Qoǵam

Азық-түлік қымбаттаса, халықтан маза кетеді

Немесе бағаға бақылауды күшейткен жөн

Азық-түлік қауіпсіздігі – бұл стратегиялық мәселе. Қазіргі таңда азық-түлікке деген сұраныстың артып отырғанын, сонымен қатар, халық күнделікті тұтынатын азық-түліктік тауарлардың күн санап қымбаттап бара жатқанын байқап отырмыз. Дәл қазіргі күзгі жиын-терім науқаны кезінде де бағаның тұрақтылығы мүлде байқалып отырған жоқ. Қайта күн санап өсіп барады. Қайткенде бағаны тұрақты ұстап тұра аламыз? Бұл жөнінде ел Үкімет қандай шараларды қолға алып жатыр? Бұл, әрине, әзірге басы ашық тұрған әлеуметтік сұрақтардың бірі.

Сөзіміздің басында айтып өткеніміздей, азық-түлік қауіпсіздігі – бұл стратегиялық мәселе. Жалпы ел ішінде туындап отырған бұл проблема Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарынан тыс қалып отырған жоқ. Атап айтқанда, Президент ағымдағы жылдың бірінші қыркүйегінде Парламент палаталарының бірлескен отырысында халыққа арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында да азық-түлік төңірегінде туындап отырған проблемаларды шешуді құзырлы органдарға тапсырғаны белгілі.
Президенттің Жолдауда айтқан тапсырмаларын сөзбе-сөз келтіретін болсақ: «Қазақстанның ауыл шаруашылығының әлеуеті орасан зор екені көп айтылады. Бірақ, агроөнеркәсіп кешені саласында қордаланған проблемалар да аз емес.
Ең алдымен, бұл – азық-түлік тауарларының бағасын белгілеудің және оны бөліп-таратудың тиімсіз жүргізілуі. Мен бұған дейін көтерме-тарату орталықтарының желісін құрудың маңыздылығы туралы айтқан болатынмын. Бұл міндет орындалып жатыр.
Осы орталықтардың шағын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, соның ішінде, жеке қосалқы шаруашылықтарға да қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл нарықтың монополиялануына жол беруге болмайды.
Сонымен бірге, өнім өндірушіден тұтынушыға дейінгі аралықтағы бағаның бәріне бірыңғай бақылау жасау қажет. Қазір осы жұмысқа бірнеше мекеме жауапты. Әр жолы баға шарықтағанда олар байыппен сараптама жасап, тиімді шаралар қабылдаудың орнына бір-біріне сілтей бастайды. Бұл жұмысты ретке келтіретін кез келді. Жауапкершіліктің ара-жігін ажырату керек. Бір мекемені басты орган ретінде айқындап, өзгелерінің өзара іс-қимылын нақты белгілеу қажет. Үкімет осы мәселе бойынша бір айдың ішінде шешім қабылдауға тиіс»,- деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Жолдауы елдегі күзгі жиын-терім науқанының қарсаңында жария етілгеніне қарамастан, азық-түлік мәселесінде оған жауапты мекемелер тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды көріп отырған жоқпыз. Соңғы бір айдың көлемін алып қарайтын болсақ, халық ең көп тұтынатын ұнның бағасы шарықтап шыға келді. Аудандағы ұн тасымалдап сатушы кәсіпкерлік иелерінің сөзіне қарағанда, қазір 50 келілік бірінші сұрыпты ұнның бағасы 10 000 теңгеге жетіп жығылды.
-Бірінші сұрыпты бір келі ұнның нарықтағы орташа бағасы 170 пен 180 теңгенің аралығында сатылып жатыр. Ал екінші сұрыптағылары 140 теңгенің шамасында. Баға әрі қарай да өсуі мүмкін. Оған басты себептердің бірі – елдегі қуаңшылық. Ұн негізінен біздің ауданға Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарынан келеді. Қазір ол жақтағылар ұнға жарамды бидай түсімінің аз болуын сылтауратып, ұнды тым аз көлемде босатып жатыр. Мүмкін ондағы кәсіпкерлер ұнды қымбаттату үшін осындай әрекетке барып жатыр ма, ол жағы бізге белгісіз. Иә, біз де ұнды қымбатқа алып жатқан соң қымбат сатуға мәжбүрміз,- дейді «Алтын ұн» дүкенінің иесі Оңласын Бүтінбаев.
