Qoǵam

«Талап күшті, тәртіп қатал болатын»

дейді газетте корректор болып жұмыс істеген Орынкүл Бейсенбаева

Ғасырға жуық бай тарихы бар аудандық «Жаңа өмір» – «Новая жизнь» қоғамдық-саяси газеті Әулиеата өңіріндегі аудандар арасындағы жаңалықтың жаршысы, халық пен билікті жақындастырушы бұқаралық ақпараттық құралдарының бірі екені белгілі. Қасиетті қара шаңырақта небір атпал азаматтар, қаламы қарымды журналистер, еңбекқор қызметкерлер еңбек етті. Осы орайда газеттің 85 жылдық мерейтойына арналған мерекелік санына мақала дайындау мақсатында газет редакциясында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен Орынкүл Бейсенбаеваның үйіне арнайы барып, сұхбаттасқан едік.
– Алпысыншы жылдардың басында аудандық газетке корректор болып жұмысқа орналасқанда Сергей Носиков редактор болатын. Газетте 1965 жылға дейін еңбек етіп, тұрмыс құрған соң отбасылық жағдайыма байланысты жұмыстан шығып, біраз уақыт ұжымнан жырақтап қалдым. Тұңғышымды дүниеге әкеліп, жолдасымның жұмысы бойынша басқа ауылға қоныс аудардық. Жолдасымның жұмысы аяқталып, аудан орталығына қайта көшіп келіп, жаныма жақын салада еңбек еткім келді. Алайда, газет басшылығы бос орын жоқ екенін айтып шығарып салды. Жолдасым ерте қайтыс болып, екі баламен қалғандықтан құр қарап отыруға болмайтын еді. Ол кезде фабрика бар болатын. Сонда бардым. Бірақ фабрика менің салам емес екен. Онда да көп жұмыс істей алмадым. Жетпісінші жылдары редакцияға корректор болып штатпен жұмысқа қайта орналастым.
Ол кездегі «Жаңа өмір» – «Новая жизнь» газеті екі тілде жарыққа шығатын. Екі корректор, яғни, қазақ тілді газетті мен оқимын, орыс тілдіні Вера Карабута тексереді. Біздің кезіміздегі газеттің шығуы өте қиын болды. Әр мақаланы оқыған сайын, машинкада қайта теріп, қатесімен қайта шығатын. Мұқият қарап отырмасаң, қате көп кететін. Себебі, ленатипте Света Мантопкино деген қызметкер жұмыс істейтін. Орыс ұлтының қызы болғандықтан қазақшаны онша түсіне бермейтін еді. Біз бір беттегі қатені түзетсек, ол қайта екі-үш қате шығарып беретін. Қайта-қайта жөндеп, зер салып, бетке үңіліп қарап отыратынбыз. Қате кетіп қалса, жиналыс жасалып, айқай-шумен талқыланып, ұрыс еститінбіз. Талап күшті, тәртіп қатал болатын. Түн жарымға дейін жұмыс істеген кезіміз де болды. Осындай қарбалас тірлігі бар ұжымда 30 жылға уақыт еңбек еттім. Газетте тәуелсіздік алған жылдары жаппай қысқарту болып, әрқайсысымыз әр жаққа кеттік. Мен редакциядан кеткеннен кейін ешқандай мекемеде жұмыс істеген жоқпын,- деп Орынкүл Сартайқызы өткен күндерін еске алды.
Газет ардагері Орынкүл Сартайқызы бір ұжымда ауданға танымал журналистер Әбдіғапар Айтақов, Мырзай Нұрабаев, Мырзахан Ахметов, Шералы Шөкенов, Жамбыл Шоқыбасов, Бауыржан Үсенов, Мейірбек Мәтенов, Амангелді Ормантаев, Әбдібек Қоңырбаев, Икрамбай Тұрғынбеков, Рая Жабатаева, Талғар Сейталиев, Гүлмира Дембаева, Людмила Фоминская тағы да басқа да қызметкерлермен бірге газетті тұрғындарға уақтылы жеткізу мақсатында талмай жұмыс істеген.
-Аудан тұрғындарының сүйіп оқып, асыға күтетін «Жаңа өмір» газетінің 85 жылдық мерейтойы құтты болсын! Газеттің ғұмыры ұзақ, оқырманы көп, шығармашыл қызметкерлердің жазар ойлары ұтқыр болуына шын жүректен тілектеспін. Ұжымда бір атаның баласындай еңбек етіп жүрген қызметкерлердің отбасыларынан бақыт-береке кетпесін, – деп газет ардагері ақ тілегін жеткізді.
Қазіргі таңда Орынкүл апай Көлбастау ауылында ұлы Айдардың қолында немерелерімен бірге тату-тәтті ғұмыр кешуде.
Өз уақытында ауданның айнасы «Жаңа өмір» газетінің жарыққа шығуына сүбелі үлесін қосқан ардагерге денсаулығының мықты, отбасының аман болуына тілектеспіз.

Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close