Qoǵam

Дұрыс тамақтану – үздік білімге апаратын жол

Балалар мен жасөспірімді дұрыс тамақтандыру олардың денсаулығын нығайтып, дене және ой қабілетінің дамуына мүмкіндік береді, еңбек ету мен сабақ үлгеру қабілетін артырады. Егер тамақтану дұрыс ұйымдастырылмаса, тиімсіз, яғни жеткіліксіз болса, организмде метаболизм, зат алмасу бұзылып, оның айналадағы ортаның зиянды әсеріне және әртүрлі жұқпалы ауруларға қарсы тұру қабілеті төмендейді.
Балалар тамақтануының үлкендерге қарағанда, едәуір айырмасы болады. Үлкендерге тамақ организмдегі тіршілік процестерін қолдану үшін, әртүрлі жұмыстарға жұмсалған күш-қуатты қалпына келтіру үшін қажет болса, өсіп келе жатқан жас организмге тек өмірлік процестерді ғана қолдану үшін емес, сонымен бірге бүкіл организмнің өсу, даму, қалыптасу процесіне қажет.
Тағамның маңыздылығы – ол баланың ақыл-ой өрісінің дамуы мен қалыптасуы, баланың жасына сай организмге қажетті үйлесімді тамақпен толық қамтамасыз етілуі керек.
Тамақтың алуан түрлі болуын қадағалау, тамақтың әртүрлі топтарынан алынған өнімдерді қолдану керек. Қоректік заттардың жетіспеуін болдырмау үшін, күнделікті ас мәзірінде барлық топтардан алынған өнімдерді ескеру керек: дәнді дақылдар, көкөніспен жеміс және сүт өнімдері. Тамақтың құрамында өсімдік белоктарының және мал белоктарының қоспасы болуы тиіс, себебі сонда ғана біз бала организміне қажетті амин қышқылдарының түсетініне сенімді боламыз. Белоктан басқа, үлкендермен салыстырғанда, балалар кальций, фосфор және темір сияқты минералдық компоненттерді, сондай-ақ негізінде A, D, B1, B2, C PP дәрумендерін көп қажет етеді. Балаларға ауыр қорытылатын өнімдерді – көп мөлшердегі майға қуырылған (котлеттер, фри картобы, қуырылған картоп және т.с.с.) бермеңіздер, сондай-ақ қырыққабатты және қырыққабат тұқымдас көкөністерді (гүлді, брюссель қырыққабаты), пиязды, ірі бұршақ өсімдіктерін, әсіресе құрғақ (тек жасыл бұршақ пен үрме бұршағы) шамадан тыс көп бермеуге тырысыңыз. Балаларға кремі бар пирожныйларды және майының мөлшері көп пісірілген тәтті нандарды (мысалы, француз бөлкелері) газдалған сусындарды немесе жасанды бояғышы бар сусындарды бермеген дұрыс және жегізбеуге тырысыңыз. Көкөніс және жеміс шырындарын ішкені абзал. Мектеп жасындағы балалардың ас қорыту ағзаларының созылмалы ауруының алдын алу үшін бала организміне тағаммен дәрумендер мен минералдар толық түсіп тұруы қажет. Сондықтан, балаларды жастайынан дұрыс тамақтану тәртібіне үйреткен жөн.
Балалар келесі тәртіппен тамақтанған жөн:
-көп тамақ ішпеу;
-тамақ ішіп отырған уақытта бөгде іспен айналыспау (кітап оқу, теледидар көру);
-майлы, тәтті, ысталған және ащы тағамдарды, газдалған сусындарды көп пайдаланбау;
-тамақты тез ішпеу, бірыңғай құрғақ тамақтарды ғана қабылдамау, жүріп келе жатып тамақ ішпеу;
-чипсылар, кириешкилер, шоколадты батондар, гамбургерлер, чизбургерлер, пиццаларды жиі тұтынбау;.
Тамақты белгілі бір уақытта, күніне 4-5 рет қабылдау қажет. Тамақтың құрамына жеткілікті мөлшерде витаминдер мен минералды заттар болуы қажет.Қабылданатын тағамның температурасы қатты ыстық немесе суық болмауы керек.. Тамақтардың әртүрлі болғаны жақсы.
Тамақтану режимі және құрамы төмендегі проценттік қатынас негізінде болуы тиіс;
1 Таңертеңгілік ас 7.30 – 8.00 25%
2 Таңертеңгілік ас 11.00 – 11.30 10%
3 Түскі ас 14.00 – 14.30 35%
4 Түстен кейінгі ас 16.30 – 17.00 10%
5 Кешкі ас 19.00 – 20.00 20%
-Балалар тамағының аса маңызды бөлігі су болып табылды. Негізінен қолданылатын табиғи сусындар болуы керек. Көкөніс пен жеміс шырындарына, компотқа, морсқа, табиғи ауыз суға басымдық берілуі тиіс. Жиі-жиі әрі тез (қамырға орап пісірілген сосиска, гамбургер) тамақтар қолдану, семіздікке, зат алмасу бұзылыстарына, қан тамырларының атеросклерозы мен ағзаның ерте қартаюына әкеліп соқтырады.
-Есте ұстаңыздар! Тамақ дәмді, пайдалы және әртүрлі болсын. Сонда балаларға тағам күш-қуат беріп, ақыл-ойды күшейтеді. Дұрыс тамақтанған балалар – болашақтың сұлу да, сымбатты азаматы болып саналады.
Кәмшат Әміреева,
аудандық орталық аурухананың профилактика бөлімінің СӨС маманы

Таңдаулы материалдар

Close