Qoǵam
Екпе алу арқылы тұтас елімізді аман сақтаймыз
«Жұт жеті ағайынды» демекші, адамзат өміріне қауіп-қатер әкелген коронавирус індетімен күресіп жатқанымызға да бір жылдан асып барады. Қауіпті індеттің ауыздықталар түрі көрінбейді. Бұқаралық ақпарат құралдарынан күнделікті естіп, біліп отырғанымыздай, Қазақстанда да індеттің таралуы бәсеңдейтін емес. Еліміздің бірқатар өңірлері «сары аймақтан» «қызыл аймаққа» өтуде. Бұл әрине, індеттің өршігенін білдіреді. Сондықтан бұрын-соңды газет беттерінде жазып жүргеніміздей, сақтық шараларын қатаң сақтауымыз қажет. Бұл – індеттің алдын алуда оң әсер ететін басты шара.
Одан бөлек, адамдарды індетке қарсы вакцинациялау да қазір мемлекет тарапынан қабылданып отырған маңызды шаралардың бірі. Ең алдымен осыған жете мән бергеніміз жөн сияқты. Олай дейтініміз, қазір вакцинациялау туралы ел ішінде алыпқашпа әңгімелер көп. Індет басталғалы бері осындай негізсіз әңгімелер ел ішінде желдей есіп жүр. Әлбетте, әрбір адамның өзіне тән жеке пікірі бар. Дегенмен, шынай ресми ақпараттарға жүгінгеніміз жөн.
Вакцинациялау туралы айтар болсақ, коронавирусқа қарсы вакцинация 2021 жылдың 1 ақпанында басталғаны белгілі. Қарағанды фармацевтикалық кешені шығаратын ресейлік «Спутник V» вакцинациясы қазір сұранысқа ие. Ақпарат көздеріне сүйенсек, «Sputnik V» – коронавирустық инфекцияның алдын алуға арналған әлемде тіркелген алғашқы вакцина. Ол Ресей Федерациясы Денсаулық сақтау министрлігінің Н.Гамалея атындағы Эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығында (ҰЗО) жасалып шығарылған. Вакцина екі компонентті, ол адамның аденовирус векторы негізінде әзірленген. Қазақстанда ресейлік вакцина Қарағанды фармацевтикалық кешенінде шығарылады. Дәлірек айтқанда, Ресейден субстанция жеткізіледі, ал Қазақстанда сол субстанциядан дайын зат жасалады. Қазақстандық материалдар мен шикізат пайдаланылады.
Қауіпті індетке қарсы екпе алғандардың бірі ретінде індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлерін айтуға болады. Өйткені, коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация жасауға коронавирустық инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары медицина қызметкерлері жатады. Ең бірінші кезекте инфекциялық ауруханалардың, жедел медициналық көмектің, реанимация және интенсивті терапия бөлімшелерінің, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының, стационарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының персоналы, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің қызметкерлері екпе алуда.
Аудандық орталық аурухананың эпидемиолог дәрігері Самат Мамыралиевтың айтуынша, ауданда вакцинациялау қарқынды жүргізілуде екен. Оның ішінде ең алдымен тәуекел тобындағы медицина қызметкерлеріне екпе егілуде. Аудандық орталық ауруханаға қарасты бөлімдер мен медициналық мекемелерде барлығы 611 қызметкер болса, осы уақытқа дейін 345 медқызметкер вакцина салдырған. Екпе алғандардың ішінде 28 адам отандық «КазКовидин» вакцинасын салдырса, тиісінше, 317-сі «Спутник V» вакцинациясын қабылдап отыр. Алдағы күндері 58 қызметкерге екпе салынады деп жоспарлануда.
– Ел арасында айтылып жүрген коронавирусқа қарсы вакцинациялау туралы теріс пікірлердің бәрі шындыққа жанаспайды деп санаймын. Менің ойымша, табиғатында адам баласы үрей туғызатын, жалған пікірге көбірек көңіл бөлетіні белгілі. Сол себептен де мұндай жалған пікір тез тарайды. Ал медициналық арнайы білімі болмаған жағдайда адамдарға ондай ақпаратқа сену қиын емес. Халық арасында вакцинация жөнінде пікірлердің таралуына әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттардың таралуы әсер етіп отыр.
Ал өз жұмысыма келер болсам, 23 сәуірден бастап «Спутник V» вакцинациясының екінші компонентін егу жұмыстары басталады. Мұны вакцианциялаудың екінші кезеңі деп айтсақ та болады. Осыған сәйкес, аудандық орталық ауруханада «Спутник V» вакцинациясының 750 дозасы дайын тұр.
Жалпы аудан халқының ішінде 21 мыңнан астам тұрғынға вакцина салу жоспарланған. Бұл шамамен тұрғындардың 70-80 процентін құрайды. Қазір аудандық емханада арнайы кабинет жасақталып, екпе егу жұмыстары қырқынды жүргізілуде. Ең алдымен екпе медицина қызметкерлеріне, санитарлық-эпидемиялогиялық қадағалау басқармасының мамандарына салынса, одан кейін кезегімен педагогтарға, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне, мемлекеттік қызметшілерге, аудандық полиция бөлімі және ұлттық қауіпсіздік қызметінің мамандарына вакцинациялау жүргізілді. Екпе салдырғандардың қатарында ерікті түрде келген азаматтар да бар. Олардың саны 195 адамды құрайды. Екпе алғандардың арасында кері әсер еткен жағдайлар кездескен жоқ. Сондықтан аудан тұрғындарын қауіпті індеттің алдын алуда 90 процентке дейін оң көрсеткіш көрсетіп отырған вакцинаны салдыруға шақырамын. Бұл ең алдымен өзімізді, одан кейін жақындарымызды, тұтас қоғам мүшелерін індеттен қорғау үшін қажет,- дейді аудандық орталық аурухананың эпидемиолог дәрігері Самат Мамыралиев.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»