Аудандағы ұн саудасындағы ірі кәсіпкерлердің бірі О.Бүтінбаевтың дүкенінде ұн өнімдерінен бөлек, халық көп тұтынатын азық-түліктердің ассортименті де сатылымда бар. Атап айтқанда, құмшекер, күріш, макарон өнімдері және сұйық майдың түрлері, сонымен бірге, шәй, тұз өнімдері бар. Тараз қаласынан шығатын 25 келілік бір қап құмшекердің бағасы қазір мұнда 7900 теңгеден сатылуда. Сонда кәсіпкер құмшекердің әр келісін 314 теңгеден көтере алып, тұтынушыларға 316 теңгеден саудалау үстінде. Ал күріштің сатылу бағасы 260 теңге. 120-130 теңгеден мал азығына арналған арпа мен бидайдың сатылу бағасын айта кеткенді жөн көрдік.
Ұн өнімдерінің бағасын саралағаннан кейін «Жуалы – жер жаннаты» көкөніс базарының бағасына да зерделеу жүргізіп, жеміс-жидек пен көкөніс бағасының да қымбаттығын байқадық. Картоп бағасына келер болсақ, жергілікті картоп пен Павлодардан жеткізілетін картоп мұнда 220-230 теңгенің аралығында сатылуда. Мұндағы саудагерлер картопты 170 теңгеден алатынын, сырттан келетін картопқа қарағанда, жергілікті картоптың қымбат екенін айтады. Сондай-ақ, жергілікті жерде өсірілген сәбіз 200-220 теңгенің аралығында. Пияз 100 теңгеден, алма сұрыптарына қарай 300-350 теңгеден, ал жылыжайда өсірілген қызанақ 850 теңгеден сатылып жатыр.
Қазір аталған көкөніс базарында 5-6 ғана жеке кәсіпкер сауда жасауда. Базардың қалған бөлігі бос тұр. Осында сауда жасап тұрған келіншектер сауда-саттықтың ойдағыдай емес екенін айтады. –Жеке кәсіпкерлікке, орынпұлға төлейміз. Басқа да шығындарымыз бар. Сондықтан тауарды да қымбат сатуға мәжбүрміз. Біз тауарды өзіміз өндірмейміз. Тек алып сатамыз. Бәріміз балалардың қамы деп жүрміз ғой. Барлығы жетіп, артылса, үйімізде тып-тыныш отырмаймыз ба? Қыстың күндері аяғымыздан сыз өтіп, күн ыстықта күйіп-пісіп осында тұрып неміз бар? Бәрі күнкөрістің қамы.
Азық-түлік бағасының тұрақтандыру қазір ең өткір тұрған мәселенің бірі екені рас. Бұл туралы баспасөз беттерінде қаншама рет жазылып, мәселелер көтеріліп жатыр. Бірақ бағаның төмендеп жатқаны байқалмайды. Бұл негізінен шенділердің шешетін мәселесі. Жергілікті атқарушы билік осы мәселеге тікелей өздері араласып, азық-түлік тауарларын өндірушілермен тікелей жұмыс істесе, бағада тұрақтылық болар еді. Келісіп, ақылдасып бір ортақ мәмілеге келсе, шешілмейтін проблема жоқ,- дейді атын атап жазбауымызды өтінген кәсіпкер келіншек.
Иә, нарықтың қатал заңы ма, кім білсін? Қазір қай салада да қымбатшылық. Коммуналдық және техникалық қызмет көрсету дейсің бе, азық-түлік, жиһаз бағасы, көлікке қажетті қосалқы бөлшектер, жанар-жағармай бағасы қазір екі-үш есеге өсіп отыр. Мысалы, АИ-92 маркалы бір литр бензиннің бағасы 150 теңгеге жеткенде, бағаның өсімі осымен тоқтайтын шығар дер жорамалдағанбыз. Сөйтсек, қателесіппіз. Баға төмен түсудің орнына, қайта күн санап өсіп барады. Қазір АИ-92 маркалы бір литр бензиннің бағасы 178 теңгеге жетті. Әлі де қымбаттай береді дейді сарапшылар. Сонда аз ғана айлық жалақыға немесе зейнетақыға әзер күн көріп отырған отбасылар қайтпек? Қарапайым халықтың қамын кім ойлайды? Бағаны аспандатып отырғандар негізінен ортадағы алыпсатарлар. Сонда көл-көсір пайдағы солар ғана кенелуі керек пе? Қанша жерден нарықтық экономика жағдайында өмір сүріп отырғанымызбен, халықты қанай беруге болмайды ғой. Қарапайым халықтың бар тілегі осы қазір. Қазір қай ортаға барсаң да, екеуара әңгіменің тақырыбы – баға мәселесі. Баға аспандаса, тұрғындардан да маза кете бастайтыны белгілі жайт емес пе?!
