№13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте аудан әкімдігі білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ерназар Жүзбаевтың қатысуымен жоғары сынып оқушыларымен адалдық сағаты өтілді.
Шараны директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мадина Теміржанова ашып, жүргізді.
Сонымен қатар, Мадина Тахирқызы өз сөзінде: «Еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Ұлы құндылықтарды ұлықтай білу – әрбір жастың, баршамыздың жауапкершілігіміз. Патриот болу дегеніміз – өзіңнің ұлы даланың ұрпағы екеніңді мақтан ете білу. Еліңнің жарқын болашағын жасауға өз үлесіңді қосу» деген еді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Айқын» республикалық саяси-қоғамдық газетіне берген сұхбатында: «Жемқорлық мемлекеттің орнықты дамуына, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді. Жемқорлықпен күрес ымырасыз жүруі тиіс және бұл тек Үкіметтің ғана емес, әрбір адамның міндетіне, керек десеңіз парызына айналуы тиіс», – деді. Осы орайда ауданымызда парасатты жастарды тәрбиелеп, туған жерге деген патриотизмді қалыптастыру және жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында орта білім беру мекемелерінде жалпыреспубликалық «Адалдық сағаты» ұйымдастырылуда, – деді өз сөзінде.
Мадина Тахирқызының айтуынша, жаңа заман жастары біліммен қатар адалдық, парасаттылық, әділдік пен сенім деген адами құндылықтарды да бойына сіңіруі қажет екен. Бүгінгі күнгі «Адалдық сағаты» да сол жұмыстардың бастамасы саналатынын айтты. Бүгінгі іс-шараның басты мақсаты да 2050 жылы дамыған 30 елдің қатарына қосылған, экономикасы дамыған мемлекеттің бәсекеге қабілетті, парасатты, мықты, саналы тұлғасын қалыптастыру екенін жеткізді.
Жиында сөз кезегі аудан әкімдігі білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ерназар Жүзбаевқа сөз берілді. Ол жалпыреспубликалық адалдық сабағына байланысты ауқымды баяндама жасай келе:
– Парасат-пайымы кең, білікті де білімді, көзі ашық, саналы, адал жас ұрпақ жақсы мен жаманды ажырата алатын, ойын ашық жеткізіп, өз ұстанымын дәлелдеп шығатын азаматтар болуы үшін әлем мойындаған Қазақстанның бәсекеге қабілетті, саналы ұрпағын қалыптастыру керек.
Құрметті жастар, Сіздерді елі үшін аянбай еңбек ететін, қызмет пен мансап қуалаудан бұрын- ар-ұят пен патриоттық сезімді алға қоятын азаматтар шығады деп сенемін!
Осындай жалпыреспубликалық «Адалдық сағаттары» жыл сайын дәстүрлі түрде «Білім күнінде» бастау алып, жас буынның рухани болмысын кемелдендіру үшін жыл бойы жалғасатын болады. Алдағы уақытта игі бастамаға еліміздің абыройын асқақтатып жүрген ел мақтаныштары, зиялы қауым өкілдері және қоғам белсенділері де өз үлестерін қосады, – деді.
Шара барысында 10 сынып оқушы Арай Мейірбек Абай Құнанбайұлының «Бес нәрседен қашық бол» өлеңін оқып, өз ой-пікірін ортаға салды.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»