Бала тәрбиесі – қашан да маңызды мәселе. Баланы мейірімді жан етіп тәрбиелеу оны өмірге әкелуден де маңызды.
Керемет тәрбиешілердің бірі «Тәрбие арқылы адамға бәрін үйретуге, баланы өзіңнің қалауыңша тәрбиелеп алуға болады» дейді. Яғни, тәрбие арқылы барлық нәрсеге қол жеткізуге болады.
Кез келген ата-ана жақсы тәлім-тәрбиенің маңызын жоққа шығармайды. Бірақ өздері «тәрбие» деген сөздің шын мағынасын түсінбейді. Өздері тәрбие ұғымына жіті мән беріп, тәрбиелей білетін ата-ана өте аз. Кейбіреулері өздерінің шаруаларынан қолы тимесе, кейбіреулері өзі үшін өмір сүріп, балаларының бар екенін де ұмытып кетіп жатады. Тәрбие деген баланың тамағын тойдырып, үлдемен-бүлдеге орандырып киіндіріп қою емес, тәрбие ата-ана өзінің іс-әрекеті, сөзі арқылы баланың ақыл-ойын дамыту, қажыр-қайратқа, ізгілікке құштарландыру.
Қай қоғамда да бала тәрбиесі өзекті мәселе болған. Дегенмен, ата-әжелеріміздің, алдыңғы толқын аға-әпкелеріміздің заманындағы адамдардың өмірге деген көзқарасы, бір-біріне деген мейірім-махаббаты ерекше еді. Бүгінгі қоғамда мейірім деген жоқ деуден аулақпыз. Әрине, қазақылықтың, адамгершіліктің қаймағын бұзбаған жандар арамызда көп. Алайда, көптеген қоғамдық ортада кейбір қазақ қаракөздерінің іс-әрекетіне қарап әттеген-ай деп жүрегің сыздап қалатын кездер кездеседі.
Бала тәрбиесі отбасынан басталады. Дегенмен оған балабақшаның, мектептің де қосар үлесі зор. Осы орайда аудан орталығындағы білім шаңырақтарының бірі №1 мектеп-гимназияның психологы Мира Өскенбаевамен бүгінгі жасөспірімдердің психологиясы, жалпы жас ұрпақ тәрбиесі туралы әңгімелескен едік.
Мира Аманжолқызының еңбек өтілі 18 жыл. Жоғары санатты ұстаз психология ғылымдарының магистрі.
Балаға жантану білімін үйрететін бірден-бір маман мектеп психологы болғандықтан, бұл тақырыпта ауданымыздағы білімді де білікті маманның бірі Мира Аманжолқызымен сұхбаттасуды жөн деп шештік.
Мира Аманжолқызы, бүгінгі жастардың психологиясының өзгеруіне не себеп деп ойлайсыз?
– Жастардың психологиясының өзгеруіне ең бірінші ұялы телефонға деген тәуелділік деп ойлаймын.
Біздің ұлттық санамызды батыс елдерінің жаман әрекеттері елітіп бара жатыр.
«Қызым үйде, қылығы түзде» демекші, балаларымызға қолжетімді болып отырған гаджеттер, смартфондар, ұялы байланыс құралдары арқылы бүкіл әлемдік желілердегі түрлі парақшаларға кіріп, батыстағы замандастарына көбірек еліктейді, таным процестерінің бұзылуына әкеп соғып отырған интернет ойындары деп айтар едім. Кертартпа ағынға әуестігі басым батыстың кинофильмдерінің ықпалы зор, мұның бәрі психологиялық қысым, оның құдіреттілігі албырт та аңғал жастардың санасын улауда.
Өкішішке орай бүгінде көптеген балалар 1 күн, бірнеше сағат ұялы телефонсыз отыра алмайды.
