Qoǵam
Алты пәтер тонаған баукеспе ұры ұсталды
Аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Мергенбай Қойкенов апта басында жергілікті БАҚ өкілдерін шұғыл жинап, аудандағы жедел криминогендік ахуалға, соның ішінде соңғы кезде жиілеп кеткен пәтер ұрлығына қатысты түсініктеме берді.
Мергенбай Қойкеновтің мәлімдеуінше, аудандағы криминогендік ахуал қалыпты, полиция органдарының жіті бақылауында, азаматтардың тыныштыққа және қоғамдық қауіпсіздікке алаңдауына еш негіз жоқ.
– Алдымен айтатын мәселе, өткен жылмен салыстырғанда, аудандық полиция бөлімінің жеке құрамының жедел әрекет етуінің арқасында биылғы жылы ауданда бөтеннің мүлкін ұрлау, соның ішінде мал және пәтер ұрлығы азайып, ашылу көрсеткіші де біршама жақсарып отыр.
Аудандық полиция бөлімінде жыл басынан бері 21 пәтер ұрлығы дерегі тіркелсе, өткен тоғыз айдың ішінде оның 16-сы ашылды. Бұл деректер бойынша қылмыстық іс қозғалып, бөлім қызметкерлері тарапынан жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Соның нәтижесінде міне, таяуда күдікті Т. есімді азамат құрықталды. Бүгінгі таңда оның алты бірдей пәтер ұрлығына қатысы бар екені белгілі болды. Айта кетерлігі, ол қылмыстың осы түрімен бұған дейін де айналысып, сотты болған. Келтірілген бұлтартпас дәлелдердің арқасында ол пәтер ұрлығына қатысы барын мойындады. Қазір ол қамауға алынды. ҚР ҚК 188-бабымен («Ұрлық») қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Өткен жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда мал ұрлығы деңгейі де екі есеге дерлік төмендеді. Мәселен, 2018 жылдың тоғыз айында мал ұрлығы 27 деректі құраса, биылғы жыл басынан бері 13 дерек тіркеліп, бүгінде оның тең жартысы ашылды. Қалған деректердің ашылуымен жұмыстар жүргізілуде, – деді полиция бөлімінің бастығы сұхбат барысында.
Аудандық полиция бөлімінің қызметі «Қауіпсіз Жуалы» бағдарламасына сай іске асырылуда. Қылмыстың алдын алу, болдырмау бағытытында жергілікті мемлекеттік атқарушы органдар мен аудандық полиция бөлімі арасындағы мүдделі тығыз байланыс өз нәтижесін беруде. Осы ретте аудан әкімдігі бөлімді қажетті бейнебақылау қондырғыларымен қамтамасыз етуді мойнына алып отыр.
Облыстық полиция департаменті мен аудан әкімдігінің қолдауымен биыл жазда барлық ауылдық округтердегі учаскелік полиция инспекторлары көлікті болды. Оларға 15 дана су жаңа «Нива» маркілі қызметтік автокөлік берілді, қызметтік үй-жайлары тиісті талаптарға сәйкестікке келтірілуде.
Одан бөлек, полиция қызметкерлерінің күнделікті жұмысын ақпараттық қолдау мақсатында және жұмыста қолдану үшін облыстық полиция департаменті алты қызметтік планшет берді. Бұл құрылғылар әкімшілік құқық бұзушылық фактісі анықталған жағдайда, хаттаманы сол жерде толтырып, құқық бұзушы азаматқа бұрын-соңды хаттама жазылғанын тексере алады. Осы планшетке қоса алдағы 2020 жылғы аудан бюджетіне әр полиция инспекторларына кеудесіне тағып жүретін шағын түсіру камерасын алдыру жоспарлануда. Бұл камера да қылмысты немесе әкімшілік құқық бұзушылық фактісін жедел тіркеп, даулы мәселелер туындаған жағдайда таптырмас айғақ құралы болмақ.
– «Қауіпсіз Жуалы» бағдарламасын іске асыру және өңірде қылмыстың алдын алу және болдырмау мақсатында аудан әкімдігінің қолдауымен 14 бейнебақылау қондырғысы сатып алынып, орнатылды. Олардың жетеуі аудан орталығында, ал қалғандары үлкен ауылдардың шығаберістерінде тұр, барлығы полиция бөліміне жалғанған. Алдағы уақытта мұндай қондырғылардың санын арттыру жоспарланып отыр. Сонымен бірге аудан бюджетіне алдағы жылы өздігінен ұшу аппараттары – дрондарды сатып алу туралы ұсыныс енгізуді көздеп отырмыз. Аталған қондырғылардың да мал ұрлығының алдын алуда маңызы зор, – деді аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Мергенбай Қойкенов.
Абылайхан СӘРСЕН.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»