Ұлдарымыз ержетіп, қыздарымыз бойжетіп, балалықпен қоштасуы – бүгінгі мектеп түлектерінің жүрек қағысы жиілейтін уақыттың бірі. Мектеп қабырғасында балалардың балдай балалық шақтары, күлкіге толы талай қызықты күндері мен бір-бірімен ренжіскен сәттері де қас қағым мезеттей өтті де шықты. Есейе келе, бір үйдің баласындай бір-біріне бауыр басып, үлкен өмірге қадам басу жолын бірге бастан өткерді. Балалар туған үйінен, туған-туыстардың жанынан жырақтап, арман қуып, қалауындағы мамандық иесі болуға дайындық үстінде. Бәрін алдағы сынақ шешетінін де сезіп жүргендей. Түлектердің мектеп бітіруі соңғы қоңырау соғылған күннен бастау алатыны белгілі. Осы күні жұмыстан шығып, аудан орталығындағы Жамбыл көшесінің бойымен келе жатып, орталық алаңда қасқайып тұрған қымбат көлікке көзім түсті. Көліктің ішінен мектеп оқушылары көтеріңкі көңіл-күймен түсіп жатыр. Үйлену тойларында жас жұбайлар серуендейтін мұндай қымбат көлік біздің ауданда жоқ-ау шамасы. Қаладан келгені көрініп тұр. Көлікке мінген оқушылар аудан орталығынан бастап ауыл-ауылды аралап жүрді. Өзім Көктөбе ауылының ішінен көлікпен өтетіндіктен алдымда кетіп бара жатқан темір тұлпар тағы да назарымды өзіне еріксіз аударды. «Апыр-ау, мұндай көлікке отырып, серуен құрған не деген бақыт десеңізші!» деген ой келді. Сәні мен салтанаты келіскен машинаның ішінен әуезді әуен, қыздардың сыңғырлаған күлкісі мен жігіттердің көңілді дауысы естіледі.
Расында да бүгінгінің балалары бақытты. Алайда, көліктің ішінде алаңсыз сауық-сайран құрып отырған олардың өмір қауіпсіздігіне кім жауапты? Жақында Инстраграмм желісіндегі «Информбюро 31» парақшасынан оқушылардың соңғы қоңырау салтанатынан кейін көлік апатына түсіп, жансақтау бөлімінде жатқанын оқыдым. Ауыр жағдайда жатқан балалардың кейінгі өмірі не болмақ?
Бұл мақаланы жазуға да осы оқиға түрткі болды. Иә, бұл жөнінде осы уақытқа дейін айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ, оған құлақ асар ешкім жоқ. Ушықпаса, басылатын түрі көрінбейді. Заман ағымына қарай, қазіргі уақыттың талабына сай десек те, ең бірінші балалардың өмір қауіпсіздігін ұмытпағанымыз дұрыс болар.
Осы күні тағы бір ескеретін жайт бар. Ол мектеп бітіруші қыздар сән салондарында балалықтың дәмі кетпеген әдемі жүздерін ерте есейгісі келетіндей әрлеумен әлек болып жатады. Жасандылыққа жаны құмар жастар ата-аналарын әуре-сарсаңға салып, артығымен сән-салтанат құратынын да айтпасқа болмайды. Сол салтанатты жиын күні таңдайынан ана сүті кеппеген өрімдей қыздар ерекшеленіп, үлкен өмірге аяқ басуға асыққандай болады. Мұны көргенде қос бұрымына ақ бантик таққан қазақтың қаракөз қыздарының қатары сиреп бара жатқанын аңғарғандайсың.
Мақала жазу барысында мектеп әкімшілігі мен түлектерден тақырып аясында аз-кем сұрақтар қойып, сұхбаттасқан едік.
-Марфуға Исаева, №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназия директорының құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
-Бұл біз үшін де ата-аналар үшін де өте жауапты кезең. 11 жыл бойы білім нәрімен сусындатып, тәрбиелеген балаларымыздың аман-есен болуы біз үшін де маңызды. Осы орайда, ата-аналарға балаларыңызға абай болыңыздар деп ескертіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ақпараттық хабарлама таратылды. Оларды ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 442 және 435-баптары, құқықтық кодексінің 15-бабы және ҚР «Жасөспірімдер арасындағы қараусыздық пен қаңғыбастықтың алдын алу» туралы Заңы түсіндірілді. Сонымен қатар, облыстық білім басқармасының №207 бұйрығы және аудан әкімдігі білім бөлімінің №13-1228 шығыс хаттарын басшылыққа ала отырып жұмыстар жасалды. Жалпы түлектердің ата-аналарымен жиналыс ұйымдастырылып, олар аталған заңдармен таныстырылды. Сондай-ақ, мектеп бітірушілердің кеші өтетін күні мектеп әкімшілігінің ер мұғалімдері кезекшілікке қойылатын болады. Балаларға мектепке тыйым салынған заттарды әкелуге болмайтыны қатаң ескертілді. Оқушыларға топ серуенге, суда шомылуға болмайтынын және көлікті жалға алып, дарақылыққа жол бермеуі жіті түсіндіріліп айтылды.
Зәуре Мәлікқызы, жас түлек:
– Мектеп бітіру – біздің ең бақытты шағымыз деп ойлаймын. Қазіргі таңда бойымызда қимастық сезімі басым болып тұр. Білім берген мұғалімдерден, сыныптас достарымыздан жыраққа кетіп, үлкен өмірге аяқ басқалы отырмыз. Әрине, мұның бәрін біз сөзбен жеткізу мүмкін емес.
Бұл күнді естен кетпестей өткізгіміз келеді. Мерекелік кеш болғандықтан қыздар кейде тым ысырапшылдыққа жол беріп жатады. Негізінен қыздардың соңғы қоңырау күні өткізілетін салтанатты жиында салондарға баруы дұрыс емес. Оған әлі ерте деп ойлаймын. Біз мектеп табалдырығын қарапайым қазақ қызы болып аттадық. Осы бала қалпымызбен мектеп бітіргеніміз жөн сияқты. Ал, мектеп бітіру кешінде әрине, өзіңе жарасымды киім киіп, сәнденгенің дұрыс. Мектеп түлектерінің көшеде қымбат көлік жалдап, айқай салып жүруіне де келіспеймін. Біз ең бастысы өз өміріміздің қауіпсіздігі мен амандығын ұмытпағанымыз абзал.
Құрметті оқырман бұл мақаланы жазудағы мақсатымыз – жасалып жатқан жақсы нәрселерді жоққа шығару емес, көпке ой тастау, тек тұрғындарға балалар өмірінің қауіпсіздігін түсіндіру, дарақылыққа, ысырапшылыдыққа жол бермеуге шақыру болып отыр.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»