Сондықтан олардың сана-сезімі уланғандықтан, психикасына әсер етіп, әртүрлі қылықтарға барады. Міне, соның бірі және бірегейі мейірімсіздік осыдан келіп шығады деп ойлаймын. Мектептегі тәрбиеден басым болып отырған теледидардағы, ұялы телефондардағы, компьютерлердегі қантөгіс ойындарының әсері мықтырық. Сондай ойындарда отыратын балаларымыздың бойында жағымсыз әдеттер пайда бола бастайды. Бәрімізді осы мәселе қатты толғандыру керек.
-Бүгінде бала тәрбиесінде нені ұмытып бара жатқан сияқтымыз, нені қолға алуымыз керек?
-Үлкенге құрмет, кішіге ізет танытып, саналы, өнегелі, отансүйгіш, рухы асқақ ұрпақ тәрбиесінің басты қаруы – халық тәрбиесі қайнарының күретамырында екенін естен шығармау керек. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, яғни адами құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікке тәрбиелеуде отбасы мен ұстаздар шешуші рөл атқаратыны белгілі.
Заман өзгерген жоқ, заманды өзгерткен адамның іс-әрекеті екенін естен шығармайық!
«Еккенің тікен болса, орғаның балауса болмас» деп аталарымыз айтып кеткендей, бүгінгі қоғамдағы жастарымыздың саналы, тәрбиелі болуы тек өзімізге байланысты.
«Баланы жастан» демекші, әуел бастан жастарға дұрыс ықпал, түзу бағдар беруді тәрбие жұмысын бір минутта қалдырмау баршымыздың ата-аналық және педагогикалық борышымыз екенін ұмытпағанымыз дұрыс.
-Кез келген баланың бойында қабілет бар. Оны бір бала көрсете алады, ал бір бала көрсете алмайды. Бала бойындағы тығылып жатқан қабілетті ашу үшін, баланы жетістікке тәрбиелеу үшін ата-ана немесе ұстаз қандай әрекет жасауы керек?
-Әрбір ата-ана үшін баласының өмірде өз орнын тапқанын көру үлкен бақыт. Кез келген табысқа жеткен тұлғаның негізі балалық шақта жатыр. Жетіліп келе жатқан жасты тұлға ретінде қалыптастыру, мақсатқа жете алатын табысты азамат етіп тәрбиелеу үлкен еңбек пен шыдамдылықты қажет етеді.
Біріншіден, баланы қоғамдық ортаға деген бейімділігін күшейту қажет. Адамның өмірінің көп бөлігі қоғамдық ортада өтетін болған соң баланы өз-өзін ұстауға, сол ортамен белсене араласуға үйреткен жөн.
Екінші, балаға үлкен үміт арту керек. Кез келген саналы жеткіншектен «арманың не?» деп сұрасаң “ата-анамның үмітін ақтасам” дейді. Рас, баланың көбісі ата-анасының үмітін ақтауға тырысады. Ал сіз оған көмектескіңіз келсе, жоғары талап қойыңыз.
Үшінші, білімді игеруге ұмтылдыру. Тек білімнің арқасында болашаққа нық қадам баса алатынын ескертіп отырыңыз.
Төртіншіден, балаңызға жақын болыңыз. Баланың өз-өзіне сенімді, әрі табысты болуының басты формуласы – ата-ананың баласымен тығыз қарым-қатынаста болуында. Күн сайын балаңызбен байланысты күшейте түсіңіз. Оған өз тәжірибелеріңіз бен өміріне қажетті қасиеттерді үйретіңіз. Бұл балаңыз үшін үлкен өмірде табысқа жетудің алғашқы баспалдағы болары сөзсіз. Балаңыздың потенциалын жоғарылату үшін оның жетістіктеріне көңіл бөліңіз. Биікке тек еңбекпен жетуге болатынын жадына құя біліңіз. Мақсат қою және оған жету – жетістік екенін осы бастан үйретіңіз. Әрине өз үлгіңізбен.
