Qoǵam

Ниет болса, «екі қолға бір күрек» табылады

Қазіргі таңда кез келген қоғамның басты мәселесі – жұмыссыздық. Ал осы қоғамды кері тартар жұмыссыздықпен күрес ауданда қалай жүргізіліп жатыр? Бүгінде жұмыс орындарында қанша адам тұрақты жұмыспен қамтылды? Бұл сауалдың жауаптарын аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығынан сұрастырған болатынбыз.
Орталықтың мәліметі бойынша, ауданда халықты табыс көзімен қамтуға бағытталған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасына кешенді жоспар бойынша жалпы 2756 азаматты қатыстыру жоспарланған. Есепті мерзімде жалпы 1556 адам Бағдарламаға қатысушы ретінде тартылып, жылдық жоспар бойынша оындалуы 56,4 пайызды құрап отыр. Аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Нұрлан Әнуарбеков бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті.
-Ағымдағы жылдың сегіз айында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жалпы 2222 адам жоспарланып, 1209 азамат жұмыспен қамтылды, яғни оның ішінде 465 адам тұрақты, 743 адам уақытша жұмыспен қамтамасыз етілді. Бұл бағытта жұмыстар әлі де жалғасуда. Жұмысқа орналасу мәселесі бойынша жүгінген адамдардың ішінен жұмысқа орналасқандардың үлесі 73,0 пайызды құрады. Жұмыспен қамту органдарына қайырылған еңбекке жарамды 28 мүгедек жұмысқа орналастырылды.
Бағдарламаның 1-бағыты шеңберінде осы жылы қысқа мерзімді кәсіптік оқу курстарына жалпы 200 азаматтарды жолдау жоспарланды. Есепті мерзімде Қарасаз ауылдық округі Ақбастау ауылындағы №16 «Жуалы» колледжіне және облыстағы бірқатар колледждерге 205 азамат оқуға жолданып, оқу курстарына нақты 190 адам қатысты. Оқуын аяқтаған 125 азаматтың ішінде 34 тұлға жұмыспен қамтылды.
Облыстық бюджеттен- 38096,0 мың теңге бөлініп, 25088,0 мың теңгесі игерілді. Осы бағыт аясында аудан әкімдігінің білім бөлімінің ұйымдастыруымен құрылған мобильдік топтармен ауылдарда бағдарламаға кәсіптік даярлауға қатысатын үміткерлер тізімінің жинақталу, тіркеу жұмыстары жүргізіліп, 15 жас азамат техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау оқуына облыстағы колледждерге жолданды, – дейді Нұрлан Әнуарбеков.
Оның айтуынша, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының»» 2-бағыты аясында кәсіпкерлік істерін ашуға немесе кеңейтуге ниет білдірген 165 үміткер тізімге тіркеліп, оларға микрокредиттік ұйымдарға бағыттамалар берілген екен. Ағымдағы жылы кәсіпкерлікті дамытуға 142 қатысушыға 597 600,0 мың теңге берілуі қарастырылған. Есепті мерзімде 66 адамға жалпы 225 млн 800 мың теңге шағын несие берілген, оның ішінде 10 жас азаматтарға 30 млн теңге үлестірілген.
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында өткен комиссия отырысына 78 жоба ұсынылып, оның 60-ы оң шешімін тауыпты. Оның ішінде 29 жас азаматқа 13 млн 635 мың теңге және көпбалалы 10 отбасыға 5 млн 50 мың теңге, нысаналы топқа жатпайтын жеті адамға 1 млн 767 мың теңге, жалпы 20 млн 452 мың 500 теңге қайтарымсыз мемлекеттік гранттар берілген.
Қалдықтағы жалпы 61 адамға, оның ішінде бес көпбалалы отбасына және 56 жас азаматқа 30 млн 805 мың теңге берілуін ұйымдастыру жұмыстары жалғасуда.
Кәсіпкерлік ісін жаңадан ашуға ниет білдірген үміткерлерді «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлерді қолдау палатасының аудандық филиалы арқылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша осы жылы кәсіпкерлік негіздеріне 135 адамды оқыту жоспарланып, оқуға жолданған 135 білімгер оқуларын аяқтап, тиісті сертификаттарын алған. Қыркүйек айында екінші лек бойынша қосымша 210 азамат оқуларын бастаған.
Бағдарламаның 3-бағыты шеңберінде уақытша жұмыстарға жалпы 743 адам жолдама алған. Ал, қоғамдық жұмыстарға 338 жұмыссызды орналастыру межеленген екен. Есепті мерзімде 325 азамат жұмысқа жолданыпты. «Жастар іс-тәжірибесіне» 120 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып, 251 жас маман жұмысқа жіберілген екен. Бекітілген жылдық индикаторлық межеге сәйкес 610 жас азаматты тұрақты жұмыспен қамтылуы жоспарланып, 224 адам қамтылған.
«Жастар іс-тәжірибесін» уақытша жұмыс мерзімдері аяқталған 68 жас маманның ішінде 25-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Әлеуметтік жұмыс орындарына 120 адамды орналастыру жоспарланып, 167 азамат жұмысқа жолдама алған.
Бағдарламаға қатысушыларды жұмыс күші артық облыстардан жұмыс күші тапшы облыстарға ерікті түрде көшіру, қоныстандыру және келу өңірлерінде жұмыспен қамту бойынша тиісті ұйымдастырушылық іс-шаралар қабылдануда. Есепті мерзімде жалпы бес отбасы, яғни құрамында 16 адамы бар, олап ерікті түрде қоныс аударған. Солтүстік Қазақстан облысына бес адамды құрайтын бір отбасы, Павлодар облысына үш адамды құрайтын бір отбасы, Шығыс Қазақстан облысына сегіз адамнан тұратын үш отбасы қоныс аударған. Оларға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіліп, бүгінгі таңда көшуге ниет білдірген үш отбасының құжаттары әзірленіп, түйіндемелері мен мәліметтері аталған өңірлерге келісуге жолданған.
Жоғарыда аталған деректерге қарағанда, аудан тұрғындарын жұмыссыздықтан қорғау шаралары оңтайлы жүзеге асырылып жатқанға ұқсайды. Әрине, бұл бір ғана адамның немесе отбасының жағдайын жақсартумен шектелмейді, бүтін еліміздің әлеуметтік деңгейін жоғарылатып, экономикасын жақсартуға серпін берері анық.

Жазып алған
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close