Qoǵam
Діни экстремизмнің қоғамға қауіптілігі сөз болды
Әлемдегі халықтардың қайсысы ұстанатын дін болсын жамандыққа шақырмайды. Тек жақсылыққа, игілікке үндейтіні белгілі. Алайда қазіргі таңда Ислам дінінің атын жамылған теріс пиғылды діни экстремистік және террорлық ұйымдар жазықсыз жандарға орасан зор залалын тигізіп жатыр. Қазір діни экстермизм мен терроризм мәселесі бүкіл әлем елдерін алаңдатып отыр.
Осы орайда діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес, сонымен қатар, ағарту жұмыстарын жүргізгеннің ешқандай артықшылығы жоқ. Жақында аудандық мемлекеттік архивінде «Діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өткізілді. Оған ауданның бас имамы Нұрлан Әмірбаев және БАҚ өкілдері шақырылды. Басқосуды архивтің директоры Ажар Ақбалаева ашып, күн тәртібіндегі тақырыпқа аз-кем тоқталды. Алғашқы сөз ауданның бас имамы Н.Әмірбаевқа берілді.
-Өздеріңіз білетіндей, Ислам діні – ізгілікті насихаттайтын жақсылыққа шақыратын дін. Ислам дүниедегі ең асыл дін. Бұл дінде ешқандай жаманшылықтар айтылмайды. Адамдарды жақсылыққа шақырады. Ислам адамзатты екі дүниеде бақытқа бастайтын дін. Өкінішке орай, қазір дін атын жамылып, ел ішінде бүлік шығарып жатқан теріс ниетті адамдар да кездеседі.
Біздің қазақ халқы ежелден Ислам дінін ұстанады. Асыл дініміз арқылы көптеген жақсылықтар мен иігіліктерді сезініп отырмыз. Діни сенім-наным ең алдымен адамның өз отбасынан басталуы керек. Отбасында күнделікті дініміздің қадірі, адамзат өміріндегі маңызды рөлі туралы әңгімелер айтылатын болса, соны тыңдап, бойына сіңіріп өскен балалар болашақта жақсы азамат болып қалыптасып, қоғамға өз пайдасын тигізеді. Елімізде мұсылмандардың діни басқармасы жұмыс жасайды. Дін туралы нақты мәліметтерді осы басқармаға қарасты мешіттер мен медреселерден алуға болады. Басқадай белгісіз ақпарат көздерінен, заңсыз ұйымдар таратқан мәліметтерге сенуге болмайды. Халқымыздың ұстанған дәстүрлі дінімізді ұстанып, елге адал қызмет етуге шақырамын, – деді бас имам.
Басқосу барысында аудандық мемлекеттік архивінің директоры Ажар Ақбалаева, аға архивист Асхат Әмірәлиев, архивист Рүстем Қайыпбеков имамға сұрақтар қойып, діни тұрғыдан жауаптар алды.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»