Бесінші, сәтсіздіктерге көңіл бөлмеуді үйрету керек. Жұмыстағы, айналадағы немесе үйдегі стресті жағдайларды балаларға білдіртпеуге тырысыңыз. Үлкендердің стрестері мен депрессиялық көңіл күйі денсаулыққа зиянынан бұрын, баланы тұйықтыққа тәрбиелейді.
Алтыншы, баланың қабілетіне көңіл бөліңіз. Әр бала өзінше дарынды. Бірі музыкаға әуес болса, екіншісі спортқа бейімді. Қандай өнерге қабілетті болса да ата-ана үшін мақтануға тұрарлық. Баланың қабілетін дамыта отыра, жетістікке жетуге жетелеңіз. Бұл бала бойындағы өзіне деген сенімділікті арттырады. Жетістіктерін мақтауды да ұмытпаңыз. Себебі, орынды мақтау баланың ой-өрісінің өсуіне, жетілуіне жақсы әсер етеді.
Ең бастысы бала тәрбиесінде баланы “мен мұны істей алмаймын” деп емес, “мен мұны істеуге тырысамын” деген дұрыс ой мен мақсатқа тәрбиелесе, бала болашақта көптеген жетістіктерге жетеді.
-Өмір – адам үшін жаратқанның тамаша сыйы мен таңғаларлық сыны.
Кез келген тығырықтан шығудың өз жолы бар. Кейде жасөспірім тұрмақ үлкен кісілердің өзі тығырыққа тірелгенде күйзеліске ұшырап жатады. Осы орайда күйзеліске ұшырамау үшін адам бойында қандай қасиеттер болуы керек деп ойлайсыз?
-Дәл осы сәтті бағалау керек.
Бұл сәт енді ешқашан қайталанбайтынын түсіну керек. Өмірдің әр минутында біз үшін маңызды, бағалы нәрсе бар екенін ұмытпаңыз. Мұның бәрі жақын арада естелік болып қалады. Тіпті бақытсыз сәттің өзі де болашақта сағынышқа айналады.
Армандарды босату қажет. Көптеген адам арманына жете алмаса, ашуланып, негативті ойға салынады. Өміріңізде бәрі жақсы болсын десеңіз, қалаған нәрсеңізге қолыңыз жетсе де, жетпесе де, бір қалыпты күйде болуыңыз керек. Негативті ойлардан аулақ болыңыз. Сонда ғана бақытты бола аласыз.
Қорқынышты билеу керек.
Кез келген адам бір нәрседен қорқады. Бұл заңдылық. Алайда оның да өз пайдасы бар. Қорқыныш адамды жаңа белестерді бағындыруға итермелейді. Себебі, табиғатымызға сай біз қиындықтарды жеңіп, бақытты болуға ұмтыламыз. Сонда ғана табыс пен жеңіс тәтті болады. Қорқыныш бар болғаны иллюзия екенін ұмытпаңыз.
Адам өміріне шүкіршілік етіп, қуануды үйрену керек.
Біраз адам өзіне қуануға мүмкіндік бермейді. Тіпті бақытты болу мүмкіндігі барына да сенбейді. Үнемі қиындық көріп, азап шегуге үйреніп қалғандықтан, онсыз өмір жоқ деп ойлай бастайды. Сол себепті дер кезінде мұндай зиянды ойдан арылуыңыз керек. Қиын мәселе – уақытша құбылыс. Оны өміріңіздің бір бөлігі деп емес, сыртқы кедергі деп қабылдаңыз. Содан соң өзіңізге бақытты болуға рұқсат етіңіз.
-Еліміздің болашағы жастарға деген тілегіңіз.
-Ел сенімінен шығу үшін жастарымыз жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренетін, көкірегі ояу, көзі ашық, жан-жақты дамыған, озық ойлы азамат болып қалыптасуы қажет. Осындай озық ойлы, патриот жастары барда еліміздің іргесі берік, алар асулары мен бағындырар шың-биіктері әлі де алда боларына кәміл сенемін!
-Әңгімеңізге рақмет! Жас ұрпақты тәрбиелеу жолындағы еңбегіңізге табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»