Ендеше, баға саясаты жөнінде ел Үкіметінен бастап, жергілікті атқарушы билік өкілдері де жедел шаралар қабылдауы тиіс деп білеміз. Өңірімізде қолға алынған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» және «Алқаптан-сөреге дейін» пилоттық жобалары да азық-түлік бағасын тұрақтандыруға өз әсерін тигізе алмағаны анық. Одан бөлек, ауданда жыл сайын күзгі жиын-терім науқаны кезінде өткізіліп тұратын азық-түлік жәрмеңкелері белгісіз себептермен биыл бірде-бір рет ұйымдастырылған жоқ. Бұл да аудан тұрғындарының қыс мезгіліне дайындығына маңызды рөл атқарушы фактор емес пе? Әлі де болса азық-түлік жәрмеңкесін ұйымдастырып, өткізу жағын қолға алған дұрыс деп ойлаймыз.
Бәрін айт та, бірін айт. Базардағы бағаларды зерделегенімізде, сұранысқа ие азық-түліктердің бірі саналатын ет бағасының да қымбаттығына көз жеткіздік. Базардағы ет павильонында жылқы етінің бір келісі 2600, сиыр еті – 2000, қой еті 2300 теңгеден сатылуда. Етшілер де жемшөптің қымбаттауына байланысты жыл ішінде ет бағасының бірнеше есе өскенін айтады. Сонымен бірге, саудагерлер мал базарда семіз малдың бағасы да өсіп отырғанын, осыған байланысты бұл жағдай ет бағасының өсуіне алып келетінін жеткізді.
Ауданда бағаны тұрақтандыру мен азық-түлік қорларына зерделеу жұмыстарын жасау мақсатында жұмысшы тобы жұмыс істейді. Олар аудан орталығындағы және ауылдық округтердегі баға тұрақтылығын, азық-түлік қорын күнделікті бақылауда ұстауда. Соған қарамастан нарықта азық-түлік бағалары әлі де ала-құла болып тұр. Ала-құла дегеніміз, базарда жүйелі баға жоқ. Бұл көбіне көп азық-түлік бағасына қатысты.
Мысалы, салыстырмалы түрде айтатын болсақ, былтыр көктемде аудан орталығындағы дүкендерде құмшекердің келісі 250 теңгеден сатылса, қазір ақ шекердің әр келісі 316 теңгеден сатылуда. Осыған қарап-ақ жыл ішінде аталған тауардың бірнеше есеге өскенін байқауға болады. Жалпы әлеуметтік азық-түлік өнімдерінің бағасы туралы аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі басшысының м.а. Шыңғыс Боранбаев былай деп пікір білдірген еді.
-Аудан аумағындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары туралы айтар болсам, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың ішіндегі сүт өнімін өндіретіндер мыналар. Атап айтқанда, «Оздамиров Л.Г» ЖК, «LF COMPANY» ЖШС, «AQMOL 2025» ЖШС, «Нысанов М.М» ЖК, «Samurai» ЖШС, «БМК» ЖШС, «Бурненский сырная компания» АӨК. Аталған кәсіпорындар сүт өнімдерін өндіріп, орталық базарда және аудандағы дүкендерде сатылымға шығаруда.
