Qoǵam

Жалақы қарызын болдырмау – басты міндет

Жалақы – жұмыскердің біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігіне, санына, сапасына және жағдайларына қарай еңбек үшін төленетін сыйақы. Сондай-ақ өтемақы және ынталандыру сипатындағы тараптардың келісімімен белгіленетін алайда, заңдарда белгіленген шектен кем болмауы тиіс ай сайынғы ақы, төлем. Ал, негізгі жалақы – тарифтік мөлшерлемелер, лауазымдық айлықақылар, кесімді бағалар бойынша төлемді қамтитын жалақының салыстырмалы түрдегі тұрақты бөлігі және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында, салалық келісімде, ұжымдық және (немесе) еңбек шарттарында көзделген тұрақты сипаттағы төлемдер.

Қазақстан Республикасының заңдарында еңбек үшін қандай да бір кемсітусіз және заңда белгіленгеннен төмен емес ақы төлеу қағидасы белгіленген. ҚР Конституциясы және ҚР Еңбек заңдары бірдей еңбек үшін, яғни, бірдей ұзақтықтағы, күрделіліктегі еңбек үшін жыныс, нәсіл, жас, ұлт және т.б. белгілері үшін кемсітусіз бірдей ақы төлеуді кепілдейді. Қазақстан Республикасының Конституциясы еңбек үшін қандай да бір кемсітусіз және заңда көзделген ең төмен мөлшерден кем емес ақы алу құқығын бекіткен. Аталған анықтамалықтары әзірлеу мен қолданудың тәртібін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілейді. Орындалған жұмыстарды белгілі бір күрделі жұмысқа жатқызуды және қызметкерлерге біліктілік разрядтарын беруді жұмыс беруші жұмыстар жұмысшылар кәсіптерінің біліктілік анықтамалығына және қызметшілер лауазымдарының анықтамалығына сәйкес дербес жүргізеді. Қазақстан Республикасы Конституциясы 24-бабының мазмұны бойынша азаматтардың еңбегіне өз уақытында ақы төленуге конституциялық құқығын қорғау мемлекеттік саясаттың басымдыққа ие бағыттарының бірі болып табылады. Бұл ережелерге орай қызметкерлерге жалақы мен заңнамамен белгіленген өзге де төлемдерді төлемеу адам мен азаматтың негізгі конституциялық құқықтарына қол сұғушылық болып табылады.
Еңбекке ақы төлеу мәселелерінде мемлекет айлық және сағаттық жалақының ең аз мөлшеріне, мерзімінен тыс және түнгі уақыттағы жұмыс үшін төлемге, мереке және демалыс күндеріндегі жұмыс үшін төлемге кепілдік беретін болады. Еңбекке ақы төлеу саласындағы мемлекеттік кепілдіктер Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 102-бабымен бекітілген және 1) айлық жалақының ең төмен мөлшерін; 2) сағаттық жалақының ең төмен мөлшерін; 3) үстеме жұмысқа ақы төлеуді; 4) мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа ақы төлеуді; 5) түнгі уақыттағы жұмысқа ақы төлеуді; 6) жұмыскердің жалақысынан ұстап қалудың мөлшерін шектеуді; 7) жалақы төлеудің тәртібі мен мерзімдерін қамтиды және еңбекке ақы төлеу саласындағы мемлекеттік кепілдіктердің іске асырылуын мемлекеттік бақылауды, жалақы төлеудің тәртібі мен мерзімін қамтиды. Жалақы төлеудің мерзімдері мен тәртібі Еңбек кодексінің 113-бабымен көзделген. Жалақы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында ақшалай нысанда белгіленеді және айына бір реттен сиретпей, келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей төленеді. Жалақы төленетін күн еңбек шартында көзделеді. Жалақы төленетін күн демалыс немесе мереке күндеріне тура келген кезде төлем олардың қарсаңында жүргізіледі. Жалақы төлеу кезінде жұмыс беруші әрбір жұмыскерге тиісті кезең ішінде оған тиесілі жалақының құрамдас бөліктері, жүргізілген ұстап қалулардың мөлшерлері мен негіздері туралы, оның ішінде ұстап қалынған және аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы, сондай-ақ төленуге тиісті жалпы ақша сомасы туралы мәліметтерді жазбаша немесе электрондық нысанда ай сайын хабарлауға міндетті.
Жұмыс беруші жалақыны толық көлемде және еңбек шартында белгіленген мерзімдерде төлемеген кезде жұмыс беруші Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады. Жұмыс беруші төлем кідіртілген кезең үшін жұмыскерге берешек пен өсімпұл төлейді. Өсімпұл мөлшері жалақы төлеу жөніндегі міндеттемелерді орындау күніне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесі негізге алына отырып есептеледі және төлем жүргізілуге тиісті келесі күннен бастап мерзімі өткен әрбір күнтізбелік күн үшін есепке жазылады және төлем жасалған күнмен аяқталады.
Мемлекет еңбек ету бостандығы құқығына кепілдік береді. Еңбек ету бостандығы құқығына сәйкес, қызмет саласын таңдау қызметкердің өзіне беріледі және қызмет түрін таңдағанда қызметкер оған қамтамасыз етілетін әлеуметтік кепілдіктердің деңгейін Кодекске сәйкес еңбекақы алу, жұмыс уақытын шектеу құқығы, ұзақтығы ең аз еңбек демалысын алу құқығы және қоғамдық әлеуметтік кепілдіктерге жататын басқа да құқықтар жайлы білуге тиіс. Қызметкерлер көрсетілген құқықтарды өндірістің жетістіктеріне тәуелсіз пайдалануы керек.
Кәсіпорындардың, мекемелердің басшылары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамаларының талаптарын сақтап, жұмыскерлердің жалақысын уақытылы және толық төлеуге міндетті.

Гүлжан Бәкірбаева,
Жамбыл облысы бойынша
мемлекеттік еңбек инспекторы

Таңдаулы материалдар

Close