Qoǵam

Жастар діни экстремизм мен терроризмге қарсы

Үстіміздегі жылдың басында Б.Момышұлы ауылы әкімдігі жанынан құрылған діни экстремизм мен терроризмге қарсы түсіндірме жұмыстарын жүргізуге бағытталған ақпараттық-насихаттық топ өз жұмысын жоспарлы түрде және тиянақты жүргізуде. Жұмыс тобы аудан орталығындағы барлық еңбек ұжымдарында, мектептер мен балабақшаларда жылына бір рет түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұрады.Жуырда осы ақпараттық-насихаттық топтың мүшелері №29 орта мектептің 9-10 сынып оқушыларымен «Жастар және дін» бағдарламасы аясында «Үлкендерді құрметтейік!» тақырыбында кездесу өткізді. Оны Бауыржан Момышұлы ауылы әкімдігінің бас маманы, ақпараттық-насихаттық топтың төрағасы Темірхан Қалиев ашып, жүргізіп отырды.
– Діни экстремизм мен терроризм мәселесі бүгінгі күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі болып табылады. Өйткені, лаңкестік қылмыс пен діни экстремизм дерті адамзат болашағына зор қауіп төндіруде. Ислам атын жамылып экстремизм мен террористік пиғылдарды, зорлық-зомбылықты таратып, қоғамды дүрліктіріп жүрген көптеген секталар, экстремистік топтар тамырларын терең жаюда. Осындай қауіпті ұйымдар туралы оқушылар, сіздер хабардар болуларыңыз керек,- дей келе, ол сөзді Б.Момышұлы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуреновке берді.
Кемелбек Дәуренұлы «Үлкендерді құрметтейік!» тақырыбында баяндама оқыды. «Дәстүрлі қазақ қоғамында жасы үлкен адамдарды құрметтеу рәсімі ежелден көрсетілетін. ХІХ ғасырдың аяғында неміс ғалымы Ф.Фон Шварц: «Қырғыз-қайсақтарда сұлтан, батырлармен қатар жасы үлкен, қартайған ер азаматтардың бәрі де кім екеніне, қандай тектен шыққанына қарамай, сый-құрметке бөленеді» деп жазған екен. Ежелден елімізде үлкендер барлық мерекелерде, жиын-тойларда құрметті орындарға, төрге шығарылады»,- дей келе, Кемелбек Дәуренұлы оқушыларға, жастарға арнап үлгі-өнеге боларлықтай мысалдар келтіріп, ата-ана, ұстаздар, ағайын-туыстарын құрметтеп, қадірлеуге шақырды.
– «Жаңбырменен жер көгереді, батаменен ел көгереді»- деп ата-бабаларымыз бекер айтпаған,- деп бастады өз сөзін мектеп директоры Мұхамеджан Бейшенов.- Біз кішкентайымыздан үлкендерді құрметтеуге, қадірлеуге тәрбиеленіп өстік. «Жастар – біздің болашағымыз!» деген сөзде үлкен үміт, болашаққа деген сенім тұр. Үлкендер, ол – ата-аналарыңыз, ұстаздар, жерлестеріміз, ардагерлер, аға буын жастар – еліміздің ертеңін құрап, көркейтеді деп сенім артуда.
Қасиетті Жуалының жастары жерлесіміз, Халық Қаһарманы, Батыр Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген қанатты сөзін ұран етіп, өмірлік ұстанымына айналдыруы керек.
Мектеп басшысы мектепте осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала келе, бүгінде білім шаңырағында 572 оқушы оқитынын айтты. Жалпы мектепте білім сапасы 69 пайызды, үлгерім-100 пайызды құрап отыр. Өткен оқу жылы мектеп бітірген 28 оқушының 25-і ҰБТ-ға қатысып, 93,3 пайыз білім сапасын көрсеткен еді. Биылғы оқу жылын да жоғары көрсеткіштермен аяқтауға мектеп түлектері бар мүмкіндіктерін пайдаланып, дайындалуда,- деді Мұхамеджан Пернеқұлұлы.
Кездесуді Темірхан Қалиев қорытындылап, оқушылардың сұрақтарына жауап берді.
Гүлмира Маханбетқызы.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close