Qoǵam
Әлемді вакцина құтқарады
Адамзат баласы өмір тарихында талай рет түрлі қауіпті жұқпалы аурулармен бетпе-бет келді. Жұқпалы аурулардың кесірінен қаншама халық қаза тапты. Медицина, ғылым саласы дамығанан кейін ғана бұл аурулардың беті қайтты. Қазір аса қауіпті болып көрінбейтін сары ауру, қызылша сияқты аурулардан да кезінде қаншама адам көз жұмды. Бүгінгі таңда бала туыла салысымен салынатын вакциналар осындай қауіпті аурулардың алдын алу үшін салынуда.
Бір жылдан астам уақыт әлемді әбігерге салған коронавирус індеті де аса қауіпті жұқпалы ауру. Індеттің кесірінен қаншама жақсы-жайсаңдарымыздан айырылып қалдық.
Ғалымдарымыз індетке қарсы вакцинаны ойлап тауып, дайындап жатқанда халық шынында қуанды. Алайда әлуметтік желі арқылы вакцина жайлы түрлі қауесеттер халықты алаңдатып, түрлі ойға қалдырғаны рас.
Коронавирус пандемиясына қарсы вакцинаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ресми түрде бекіткелі жарты жылға жуықтады. Содан бері әлемнің көптеген елі вакцина салуға кіріскен. Қазіргі таңда мұның нәтижесі анық байқалып отыр.
Әлем бойынша коронавирусқа қарсы екпе егуден Израиль көш бастап тұр. Бүгінгі таңда бұл ел тұрғындарының 60 пайызға жуығы вакцина алған. Нәтижесінде коронавирус жұқтырғандардың да саны күрт азайған.
Вакцина салдыру бойынша АҚШ-та жақсы көрсеткішке ие. Сонымен бірге Ұлыбритания, Германия, Испания елдерінде де вакциналау қарқынды жүруде. Бұл жаңалықтарды бұқаралық ақпарарт құралдары арқылы күнделікті естіп, көріп отырмыз.
Ал, біздің елімізде вакцина салдырғандар саны статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2 миллионнан асып отыр. Оның ішінде ауданымызда 5 мыңға жуықтады.
Халықты жаппай вакциналау туралы мақала жазу барысында байқағанымыз, ауруханаға саналы түрде отбасымен барып екпе қабылдап жатқандар мен ұжым болып топтасып вакцина қабылдап жатқандарға куә болдық. Бұл өте орынды шешім. Себебі, денсаулық бәрінен де қымбат. Отбасылық, ұжымдық иммунитет қалыптасыру індетпен күресте маңызды шара болып табылады.
Мен жұмысыма байланысты елдің арасында көп жүретіндіктен өзім мен отбасымды індеттен сақтау үшін вакцина қабылдадым. Бұл бір жағы менің отбасым мен қоғам алдындағы жауапкершілігім деп есептеймін.
Қазір елімізде эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келе жатқандай. Алайда бұл індеттен құтылдық деген сөз емес. Сондықтан әлі де денсаулығымызды күтіп, сақтанып жүрейік.
Өздеріңіздің сау, аман болуларыңыз үшін Сіздерді де вакцина салдыруға шақырамыз!
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»