Qoǵam

ҚАНАТТЫҢ БИІККЕ САМҒАҒАН ЖЫРЛАРЫ

«Нағашым Сүйінбай мен Жамбыл еді,
Өлеңге екеуі де даңғыл еді.
Кім кепіл менің ақын болмасыма,
Өнерге тұнып тұрса жан-жүрегім?!
Әкем де өлең-жырдың дүлдүлі еді,
Кеудесі күйге толған бұлбұл еді.
Менің де өлең тулап көкірегімде,
Көгімде мейірленіп күн күледі», –
деп 14 жасында-ақ мектеп оқушыларының айтысында жарқ-жұрқ етіп, аталарының ақындық дәстүріне құлаш ұрған Жуалы жерінің арда ұлы Қанат Мырзаханұлы бүгінде елімізге танымал айтыс ақыны.
Үстіміздегі жылғы 26 ақпанда поэзия алыбы Жамбыл Жабайұлының 175 жылдық мерейтойына байланысты Тараз қаласында өткен республикалық ақындар айтысында Қанат Мырзаханұлы Бас бәйгені жеңіп алды. Бұл айтысқа еліміздің әр аймағынан 22 ақын жыр додасында бақ сынасты. Олардың арасында Рүстем Қайыртай, Шұғайып Сезімхан, Алтынкүл Қасымбекова, Олжас Отар сияқты майталман ақындар бар еді. Оныншы жұпта сахнаға шыққан дүлдүл ақын Рүстем Қайыртай мен Қанат Мырзаханның айтысы көрерменді әп-сәтте баурап алды. Олардың тапқыр сөздері, ұтқыр ойлары айтыстың көрігін қыздыра түсті. Бірақ Қанат Мырзаханұлының алмастай жарқылдаған өткір өлеңдері оның абыройын асқақтатып, жеңіске жеткізді. Екінші айналымда Түркістанның танымал ақыны Еркебұлан Қайназаровпен сөз қағыстырған Қанаттың бұл жолы да мерейі үстем болды. Қазылар алқасының мүшелері атақты актер Асанәлі Әшімов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, белгілі ақын Жанарбек Әшімжан, айтыстың дүлдүлі Бауыржан Қалиолла және басқалар жас ақын Қанат Мырзаханұлының айтысына жоғары баға беріп, Қанат Бас бәйгені жеңіп алып, облыстың абыройын асқақтатты. Бас бәйгенің дипломы мен 2 млн. теңгенің сертификатын тапсырған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қанатқа бұдан да зор шығармашылық табыстар тіледі. Сөз орайы келгенде естеріңізге сала кетейік, Қанат Мырзаханұлы 2019 жылы да Жамбыл Жабайұлына арналған айтыстың Бас бәйгесін жеңіп алып, автомашина мінген болатын. Қазақстанның әр түкпірінде тұратын талантты балалар туралы сыр шертетін «Будущее Казахстана» (2011ж) кітабы Қанаттың болашағынан зор үміт күтуге болатынын жазса, бүгін Қанат сол үмітті ақтап отыр деуге болады. Қанаттың өмірбаяны мен шығармашылығы «Қазақстанның айтыс ақындары» (Алматы, «Ан-Арыс» баспасы, 2013 ж.) энциклопедиясына енсе, 2020 жылы «Үш қиян» баспасынан шыққан «Үздік айтыстар» жинағына шымкенттік ақын Қажымұқан Абзаловпен, семейлік ақын Аруна Керімбекпен айтыстары енді. Сондай-ақ Қанаттың өлеңдері 2012 жылы шыққан «Жастар жырлайды» деп аталатын жас ақындардың жинағынан орын алды.
Қанат Мырзаханұлы Жамбыл облысы, Жуалы ауданы Б.Момышұлы ауылында дүниеге келген. Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің бакалавриатын, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің магистратурасын «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша бітірген. Техника ғылымдарының магистрі. Таеквондо (WTF) спортынан бірінші дан қара белбеу иегері, Қазақстан Республикасының спорт шебері, үш дүркін республика чемпионы.
Мектепте оқып жүрген кездің өзінде чемпион атанып, алтыннан алқа таққан Қанат әр алуан байрақты бәсекелерде Жуалы ауданының атын шығарды.
Бүгінде талантты айтыс ақыны ретінде Қанаттың есімі елімізге ғана емес, одан тыс жерлерге де мәлім. Ол Жуалыдағы Мыңбұлақ орта мектебінде оқып жүрген кездің өзінде айтыс сахналарында жарқырап көзге түсті. Мысалы, 2008 жылы Таразда өткен «Қазақстан, өркенде, қанат жайып ертеңге» айтысында Бас бәйгені жеңіп алды. 2009 жылы Жамбыл облысының 70 жылдығына арналған айтыста І орын, Оңтүстік Қазақстан облысында өткен Б.Момышұлын еске алуға арналған республикалық айтыста ІІ орын, Таразда өткен «Жыр алыбы Жамбылым» айтысында Бас жүлде, осы тақырыпта 2010 жылы Талдықорғанда өткен айтыста Бас жүлдені жеңіп алды. Көрнекті қазақ ақыны Ғ.Ормановты еске алуға арналған республикалық айтыста (2013 ж.) ІІ орын, «Қазақстан-Тараз» телеарнасының 20 жылдығына арналған айтыста ІІ орын, «Егемендік – ел бақыты» атты Алматы қалалық жас ақындар айтысында І орын, «Қазақшаң қалай, Алматы?» айтысында Бас жүлде алғанда Қанат не бәрі 17 жаста болатын.
2011-2012 жылдары Республикалық «Хабар» агентігі екі жыл қатарынан өткізген телевизиялық айтыста Қанат бірінші жылы І орын, екінші жылы Бас бәйге иегері атанды. Осы жылдары Астана күніне арналған айтыста, Оңтүстік Қазақстан облысында «Абылай хан мен Төле биді еске алу» айтысында Жамбыл облысы мен Жуалы ауданының намысын абыроймен қорғап шықты. 2013 жылы Талдықорғанда өткен студенттер айтысында Қанаттың мерейі үстем болып Бас бәйгені жеңіп алды.
Мектеп оқушысы, университет студенті кездерінің өзінде осыншама биікті бағындырған Қанат 2012 жылы «Қазақстан» ұлттық телеарнасы ұйымдастырған «Сөзмерген» бағдарламасында қазақтың шұрайлы тілі мен көркем сөздерін терең меңгергенін, сөз өнерінің шынайы шебері екенін көрсетіп, «Сөзмергені» атағы мен Бас жүлдені жеңіп алғаны бүкіл қазақ еліне белгілі.
2015 жылы Тәуелсіздік күніне орай Шымкентте өткен республикалық айтыста І орынды иеленген Қанат Мырзаханұлы «NEXIA» автакөлігін ұтып алса, 2019 жылғы қараша айында академик Қаныш Сәтпаевтің 120 жылдық мерейтойына орай Сәтпаев қаласында өткен халықаралық айтыста Қанат Бас бәйгені жеңіп алды. Сонымен бірге Қанат бұл жылы Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында өткен айтыстарда жоғары көрсеткіштерге жетіп, Жамбыл облысының абыройын асқақтатты.
Қанат Мырзаханұлы қайда жүрсе де туған жері – Жуалының тамаша табиғатын, жайсаң жандарын, ел азаматтарының жарқын істерін, еңбек адамдарының толайым табыстарын жырға қосып, өзінің туған елге деген перзенттік парызын ойдағыдай өтеп келеді.
Шоқан Құттыбаев,
журналист.

Таңдаулы материалдар

Close