Qoǵam
Эхинококкоз ауруының алдын алу
Эхинококкоз адамда екі клиникалық түрде – гидатидозды (бір камералы) және альвеолалы (көп камералы) түрінде байқалатын гельминтоз. Бауырдағы, өкпедегі, бас миындағы, жүректегі және сүйектегі көлемді процестер типі бойынша өтеді. Қоздырғыштары – таспалы гельминттер.
Эхинококкоз адам үшін де өте қауіпті ауру. Адам абайсыз жеміс-жидек, өсімдіктермен, сумен, тағамдармен құрттың жұмыртқасын жұтып қойғанда ауруға шалдығады.
Ауру қоздырғышы негізінен иттен, аздап қасқыр, шиебөрі, түлкіден тарайды. Итке ауырып өлген мал өлексесін не ішек-қарын қалдықтарын жегенде жұғады. Адамға ит арқылы жұғуы мүмкін. Адам ішегіне түскен эхинококк жұмыртқасы қан тамырына өтіп, одан қан арқылы бауырды, өкпені, т.б. ішкі органдарды зақымдайды. Адам эхинококкозбен ауырғанда әртүрлі белгілер байқалады. Мысалы, бауырды зақымдаса, адамның оң жақ бүйірі ауырып, әлсіздік, эхинокок өкпеге түссе, адам ентігіп, жөтеледі, түкірігінде қан пайда болады.
Бұл гельминтоздың мал мен жануарлар арасында кең тарауының басты себептері мынандай:
– иттердің жоспарлы түрде алдын ала ғылыми негізде белгіленген мерзімде дегельминтизацияланбауы.
– өлген немесе етке сойылған қойлардың және басқа да малдың эхинокок цистасымен залалданған өкпе-бауырын иттерге бере салу, иттерге жегізу.
-дегельминтизация жасаған дәріні бере салысымен иттерді босатып қоя беру, ал, нұсқауы, тәртібі бойынша дәріленген иттерді екі күн бойы байлауда ұстап, ішінен түскен нәжісті, құрттарды өртеп жіберу керек.
Эхинокок таспа құрттары көбінесе шопанның, малшының иттерінде көп кездеседі. Кейбір шаруашылықтардағы иттердің 70–80 пайызынан осы құрттарды табуға болады. Бір иттің ішінде мыңдаған, он мыңдаған таспа құрттар тоғышарлық тіршілік етеді. Көптеген ғылыми зерттеулерге қарағанда эхинококпен экстенсивті залалдану деңгейі осындай:
– шопан иттерінің 3,7 – 81 %-ға дейін;
– ауыл иттерінің 0,4 – 65 %-ға дейін;
– қала иттерінің 2,7 – 45 %-ға дейін.
Эхинококкоздың алдын алу және онымен күресу шаралары негізінен мыналарды қамтиды:
-адам, шаруашылық малдарының, ит және жабайы жыртқыш жануарлардың ауруды жұқтыруын алдын алу;
-санитарлық ағарту жұмыстары;
-медициналық және ветеринарлық ұйымдардың өзара ақпарат алмасуы;
-ауруды ерте анықтау мақсатында контингенттерге кезекті лабораториялық зерттеулерді жүргізу.
Адам, шаруашылық малдарының, ит және жабайы жыртқыш жануарлардың ауруды жұқтыруын алдын алу шараларындағы негізінен маңызды орын алатын жұмыстардың бірі иттер популяциясын шектеу, оларды қолда ұстау ережесі және дегельминтизация.
Қала және ауыл әкімшілігі иттерге санақ жүргізіп, тіркеуге алуы тиіс.
Коммуналды шаруашылықтар полиция өкілдерінің қатысуымен қаңғыбас иттерді жойып отыру керек.
Санитарлық ағарту жұмыстары эхинококкозбен күресуде үлкен рөл атқарады. Қазіргі кездегі ауру ошақтарын анықтау, профилактикалық шаралардың ұйымдастырылуы барысында денсаулық сақтау және ветеринарлық медицина ұйымдарының арасында тұрақты өзара ақпарат алмасу, яғни халық және жануарлар арасындағы эхинококкоз жағдайлары жөнінде мағлұмат беріп отырылуы қажет. Сонымен қатар, мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау орталықтарына ветеринарлық ұйымдардан ауыл шаруашылық малдарының (ІҚМ, шошқа, түйе және т.б.) эхинокок лавроцистімен және иттердің жыныстық жетілген эхинококк формасымен зақымдалуы туралы ақпарат уақытылы түсіп тұруға тиісті .
Эхинококкоз ауруының алдын алу үшін бұл мәселе мемлекеттік деңгейде қолға алынып, шаруашылықтағы малдарды толығымен мал дәрігерлері тексеріп, иттерге уақтылы дегельминтизация шараларын жүргізіп және әрбір адамның жеке тазалығын сақтау бағытында ел арасында санитарлық ағарту жұмыстары жақсы жолға қойылуы тиіс.
Эльмира КАИПБАЕВА,
аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының
санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің маманы