Qoǵam

Тiркеу жүргiзу саласындағы әкімшілік құқықбұзушылықтар

Жылжымайтын мүлік түсінігі, оны тіркеу тәртібі мен мерзімі Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 26 шілдедегі №310 «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу» туралы Заңымен айқындалады. Осы Заң жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу саласындағы мақсаттарды, міндеттер мен құқықтық негіздерді белгілейді.
Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу – осы Заң мен өзге де заңдарда белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жылжымайтын мүлікке құқықтардың (құқықтар ауыртпалықтарының) туындауын, өзгеруін немесе тоқтатылуын және құқықтық кадастрдағы мемлекеттік тіркеудің өзге де объектілерін мемлекеттің тануы мен растауының міндетті рәсімі.
Жылжымайтын мүлікке құқықты тіркеу – мүлікке құқығыңызды растайтын міндетті рәсім. Жылжымайтын мүлікке құқықты тіркеу мүліктің толыққанды иесі атану, өзіңізді алаяқтықтан қорғау және келешекте оған қатысты операцияларды кедергісіз орындау үшін қажет.
Жылжымайтын мүлік – жер учаскелері, ғимараттар, құрылыстар және жермен тығыз байланысты өзге де мүлік, яғни мақсатына шамадан тыс зиян келтірілмей көшірілуі мүмкін болмайтын объектілер. Жылжымайтын мүлікке белгілі бір орынмен тығыз байланысты нәрсенің бәрі жатады, яғни еш зарарсыз орнын ауыстыру қиынға түсетін нәрселер.
Сонымен қатар, жылжымайтын мүлік бастапқы және кейінгі нысандар болып екіге бөлінеді. Бастапқы нысандарға ерекше атқарымдық мақсаты бар ғимараттар мен құрылыстар, қала құрылысының маңызды нысандары, ал екінші мәртеліктерге – жекелеген (бөлінген) құқық обьектілері (бірінші мәртелік обьектінің құрамына кіретін пәтерлер, жапсарлас салынған үй жайлар, дүкендер мен офистер) жатады.
Біздің, яғни ҚР азаматтарының әрқайсының ЖСН және жеке куәлігі бар болатыны секілді, ел аумағындағы жылжымайтын мүлік нысандарының да өзіндік бірегей нөмірі (кадастрлық нөмірі) және техникалық төлқұжаты болады.
Кадастрлық нөмір – жылжымайтын мүлік объектісінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен берілетін Қазақстан Республикасының аумағындағы жеке, қайталанбайтын нөмірі.
Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді енгізген сәттен бастап құқықтық кадастр және құқық белгілейтін құжат жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтарды (құқықтар ауыртпалықтарын) растайтын бірден-бір ақпарат көзі болып табылады.
Құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесінде және құқық белгілейтін құжатта қамтылатын мәліметтерде алшақтық болған жағдайда, тіркеу ісінде тіркелген құқық белгілейтін құжатқа басымдық беріледі.
Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді тіркеуші органдар жылжымайтын мүлік объектісінің орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүліктің сәйкестендіру және құқықтық кадастрды жүргізуге қажетті басқа да сипаттамаларын ескере отырып жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 26 шілдедегі №310 «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу» туралы Заңының 9-бабында мемлекеттік тіркеуге құжаттарды беру мерзімі айқындалып көрсетілген, осы баптың 4 және 5-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, тұлға құқық (құқық ауыртпалығы) туындауы үшін негіз болып табылатын заңдық факт басталған, оның ішінде шартты нотариат куәландырған, сот шешімі күшіне енген, өзге де құқық белгілейтін құжаттар берілген кезден бастап алты айдан кешіктірмей мемлекеттік тіркеу туралы өтінішпен жүгінуге міндетті, ал осы баптың 2-тармағында жеке және (немесе) заңды тұлғалардың осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзімді бұзуы Қазақстан Республикасының заңында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады делінген. Бұл жауаптылық Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V «Әкімшілік құқық бұзушылық» туралы Кодексінің 460-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Қазақстан Республикасының аумағында әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған тұлға осы Кодекс бойынша жауаптылыққа жатады.
Осы Кодекстiң Ерекше бөлiгінде көзделген құқық бұзушылық құрамының барлық белгiлерi бар іс-әрекет жасау әкiмшiлiк жауаптылықтың негiзi болып табылады.
Кодекстің 460 бабы Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуге құжаттарды беру мерзімін бұзу:
1. Жеке және (немесе) заңды тұлғалардың жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуге құжаттарды берудің «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мерзімін бұзуы – ескерту жасауға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған дәл сол әрекет – жеке тұлғаларға – он, заңды тұлғаларға жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 26 шілдедегі N 310 «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу» туралы Заңының 18-2-бабының 3-тармақшасы талаптары негізінде тіркеуші орган жеке және (немесе) заңды тұлғалардың осы Заңның 9-бабының 1-тармағында белгіленген мерзімдерді бұзу фактілерін анықтайды және уәкілетті органды бұл жөнінде мемлекеттік тіркеу жүргізілетін кезге дейін хабардар етеді;
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнаманың міндеттері – адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн, халықтың денсаулығын, санитариялық-эпидемиологиялық бақуаттылығын, қоршаған ортаны, қоғамдық имандылықты, меншiктi, қоғамдық тәртiпті және қауiпсiздiктi, мемлекеттiк билiктi және мемлекеттік басқаруды жүзеге асырудың белгiленген тәртiбiн, ұйымдардың заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделерiн әкiмшiлiк құқық бұзушылықтардан қорғау, сондай-ақ олардың жасалуының алдын алу.
Осы мiндеттi жүзеге асыру үшiн әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнама әкiмшiлiк жауаптылықтың негiздерi мен қағидаттарын белгiлейдi, қандай іс-әрекеттердiң әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар болып табылатынын және оларды жасағаны үшiн қолданылатын жаза түрлерiн, сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған тұлғаға қандай әкiмшiлiк жаза қолданылуы, қай мемлекеттiк органның (лауазымды адамның) және қандай тәртiппен қолдануы мүмкiн екенiн айқындайды.
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi кодекстің 682-бабының 3) тармақшасында көрсетілген уәкiлеттiк берiлген мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары қарайды. Ал, осы кодекстің 695-бабының талаптары бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттiк тiркеу саласындағы уәкiлеттi орган осы Кодекстiң 460-бабында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарайды. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға және әкiмшiлiк жазалар қолдануға жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттiк тiркеу саласындағы уәкiлеттi органның, оның аумақтық бөлімшелерінің басшылары мен олардың орынбасарлары құқылы. Осы 460 бап бойынша әкімшілік құқық бұзушылық істерді қарауға және әкімшілік жазалар қолдану әділет органының құзіретіне жатады.
Қазақстан Республикасының әдiлет органдары, өз құзыретi шегiнде мемлекеттiң қызметiн құқықтық қамтамасыз етудi жүзеге асыратын, мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың жұмысында заңдылық режимiне қолдау жасайтын, азаматтардың және ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ететiн атқарушы билiк органдары болып табылады.

Нәзира Құлманова,
Жамбыл ауданаралық
әділет басқармасының басшысы.
Қазақстан заңгерлер
одағының мүшесі

Таңдаулы материалдар

Close