Qoǵam
Мерекелік дастарқан жайылды
Тәуелсіздік туралы сөз қозғағанда алдымен аға буынның өкілдері туралы, олардың тәуелсіздік тұғырын бекітуге атсалысқан, тәй-тәй басқан жас еліміздің ертеңіне сіңірген ерен еңбектері туралы айтпай кетуге болмайды. Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында өз салалары бойынша жұмыс жасаған азаматтардың алды қазіргі таңда зейнет жасына жетіп қалды. Кейбірі құрметті демалыста. Олардың дені қазір де қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ел дамуына араласып келеді.
Тәуелсіздік күні мерекесінің қарсаңында Б.Момышұлы ауылы әкімі аппаратының және ауылдық ардагерлер кеңесінің бастамасымен, сонымен қатар ауыл кәсіпкерлерінің демеушілігімен мерекелік дастархан жайылды. Аудан орталығындағы «Райхан» мейрамханасындағы мерекелік дастарқанға ауданға еңбек сіңірген азаматтар, қадірлі-сыйлы қариялар, көпбалалы аналар шақырылды.
Мерекелік дастарқанды Б.Момышұлы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Кемелбек Дәуренов ашып, қонақтарға игі тілегін білдірді. Ал еңбек ардагері, ауылдың сыйлы қариясы Шәкір Рахманқұлов ақ батасын берді. Келесі кезекте аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, облыстың Құрметті ардагері Естемес Аманбеков сөз алып, жиналғандарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, тәуелсіздік тарихынан сыр шертті. Қазақстанның алғашқы жылдардағы қиындықтары, қазіргі замандағы еліміздің гүлденуі мен дамуына аянбай атсалысып, еңбек еткен аға буынның еңбектерін, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, сонымен бірге ел басқарған азаматтардың ел дамуына қосып отырған үлесін атап өтті. Сонымен қатар, аға буын өкілдерін ардагерлер ұйымының жұмысына белсене араласуға шақырды.
Ауыл ардагерлерінің арасынан ауданның Құрметті азаматы, «Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің иегері Дәулетжан Байдалиев, ауданның Құрметті азаматы Әсия Сағындықова, зейнеткер-ұстаз, бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы Бекзат Пәнеева, мәдениет саласының үздігі Райгүл Әбделиева, еңбек ардагері Арнольд Шеслер сөйлеп, замандастарын алда келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Мерекелік дастархан басында Б.Момышұлы ауылының әкімі Көбейсін Хайралапов ардагерлерге жүрекжарды тілектерін арнады. «Еңбек ер атандырар» демекші, шара барысында ауданның дамуына еңбек сіңіріп, биылғы жылы мерейлі 80 жасқа толған еңбек ардагерлері Мейірхан Жаманқұлов және Бибіжан Оразалиеваға ауылдық ардагерлер кеңесінің атынан сый-сияпаттар жасалды.
Ауыл әкімшілігінің және ауылдық ардагерлер кеңесінің бастамасымен жыл сайын ардагерлер мен көпбалалы отбасыларға қайырымдылық ретінде сый-сияпаттар жасалып келеді. Биылғы жылғы дәл осындай қайырымдылық шарасына ауыл кәсіпкерлері Оңласын Бүтінбаев, Нархоз Наурызқұлов, Ғалым Қожамқұлов, Нүрилә Мәлібекова, Әбен Жұмашев, Банати Ибрагимова атсалысып, демеушілік жасады.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
Суретті түсірген Сәбит Күзембаев,
«Жаңа өмір»