Qoǵam

Екі ауылда есеп берді

Қошқарата ауылдық округінің әкімі Жәнібек Мырзалиев ауылдық округке қарасты Қызтоған ауылының тұрғындары алдында есеп беру жиналысын өткізді. Жиын жұмысына аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Нарымбеков қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша есеп беру жиынын округ әкімі Ж.Мырзалиев ашып, 2020 жылы ауылдық округте атқарылған жұмыстар туралы есептік баяндамасын жасады. Сонымен қатар, ауылға қатысты мәселелердің шешімін табу мақсатында алдағы уақытта да жұмыстардың атқарыла беретінін жеткізді.
Жарыссөзде ауыл тұрғындары Несіпбай Құлынбаев, Қайрат Өтегенов сөйлеп, олар ауылдық округте атқарылған істерге көз жеткізіп отырғандарын айтып, ауылдық округ әкімінің есебін қанағаттанарлық деп бағалады.
Ауыл тұрғындары әкімге сұрақтарын қойды. Атап айтқанда, Қызтоған ауылының тұрғыны Жүзбай Тұртаев ауылдың батыс жағынан қар ұстайтын тосқауылдардың қашан орнатылатынын, бұл мәселенің 2019 жылы ауыл әкімінің есеп беру жиынында көтеріліп, әлі күнге шешімін таппай отырғанын баса айтты. Бұл сұраққа Ж.Мырзалиев: -Тосқауылдардың орналасатын жері шаруа қожалықтарына тиесілі болғандықтан, қожалық иелерінен келісім алынып, құжаттары тиісті мекемеге жолданды,- деп жауап берді.
Жиында одан бөлек, тұрғындар тарапынан ауылдағы Бүргенді көшесін жарықтандыру, ауыл маңындағы жайылымдық жерлердің тарлығы туралы мәселелер көтерілді.
***
Ауылдық округтің әкімі Ж.Мырзалиев келесі кезекте Ақтасты ауылы тұрғындарының алдында есеп берді. Жиын жұмысына аудандық мәслихаттың хатшысы Е.Тілеубеков және аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Нарымбеков қатысты.
Мұнда да ауыл әкімі 2020 жылы округте атқарылған жұмыстарды тізбелеп, алдағы жоспарлармен таныстырды. Кейбір мәселелердің тұрғындармен бірлесіп шешілетінін де жеткізді.
Келесі кезекте сөз алған аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков ауылдың жағдайы туралы, Ақтасты бастауыш мектебінің ғимаратын оңтайландыру мәселесіне де кеңінен тоқталды. Ал аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Нарымбеков ауыл тұрғындарына карантин режімінде сақтық шараларын барынша сақтау қажеттігін, бетпердесіз жүрмеу, әлеуметтік арақашықтық сақтау, сонымен қатар, көпшіліктің қатысуымен отбасылық мерекелік, еске алу жиындарын өткізбеу жөнінде ескертпе айтты.
Баяндамаға орай жарыссөзде ауыл тұрғыны Ж.Әзтаев сөйлеп, ауылдық округ әкімінің жыл бойы атқарған жұмыстарына оң бағасын берді. Тұрғындардың арасынан А.Үркінбаев Ақтасты ауылына ағынсу әкелу үшін арықтарды тазалап беруді сұранса, ал Н.Құралбеков ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында спорт алаңшасын салып беруге көмек көрсетуді сұранды.
Жиынды ауылдық округтің әкімі Ж.Мырзалиев қорытып, жиын барысында айтылған ұсыныстар мен ескертпелерді іске асыру жөнінде іс-шаралардың әзірленетінін, іс-шаралардың орындалу барысына жүйелі бақылау жасалатынын айтты.

Нұржан Манасұлы,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close