Qoǵam
Жоспарлардың орындалуы – уақыт еншісінде
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы бірінші басым бағыттың бірі заман талабына сай тиімді мемлекет құру екендігі белгілі. Бұл бағытта ел Президенті саяси жаңғыру үдерісі азаматтарымыз бен мемлекетіміздің мүдделеріне сәйкес, біртіндеп үздіксіз жүзеге асырылатынын атап өтті. Сондай-ақ, бас құжатта азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – ортақ міндет екендігі айтылды.
Жылдың басты құжаты саналатын Жолдауда халықпен тиімді керу байланыс орнату үшін қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтаждарына жедел назар аудару мемлекеттік органдардың қызметінің негізігі бағыттары саналатындығы дөп басып айтылған. Жергілікті әкімдіктер Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттер мен тапсырмаларды негізге ала отырып жұмыс жасайды. Ауданымыздағы шалғайда орналасқан елді мекеннің бірі Билікөл ауылдық округінің тыныс-тіршілігі ауыл шаруашылығымен біте қайнасқан. Осы ретте, елді мекеннің тыныс-тіршілігі туралы ауылдық округтің әкімі Талғат Әмірәлиевпен сұхбаттасқан болатынбыз.
-Талғат Пернебекұлы, ауылдық округ аппаратының негізгі міндеттері мен мақсаттары қандай? Мекемеде қанша мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді? Ұзақ жылғы жұмыс өтілі бар аға буын өкілдері бар ма?
-Билікөл ауылдық округі әкімі аппаратының негізгі жұмыстары бекітілген жұмыс жоспары бойынша ауылдық округте «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 37-бабының 3-бөліміне сәйкес нормативтік-құқықтық сипаттағы шешімдер және әкімшілік басқарушылық жедел және дербес сипаттағы мәселелер бойынша өкімдер шығарады.
Арыз-шағымдар мен өтініштерді қарау жұмысы Қазақстан Республикасының Президентінің «Азаматтардың арыз-шағымдарын қарау туралы» Жарлығының талаптарына сәйкес жүргізіледі. Оларға қанағаттандырарлық жауаптар беріліп, бақылауға алынып, «АРМ ЕУОЛ» автоматтандырылған бірыңғай жүйесіне енгізіледі. Бір сөзбен айтқанда, ауыл халқының әл-ауқатын арттыру бағытында жоспарлы жұмыстар атқарылып, халықтың мұң-мұқтажы, сұраныс-ұсыныстары ескеріліп отырады.
Билікөл ауылдық округі әкімінің аппараты 5 штаттық бірлік кестеге сәйкес жасақталған және өздерінің функционалдық міндеттеріне сай қызметтерін атқарады. Оның ішінде үш қызметкер жұмыс істеген тәжірибиесі мол аға буын өкілдері. Зейнет жасына жақындаған қызметкерлердің орнын алмастыратын жастар мекемеде тәрбиеленіп, шыңдалуда.
-Ауылдық округтің тыныс-тіршілігі жайында сөз қозғай отырсаңыз. Жалпы округ тұрғындары қандай кәсіппен айналысады?
-Билікөл ауылдық округіне қарасты төрт елді мекенде 1558 халық тұрады. Өздеріңізге белгілі, округіміз негізінен мал шаруашылығын дамытуды қолға алған. Бүгінгі күнге 101 шаруа қожалық, 8 жеке кәсіпкерлік, 2 демалыс орталығы мемлекеттік бағдарлама тетіктерін пайдаланып, кәсіптерін дамытуда. Жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында «Бастау-Бизнес» бағдарламасы аясында 71 азамат бір айлық оқу-курсынан өтіп, оның 15-і 505 000 теңге қайтарымсыз грант қаражатын, жетеуі шағын несие алып, өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Сонымен қатар, шаруашылықтарға маусымдық жұмыспен және қоғамдық, «Жастар тәжірибиесі» бағдарламасы бағытында жұмыспен қамтуды қолға алып отырмыз.
-Ауылдық округте ардагерлер кеңесінің рөлі қандай? Олар сіздермен қаншалықты тығыз байланыста?
-«Қарты бар ел қазыналы» демекші, қазақ халқы қашанда ақсақалдардың ақылына жүгінген. Дана қарттар ортасындағы орын алған дауларды дөп басып шешімін тауып, тоқтау айтқаны баршамызға белгілі. Қазіргі таңда көп ретте ағаларымыздың кеңесіне жүгінгенді жөн санаймыз. «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген жақсы сөз бар. Осы ретте, округіміздегі ардагерлер кеңесінің төрағасы және әр ауылдағы сайланған бір-бір төраға мүшелерімен бірлесіп, сонымен қатар, әр көшеден сайланған 13 адамнан тұратын жергілікті қоғамдастық мүшелерімен кез келген жұмысты, ауылдың ішкі мәселелерін ақылдаса отырып шешеміз.
