысына жуығы қырылды. 1936-1938 жылдары Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, оның 25 мыңы атылған. Тізімдегі 631 атылған адамның 80 пайызы қазақтың белгілі ұлт зиялылары еді, – деп атап өтті кітапханашы.
Тарихи онлайн сағатта кітапханашы 1997 жылы Тұңғыш Президент-Елбасының Жарлығымен 31 мамыр – Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып ресми бекітілгеніне тоқталды.
Онлайн-тарихи сағат «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау, заңсыз қудаланған азаматтардың құқығын қалпына келтіру жұмыстары қанша уақыт өтсе де, тоқталмауы тиіс. Қазақ үшін қайғы-қасіретті, тарих бетінде қара таңбасы қалған бұл жылдарды ұрпақ ұмытпақ емес. Біздің борышымыз – осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбан болған азаматтарының есімдерін ұмытпай, мәңгі есте сақтап, жас ұрпақ санасына бабалар аңсаған тәуелсіздікті, Қазақстанның көркейе түсуіне өз үлестерін қоса отырып, бейбіт өмірді бағалай білуге тәрбиелеу» деген сөздермен түйінделді.
Айгүл АЙХОЖАЕВА,
Жаңаталап ауылдық клубының әдіскері