Одан бөлек, аудандағы төрт наубайхана аудан орталығы мен шалғай елді мекендерге 80-85 теңгеден нан таратуда. Нанның орташа сатылу бағасы 85-90 теңге. Орталық базардағы әлеуметтік нан дүңгіршегі орнатылып, әлеуметтік нан 75-80 теңгеден күніне 120 бөлкеге дейін сатылуда. Жыл басынан бері «Тараз» ӘКК» АҚ-на нан бағасын тұрақтандыру бағытында аудан наубайханаларының сұраныстарына сәйкес, 10 тонна ұнға сұраныс берілген. Алайда «Тараз» ӘКК» АҚ тарапынан ұнның жоқтығына байланысты бірде-бір тонна ұн берілмей отыр.
Аудандағы негізгі азық-түлік тауарлары, азық-түлік емес тауарлары және ақылы қызметтерге бағаны тұрақтандыру жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін аудандық штабтың мүшелері тұрақты сауда нүктелерін аралап, әлеуметтік маңызды тауарларға негізсіз бағаны көтермеу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізе отырып, баға мониторингі жүргізілуде. Сондай-ақ, тұрғындарды азық-түлікпен қолжетімді бағада қамтамасыз ету үшін негізгі әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына үстеме бағаны 15 пайыздан артық көтермеуге, аудан орталығындағы үлкен 13 көтерме сауда дүкеннің иелерімен меморандум жасалған.
Аудан аумағындағы әлеуметтік тауар қорын жинақтау бойынша 22 дана, оның ішінде, аталған тауарлар бойынша (картоп, сәбіз, қырыққабат, тауық еті, мақсары майы, сүт, айран, сүзбе, сары май, бірінші сұрыпты ұн, бөлке нан) шаруа қожалықтармен жеке кәсіпкерлер арасында екі жақты меморандум жасалып отыр.
Аудан орталығында бір әлеуметтік дүкен павильоны жұмыс атқаруда. «Жуалы сүт өнімдері» дүкенінде және «Ақшайы» әлеуметтік павильонында сүт өнімдері зауыт бағасымен сатылуда.
Жыл басынан бері әлеуметтік корпорацияға 1000 дана тауық жұмыртқасына және 8300 келі тауарға өтінім, барлығы алты рет сұраныс жолданған. Оның ішінде, қант –5000 келі, күріш – 2000, 1700 литр күнбағыс майы, қарақұмық – 1300, жұмыртқа – 1000 дана. «Тараз» ӘКК» тарапынан алынған тауарлар көлемі бар-жоғы 2300 келіні құрап отыр. 2000 тонна қант пен 300 келі күріш қана алынды,- дейді бөлім басшысының міндетін атқарушы.
Ш.Боранбаевтың сөзіне қарағанда, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның ЖК «Империя» тарапынан аудан көлемінде азық-түлік тауарларының бағасын төмендету үшін Б.Момышұлы ауылынан ағымдағы жылдың 30 қазанына дейін павильон құрылысын толықтай аяқтау жоспарланып отыр екен.
Дұрыс делік. Осы айтылғандар құр сөз күйінде қалмаса болғаны. Халқымыз қандай қиын-қыстау кезеңде де болашақтан күдерін үзбейді. Иә, былтыр басталған пандемия кезінде де сабырлық танытып, оны да жайлап еңсеріп келе жатырмыз. Сондай қиын-қыстау уақытта аты жаман аурудың таралуын сылтауратып дәрі-дәрмек бағасын негізсіз өсіріп, азық-түліктің бағасын шарықтатып жібергендерді де көрдік. Осы тұста Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев оған жауаптылармен шұғыл жиын өткізіп, елдегі жағдайды реттеуді тапсырғаны белгілі. Содан жағдай сәл оңала бастағандай көрінген. Алайда содан көп уақыт өтпей-ақ бақылау жұмыстары босаңсыған соң жағдай қайта бұрынғы қалыпқа түсті.
Бұқаралық ақпарат құралдарында, тіпті танымал сайттарда да азық-түлік бағасы дәл қазір ең көп талқыланып жатқан тақырыптардың біріне айналып отыр. Парламент қабырғасындағы сенаторлар да азық-түлік бағасының өсуіне жол берген министрлер кабинетінің жұмысын сынға алып жатқаны белгілі. Бағаға қатысты осындай пікірлерді негізге алатын болсақ, шынында азық-түлік бағасына жауапты тұлғалар халықтың алдында жауап беруі тиіс.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close