Qoǵam

«Қауіпсіз Жуалы»: жуалылықтардың қауіпсіздігі үшін

аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Мергенбай Қойкеновпен сұхбат

– Мергенбай Бірлікұлы, «Қауіпсіз Жуалы» бағдарламасы қашан қабылданды және мақсаттары мен міндеттері туралы айтып берсеңіз.
– Аудан әкімдігінінің 2017 жылдың 25 желтоқсанындағы №630/1 қаулысымен 2018-2020 жылдарға арналған «Қауіпсіз Жуалы» бағдарламасы бекітілген болатын. Бағдарламаның басты мақсаты- аудандағы құқық бұзушылық деңгейін төмендету, аудан аумағында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу кезінде мемлекеттік органдардың, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың күш-жігерін біріктіру болып табылады. Бағдарлама аудан аумағында құқық бұзушылықтың деңгейін төмендетуге бағытталған іс-шаралардың кешенді жүйесі болып саналады. Олардың орындалуына кедергі болатын себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған ауқымды шара.
Қазіргі таңда аудандық полиция бөлімі осы бағдарламаның әр тармағында алға қойылған талаптар мен міндеттерді орындау мақсатында жұмыла жұмыс атқаруда.
– Бағдарламаны қабылдау барысында салада қолданылып жүрген оң тәжірибелер ескерілді ме?
– Әлбетте. Аталған құжат Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2018-2020 жылдарға арналған ұрлықтың алдын алу және болдырмау мақсатында қабылданған кешенді бағдарламасы негізінде және ұрлыққа қарсы жедел-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және қылмыстарды ашу мақсатында әзірленген. Осыған сүйене отырып, аудан әкімі мен аудандық полиция бөлімі бірлесіп, «Қауіпсіз Жуалы» бағдарламасын қабылдап отыр. Мәселен, соңғы кездері пәтер ұрлығы бойынша облыстың өңірлерінде «Көршінің қадағалауы» бағдарламасы тиімділігін көрсетіп отыр. Бір жаққа ұзақ сапарға шыққанда бұл туралы көршіңізге ескертіп қойғаныңыз абзал. Осы уақыт аралығында оның құлағы сіздің үй жағыңызға қарай түрік болып, көшеге немесе сіздің үй жағыңызға кімдердің келіп-кеткенін біліп отырады. Бұл пәтер ұрлығын азайту бағытында жақсы тәжірибе болып отыр.
– Бағдарламада қылмыс деңгейін жыл сайын он пайызға төмендету міндеті қойылып отыр. Бұл міндет қаншалықты өміршең?
– Бағдарлама аясында аудан аумағында оқу білім мекемелерінде жасөспірімдер арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында білім беру мекемелерімен бірге бекітілген жоспарға сай оқу орындарында жалпы 296 кездесу өткізіліп, жасөспірімдерге құқық тақырыптарында, жол ережелерінің бұзылуының, діни экстремизмнің, өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алу тақырыптарында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
«Қауіпсіз Жуалы» бағдарламасы аясында аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы өткен жылдың 12 айында аудан аумағында құқық бұзушылықтардың алдын алу, ескерту, қоғамдық қауіпсіздік пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырып өткізді.
Жалпы, соңғы жылдардағы статистикалық мәліметтерді салыстырып қарайтын болсақ, ауданда қылмыстық ахуал тұрақтанып келе жатқанын байқаймыз. Жүргізілген алдын алу жұмыстарының нәтижесінде тек өткен жылы 227 (2017 ж. – 282) қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, қылмыс көрсеткіші 19,5 пайызға төмендеген. Қылмыстың ашылуы 57,4 % (2017 ж. 50,5 %) құрады. Бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстары 132 (2017ж. – 169), яғни 37 дерекке төмендеді, ашылуы 41,5 пайыз (2017 ж. ашылуы – 35,5 пайыз), соның ішінде пәтер ұрлығы 16 (2017 ж. – 36), яғни 20 дерекке төмендеген, ашылуы 50,0 пайыз. (2017 ж. ашылуы 51,4 пайыз). Ұялы телефон ұрлықтары 30 қылмыс (2017 ж. – 40) 10 дерекке төмендеген, ашылуы 58,1 пайыз (2017 ж. ашылуы 50,0 пайыз). Есепті кезеңде мал ұрлығы 40 қылмыс (2017 ж. 53) 13 дерекке төмендеген, ашылуы 38,5 пайыз (2017 ж. ашылуы 25,0).
Иә, бүгінде аудандағы өзекті мәселелердің бірі мал ұрлығы болып отыр. Осыған байланысты аудан көлемінде мал ұрлығының алдын алу және қылмыстық жолмен табылған малдарды анықтау мақсатында, «Қауіпсіз Жуалы» бағдарламасы негізінде АПБ-нің қызметкерлері, жергілікті ауыл әкімдері және ветеринарлық мекемесінің қызметкерлері қатарынан жұмыс тобы құрылып, әр аптаның сенбі және жексенбі күндері мал базарға құжатсыз мал тасымалдаған, заңсыз ет өнімдерін тасымалдаған автокөліктер тексеріліп, 8 азаматқа қатысты әкімшілік іс-құжаттар толтырылды.
