Qoǵam
қорғанудың тиімді жолы
Аты жаман індетпен күресіп келе жатқанымызға тура екі жылдың жүзі болды. Бұл ауру 2019 жылы Қытай мелекетінің Ухань қаласынан шығып, тез арада дүние жүзіндегі қаншама мемлекетке тарап үлгерді. Қаншама жақсы-жайсаң азаматтарымыз осы жаман індеттен көз жұмды.
Алпауыт мемлекеттер осы аурудың бетін қайтаратын вакцинаны ойластырып, шығара бастады. Әр мемлекет өз вакцинасын ұсынды.
Ақпан айынан бастап халықты жаппай вакцинациялау басталды. Алғашқы болып бұл топқа мұғалімдер, ақ халаттылар, мемлекеттік қызметкерлер жатқызылды. Уақыт өте қарапайым халық та салдыра бастады. Вакцинаның І,ІІ кезеңін толық қамтып, ұжымдық иммунитетті қалыптастырып болған соң, Американың Пфайзер компаниясы 12-17 жастағы балаларға, жүкті және емізулі аналарға арналған «Комирнати» вакцинасын шығарды. Бұл вакцинаны бірінші болып олар өз мемлекетінде сынамадан өткізді.
Біздің мемлекетте 15 қарашадан бастап аталған вакцинаны салуды бастады. Алдымен ауданда тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында мониторингтік топтар құрылды.
Вакциналарды ойлап шығару – медицинаның ең үлкен жетістігі. Өзіңізді және балаңызды денсаулыққа қайтымсыз зиян келтіретін, кейде өліммен аяқталатын қорқынышты аурулардан қорғаудың ең тиімді және кейде жалғыз жолы болып табылады. XXI ғасырда кейбір ата-аналар балаларын вакцинациялаудың тиімділігі мен қажеттілігіне қатысты әлі де күмәндануда.
Қаншама ата-ана екпе салдыруға қарсы болды. Ал, баласының денсаулығын ойлаған ата-аналар өз еріктерімен балаларына екпе салдыртты.
Осындай ата-ананың бірі – Гүлмира Дербісалиева. Ол аудандық перзентханада балалар мейірбикесі болып жұмыс істейді.
-Мен балама екпе салдырарда көп ойландым. Бірақ осы вакцинаның арқасында қаншама ауруға тосқауыл қойылды. Өздеріңіз білесіздер, кішкентай сәбилердің өзіне туылған күніне екі-үш болғанда екпе салынады, яғни туберкулезге, сары ауруға қарсы. Одан келе басқа ауруларға қарсы салына бастайды. Осының бәрі баланың иммунитетін жоғарылатады. Бала сол ауруға қарсы тұрады.
Сол себептен де қызымның екпе алуына ешқандай қарсылық білдірмедім. Қызым №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның 10 сынып оқушысы Жанерке Керімжанқызы. Ол сыныбында ең алғашқылардың бірі болып екпе салдырды. Ол көп ойланып, бізбен ақылдасып, бағыт-бағдар сұрады. Біз онымен саналы азамат ретінде санасып, екпе салдыруына ешқандай қарсылық білдірмей, әкесі екеуміз рұқсатымызды бердік. Негізінде, екпені ерте салдыртатын едік, алайда қызым шамалы ауырып қалды. Дегенмен денсаулығы жақсарған соң, ауруханаға екпе алуға бардық. Вакцинадан кейін қызым өзін жақсы сезінді. Екі-үш күн екпе салған жері ауырсынды, бірақ дене қызуы көтерілмеді. Әр адамның ағзасы әртүрлі. Бірақ бұл қалыпты жағдай деп ойлаймын.
Басқа ата-аналарға да қорықпай балаңыз үшін екпе салдырыңыздар деп айтар едім. Балаларымыз – біздің болашағымыз емес пе?! – дейді Гүлмира Манасқызы.
Аудандық аурухананың соңғы мәліметіне сүйенсек, «Комирнати» вакцинасын 12-17 жас аралығында 865 бала, 259 емізулі ана, 160 жүкті әйел салдырған. Ал, аталған вакцинаның ІІ кезеңінен 12-17 жас аралығындағы 154 бала, екі жүкті әйел, алты емізулі ана өткен.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»