Qoǵam
Нашақорлықпен күрес нақты, жүйелі жұмысты талап етеді
Аудан әкімдігінің жанындағы нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі аудандық комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырысты комиссия төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Ербол Жаңабаев ашып, жүргізіп отырды. Бірінші мәселе бойынша, яғни, жастар арасында нашақорлықтың алдын алу мақсатында өткізілген іс-шаралар туралы аудандық «Жастар ресурстық орталығы» директорының міндетін атқарушы Мейіржан Телеушов баяндама жасады.
-Нашақорлық – әлеуметтік ортақ мәселе, қоғамның дерті. Бүкіләлемдік дертке арнайы мамандар ғана емес, еліміздің әрбір тұрғыны қарсы күрес жүргізу керектігін айтып, жастарды саламатты өмір салтын ұстануға шақыру – әрбір азаматтың борышы.
Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мен «Жастар денсаулық орталығы» мекемелерінің бірлескен іс-шаралар жоспары және меморандум аясында жастар арасында нашақорлықтың алдын алу бойынша үстіміздегі жылдың алты айында барлығы 33 іс-шара өткізілді. Аудан тұрғындары арасында нашақорлық санатында тіркелген барлығы 40 адам болса, оның 13-і жастар. Жастар арасында нашақорлықтың алдын алу бойынша 11 кездесу, жеті «дөңгелек үстел» отырысы, 14 спорттық іс-шара, бір акция өткізіліп, шара барысында нашақорлықтың зияндығын насихаттайтын қажетті роликтер көрсетіліп, бүктемелер таратылды.
Өткізілген іс-шаралар уақтылы хаттамаланып, әлеуметтік желілерде 23 ақпарат, аудандық газетте үш мақала жарияланды. Алдағы уақытта да аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің жастар арасында есірткінің таралуы мен оған тәуелділіктің алдын алу мақсатындағы жұмыстары жалғасатын болады,- деді Мейіржан Телеушов.
Комиссия төрағасы Ербол Сәкенұлы: «Аталған 13 жас қай жастағы жастар, олармен нақты қандай жұмыстар атқарылуда?» деген сұрақтарына мардымды жауап ала алмады? Комиссия төрағасы баяндамаға қанағаттанбайтынын, яғни, нақтылықтың, жүйелі жұмыстың жоқтығын айтып, алдағы уақытта мақсатты, жастарға пайдасы тиетіндей медиа-жоспар жасап, жүйелі жұмыс істеуді, келесі комиссия отырысында осы мәселе басты назарда болуын тапсырды.
Комиссия мүшелерінің баяндама барысында аталған 13 жас қай жастағы жастар деген сұраққа баяндамашы мектеп жасындағы балалар деп жауап берді.
Комиссия мүшесі Сейітхан Жұмашев: «Жоғарыда аталған жастар қай мектептен, олармен қандай жұмыстар атқарылуда, олар жалғыз емес қой, олардың жанында кімдер жүр, олар қай уақытта немен айналысады, ата-аналары біледі ме, осы мәселелер бойынша аудандық полиция бөлімі, білім бөлімімен бірлесіп қандай жұмыстар атқарылуда?» деген сұрақтарын қойды. Алайда тағы да мардымды жауап жоқ.
Екінші болып аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрбай Ергебеков баяндама жасады.
-Аудан бойынша есепте тұратын нашақорлар саны – 40 адамды құрайды. 2019 жылға жаңадан есепке алынған нашақорлар саны – 11. Есептен шыққан нашақорлар саны – 4. Гашиш – 4, опий, полинаркомания, токсимондар есепте жоқ.
Нашақорлар динамикасы бойынша төрт топқа бөлінеді. Нашақорлар Д-есепте бес жыл тұрады және есептен шығаратын кезде ремиссия сатысымен нарко-тест жасау арқылы шығарылады.
Қазіргі уақытта, яғни, 2019 жылдан бастап аудандық ауруханада нарко-тест жасалынады. Нарколог маман Зоя Бердіходжаева арнайы курстан өткізілген,- дей келіп, алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Баяндамашыға да «нақты қандай мақсатты шаралар жүзеге асырылуда, шара қолдану үшін не істеу керек?» деген сауалдар қойылды. Баяндамашылардың жауаптарынан бұл өзекті мәселе бойынша жүйелі жұмыстың, жоспардың жоқтығы аңғарылып тұрды.
Аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов бұрын аудандық саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығы бар кезде есірткімен күресті насихаттау жұмыстары жақсы жүргізілетін, ал бүгінгі таңда бұл жұмыстың ақсап жатқандығын айтып, сондықтан осы орталық қайта ашылса деген ұсынысын жеткізді. Мақсұтбек Арзымбетовтың ұсынысына Сейітхан Жұмашев жауап берді: «облыстық мәслихатта денсаулық сақтау тұрақты комиссиясы бар. Сол жерде осы мәселе қаралды. Саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығы бүгінде жекеге өтіп кеткен. Бүгінгі таңда орталық жеке мекеме болып аталмағанымен, аудандық ауруханада осы мәселе бойынша үш медбике жұмыс істейді.
Денсаулық сақтау саласында бекітіліп жатқан бағдарламалар бойынша аурудың алдын алу арнайы бекітілген учаскелік дәрігерге бұйрықпен жүктелген. Әр дәрігерге үш медбикеден берілген. Бұл мамандар өзінің учаскесінде тіркеуде тұратын барлық адамдардың денсаулығы үшін жауапты»,- деп жауап берді.
Комиссия төрағасы Ербол Сәкенұлы алдағы кезекті отырыста осы мекемелер және үшінші полиция бөлімі есеп беретіндігін, бүгінгі айтылған сын-ескертпелер міндетті түрде назарға алынатындығын айтып, отырысты қорытындылады.
P.S. Отырыс барысында есепте тұрған нашақорлар арасында мектеп жасындағы оқушылар да бар деген сөз ойымнан кетпеді. Отырыстан шыға салысымен «Жастар ресурстық орталығы» директорының міндетін атқарушы Мейіржан Телеушовтан аталған 13 жасты талдауы туралы мәліметтерді беруін өтіндім. Оның ішінде әсіресе, «нашақорлардың ең жасы қай жаста екен?» деген ауыр сауал көкейімнен кетпеді.
Жұмысқа келген соң орталықтың маманы Жанболат Мұсақұлдан мәліметтерді анықтадым. Оның айтуынша, есепте тұрғандар саны – 13 емес, 8 және ең жасы мектеп жасындағы оқушы емес, 1998 жылғы яғни, 21 жастағы жас екенін естідім. Бұл айтылған екі түрлі мәлімет нені білдіреді? Біріншіден, жұмыстың жоқтығы, жұмысқа деген немқұрайдылықтың басымдығы. Жұмыс тек қағаз жүзінде ғана. Баяндамашы алған ескі мәліметке сүйеніп, есеп беріп тұр.
Басқа-басқа, Жастар жылында жастарға жігер беретін, көмек беретін жастар орталығы осылай жұмыс істесе, ауыл-ауылдағы жастардың жағдайын ойлайтын, мәселесіне көмек көрсетер деп үміт артып отырған жастар ісінің нұсқаушыларынан не сұрай аламыз?
Жалпы, жастар орталығы ғана емес, барлық салада немқұрайдылық жұмысты артқа тартып келе жатқаны жүрек сыздатады. Кейде осындай жағдайларды жиі ұшырастырғанда «еліміздің болашағы не болар екен?!» деген терең ой жаныңды жегідей жейді…
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»