Qoǵam

Сақтық пен саулықты саралайық

Үйлену тойы, туған күн және басқа да мерекелер – өте маңызды, бірақ денсаулық одан да маңызды екенін естен шығармайық. Індеттің одан әрі дендеп кетпеуі үшін тойды қысқартқан абзал.
Әсіресе біз көп қонақ шақырып той өткізгенді жақсы көреміз. Шақыратын қонақтардың санын барынша қысқарту керек. Мұндай шараларды кейінге шегеріп тастасақ, тіптен жақсы.
Той – қазақтың қазынасы. Ол рас. Жөнімен жасалған қуаныш отбасы мүшелерінің арасында ғана аталып өтілуі тиіс. Жан дүниеміз жаңарып, жақсылыққа ұмтылғанда ғана жер бетінен коронавирус толық тазарып, қуанышты өмірмен қайта қауышатын кез келер.
Бейнетті күннің беті қайтып, бет ашылар, шашу шашылар шаққа да жетерміз. Себебі қазақ бұдан да жаман күнде тойға барған, бара да береді. Тек ендігі тойларда сақтық пен саулықты саралап, ысырап пен ықыласымызды түзеп, қанағат пен қаражатты есептей алсақ болғаны.
Өмір болған соң ақ пен қараның, бақ пен наланың, қайғы мен қуаныштың қатар салтанат құратыны айдан анық. Қиын-қыстау заманда қыршыннан қиылып кетпей, азаттықтың таңына аман жеткен елімізді қайырлы күндер қарсы алса дейміз.
«Қазақтың тойы бітпесін!» дейміз-ау. Бірақ маңыздысы – денсаулық екенін естен шығармайық.

Құдайберген МЕДЕРБАЕВ,
еңбек ардагері.
Талапты ауылының тұрғыны

Таңдаулы материалдар

Close