-Округке қарасты Әбдіқадыр ауылының ағын, яғни арық суының мәселесімен аудан әкімі Нарбай Ергебеков арнайы келіп танысқанынан хабардармыз. Бұл мәселе бойынша қазіргі таңда қандай жұмыстар атқарылуда?
-Бүгінгі күнге аталған арық суы жүретін 5 шақырым жолдың құжатын рәсімдеу үшін ең бірінші иесіз ретінде тану қажет. Ол үшін Жуалы аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімшесіне арнайы хат жолданды. Сонымен қатар, жобалық-сметалық құжаттама жасатуға тапсырыс берілді.
-Жылыбұлақ ауылының мәдениет ошағының ескіргені белгілі. Ауылдағы клубтың жағдайы қашан жақсарады?
-Біз өнерді жоғары бағалайтын халықпыз. Небір талантты жандар ауылдан шыққан. Сондықтан ауылдың мәдениетіне көңіл бөлінуі керек. Округке қарасты бұл ауылдың мәселесі бірнеше рет аудандық деңгейде көтерілді. Бүгінгі күні мәдениет ошағының жағдайы апатты жағдайда. Ғимараттың әбден тозығы жеткен. Ауылдық клубтың жағдайы жақсаруы қомақты қаражатқа келіп тіреліп отыр.
-Осы ауылдағы бастауыш мектептің жабылғалы тұрғанынан да хабардармыз. Мектептің жабылуына жол бермеудің қандай жолдары қарастырылуда?
-Менің ойымша, Жылыбұлақ ауылының бастауыш мектебінің жабылуына еш негіз жоқ. Өйткені, Әбдіқадыр ауылында 9 жылдық мектеп бар, онда аула саны 45 үйде 218 адам тұрады. Ал Жылыбұлақ ауылында 48 үйде 254 адам тұрады. Бұл мектеп ағымды жөндеуді қажет етеді. Ол үшін тиісті жобалық-сметалық құжаттама жасалынған.
-Билікөл жеріне Кеңес Одағы кезінде қарбыз егіліп, жақсы көрсеткіш көрсеткен екен. Алдағы уақытта осы қарбыз егуді өркендетуді неге қолға алмасқа?
-Біздің бала күнімізде қауын-қарбыздан бөлек түрлі көкөніс, бақша өнімдері көп егілетін. Ол жердің барлығы қазір жекенің қолында және әкімшілікке қарасты жерлер. Қолбайлау болып тұрғаны – ағын су мәселесі. Каналдардың тозығы жетіп, латоктар бұзылып кеткен. Мұның барлығын қайта қалпына келтіру үшін иесіз ретінде сот шешімі шығарылып, тиісті құжатын рәсімдеу үшін қаражатқа сұраныс берілді. Қаражат берілген жағдайда мемлекеттік акті және техникалық құжаты жасалынып, әділет басқармасына тіркеліп, жобалық-сметалық құжаттама жасалынып, облыс деңгейінен қаражат бөлуді талап етеді.
-Сіздің салаңызда өзге де қандай проблемалар кездеседі?
-Билікөл ауылдық округі аудан орталығынан ең алыс округ десе де болады. Яғни, арақашықтығы 63 шақырымды құрайды. Ауданнан шалғайда орналасқандықтан мұнда атқарылған жұмыстан гөрі атқарылатын жұмыстар көп. Мысалы, көшені жарықтандыру, көшелерге жол салу, ауызсу, табиғи газ мәселесі кенжелеп қалған. Сонымен қатар, барлық ауылдарға мәдени ошақтар, ашық спорт алаңшалары және шағын болса да саябақтар қажет.
-Осы өңірдің тумасы ретінде елді мекеннің өркендеуі үшін қандай жұмыстар атқарар едіңіз?
-«Туған жерге туыңды тік» демекші, өз туған жеріне, ауылына жақсылық жасауға асығып, дамыту жолында аянбай еңбек ету кез келген азаматтың парызы деп ойлаймын. Осы жердің тумасы ретінде округіміздің өркендеуі үшін әр ауылдағы қажеттілікті анықтап, дамыту жолдарын жоспарлап, қажет деп тапқан әрбір жұмыстарға жобалық-сметалық құжаттамалар дайындап, дер кезінде қаражатқа сұраныс беріліп отыр. Сонымен қатар, демеушілер тарапынан да бірқатар қажеттілікті шешуге болады деп ойлаймын. Алға қойған жоспарлардың орындалуы – уақыттың еншісінде.
-Әңгімеңізге рақмет! Жоспарлы жұмыстардың орындалуына біз де тілектеспіз.
Сұхбаттасқан
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»