Qoǵam

Ұлттық құндылықтар – ұлттық идеяның негізгі өзегі

Қазақ халқы ертеректен өзінің даналығымен, даралығымен, ақылдылығымен, көрегендігімен басқа ұлт өкілдерінен ерекшеленіп келеді. Көз тартар ғажайып табиғаты, ешкімге ұқсамайтын салт-жоралғысы, қайталанбас ұлттық киімдері мен қонақжайлылығы, мәдениеті әрқашан алыс-жақын елдерді таңдай қақтырып жүргені баршамызға мәлім. Халқымыздың күнделікті тұрмыста қолданған киім-кешегінен бастап, мәдениетіміз, әдебиетіміз, тіпті, ырым-тыйымдарымыздың барлығы – ұлттық құндылықтарымыз болып табылады. “Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс”-деп, Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі бұның негізін салып кеткен ата-бабаларымыз болса, ізін одан әрі жалғастырушы жастар екенін әрқашан айтып келеді.
Қандай да бір елдің рухани мәдениеті, әдебиеті мен өнері, ғылым мен техникасы, әлеуметтік жағдайы, материалдық өндірісінің ең маңызды жетістіктері оның ұлттық құндылықтарының мәніне ие болады және өскелең ұрпақтың азаматтығы мен отаншылдықты, рухани-адамгершілік жан-дүниесі қалыптасуына белсенді түрде ықпал етеді. Әрбір халықтың тарихи өмірінде қол жеткізген ең құнды дүниелері – рухани және адами қасиеттері, моральдық нормалары, ұлттық құндылықтары бар. Ұлттық құндылықтар – қандай да бір этникалық қауым өкілдерінің өзіндік тарихи көрінісі бар рухани мұраттарының жиынтығы. Ұлттық құндылықтардың әрбір халықтың өмірінде алатын орны өзгеше екені белгілі.
Рухани құндылықтар және биік ізеттілік пен моралдық тұрғысындағы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жататын, адамның адамдық қасиетін нығайтып әрі асылдандыра түсетін, халықтың даналық өмір–салтынан туындап отыратын бұлжымас ережелер мен қағидалар құрайды. Қазақы дүниетаным, ақыл-ой, тағылымдық ұлағат ғасырлар бойы шыңдалып қалыптасты.
Ұлттық құндылықтар – ұлттық идеяның негізгі өзегі, ұлт қалыптасуының басты факторларының бірі. Осы ұлттық идеяны іске асыратын басты фактор мемлекет болып табылады. Ұлттық идея – туған жер, өскен орта әсерлерінен қалыптасып, халықтың тілі, ауыз әдебиеті, салт-санасы, әдет-ғұрпы, ырымдары мен тыйымдары арқылы жүйеленген сезім. Ол – ұлттың болмысы, психологиялық өзіндік ерекшелігі.
Осы ретте, аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде ұлттық құндылықтар мен қазақ халқының сал-дәстүрлерін дәріптейтін түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен, Қызыларық ауылдық округі Ақтөбе ауылдық клубының мамандары «Атадан қалған асыл сөз» атты мәдени шара ұйымдастырды. Шарада Ақтөбе ауылының тұрғыны, қадірменді қария Аманияз Кәрібаев ақ батасын беріп, батаның қазақ халқының тұрмысындағы маңызын түсіндірді. Қария жастарды батаны өмірде қолдана білуге, бата беріп үйренуге баулып, имандылыққа, салт-дәстүрді дәріптеуге тәрбиелеуді жеткізді. Сонымен қатар, Қосбөлтек ауылының тұрғыны Ләйлә Сұлтанбекова құрақ құрауды жанұясындағы қыздарына үйретіп, ұлттық құндылықтарын ұрпақтарына дарытып отыр.
Ұлттық құндылықтар қазақ халқының мәдениетімен сабақтас екені белгілі. Осы ретте, қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан қазақ халқының салт-дәстүрлері мен ғұрыптарын мәдениет қызметкерлері жұмыс барысында кеңінен насихаттаса, онда ол ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, халқымыздың өмірінен маңызын жоймай мәдениетімен бірге қалыптасады. Сол себепті, біз асыл халықтың ұрпағы ретінде ұлттық құндылықтарымызды сақтап, келер ұрпаққа аманат етуіміз керек.

Фариза Оразымбетова,
аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің
бас маманы

Таңдаулы материалдар

Close