Мал ұрлығын болдырмау бағытындағы бірлескен кешенді алдын алу шаралары нәтижесінде былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, биыл ауданда мал ұрлығының орын алуы дерегі төмен. Мәселен, 2018 жылдың қаңтар-ақпан айларында 3 дерек орын алса, 2019 жылы 2 дерек орын алып отыр. Осы көрсеткішті жақсарту мақсатында жоғарыда атап өткендей, аудан әкімі, ауылдық округтер әкімдері, жергілікті учаскелік полиция инспекторлары, ветеринария қызметі мен мал (фазенда) иелері, сонымен қатар мал бағушылар арасында келісім-шарт жасалды. Осы шарт негізінде мал иесі мен мал бағушының арасында малға деген материалдық жауапкершілік туындайды.
Тағы да қайталап айтамын, мал ұрлығының бірден-бір себебі, мал иелерінің малдарын қараусыз жіберуінен орын алуда.
Аудандық полиция бөлімі ауданда қылмыс деңгейін азайту бағытында алдағы уақытта ІТ-технологиялардың жетістіктерін пайдалануды да көздеп отыр. Мәселен, мал ұрлығын азайтуға әуеде ұшатын аппараттар – неге дрондарды пайдаланбасқа?! Олар автокөліктер мен ат аяғы бармайтын жерлердегі жайылымдарда малдарды қадағалауға таптырмас көмекші құрал болар еді. Біз дрондарды аптаның әр күні әртүрлі бағыттарға ұшырып, сол аумақта жүрген малдың, көліктің және бейсауат адамдардың қозғалысын бақылауды жоспарлап отырмыз.
Қазір аудандық полиция бөлімінің материалдық-техникалық базасын нығайту шаралары жүргізілуде. Облыстық полиция департаменті ағымдағы жылдың алғашқы жартысында аумақтардағы барлық учаскелік полиция инспекторларын қызметтік автокөліктермен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Алға қойылған міндеттерді атқаруға кадрлардың біліктілігі де, іс-тәжірибелері де жеткілікті.
– Халықаралық тәжірибеге сәйкес бүгінде елімізде қылмыстық заңнаманы ізгілендіру, «түрме халқының» санын азайту мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Осы ретте ауданда бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандармен жұмыс қаншалықты нәтиже беруде? Олардың қылмысты қайталамауы бағытында нендей шаралар қолданылуда?
– Жуалы ауданы әкімдігінің 2019 жылдың 26 ақпанындағы № 72 қаулысына сәйкес 2019 жылға бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарына квота белгіленді. Осыған байланысты, аудандағы ірі кәсіпорындар саналатын «Жасыл-Жуалы» ШЖҚ МКК-не, «Бурный сүт компаниясы» ЖШС-не, «Жуалы су» ШЖҚ МКК-на, «Береке-2017» АШӨК-не, «Орақ-балға», «Зылиха» және «Боранды» ШҚ-на бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жалпы жұмыскерлер санынан 2 пайыздық квота қарастырылды.
Жуалы ауданының пробация қызметі халықты жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп, пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған жұмыссыздарды (шартты түрде, бас бостандығын шектеу, белгілі бір қызмет түрімен айналысуға шектеу қойылғандар, қоғамдық жұмыс істеуге жазаланғандар) бірінші кезекте жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуде. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінің 18-бабы 2,3,4 тармақтарына сай, ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 23 қазандағы №1134 Қаулысымен бекітілген пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету қағидаларына сай сотталғандарға жылына бір мәрте әлеуметтік көмек көрсетіледі. Өткен жылы отбасылық жағдайы нашар 10 сотталғанға көмек көрсетілді. 2019 жылы да 10 адамға көмек көрсету жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда пробация қызметінің есебінде тұрған бұрын сотталғандар арасында жұмыссыздар жоқ.
2018-2020 жылдарға арналған «Қауіпсіз Жуалы» бағдарламасы негізінде Жуалы ауданының полиция бөлімінің жеке құрамы аудан аумағында құқық бұзушылықтардың алдын алу, ескерту, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді нығайту, аудан аумағында қылмыстың жалпы жағдайы мен жедел жағдайды тұрақтандыру, бір сөзбен айтқанда, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аянбай жұмыстар жүргізетін болады.
– Мағыналы, мәнді сұхбатыңыз үшін рақмет! Жұмысыңызға табыс тілейміз!
Сұхбатты жүргізген
Абылайхан СӘРСЕН.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close