Qoǵam
Өз бюджетіңізді басқара білесіз бе?
Қаржы сауаттылығы – қаржыны тиімді басқаруға мүмкіндік беретін білім. Оның мақсаты жалпы қаржы саласына деген дүниетанымды кеңейту. Сол арқылы жаңа мүмкіндіктерді ашу және қаржылай зиян әрі шығын келтіретін жайттардан сақтандыру.
Біздің қазақ қоғамында бұл салаға онша маңыз беріп, көңіл бөле бермейді. Қаржы сауаттылығын қалай арттыруға болады? Азаматтар қаржы пирамидасының нендей құрылым екенін және оны қалай анықтай алады?
Нарықтық экономикаға бағытталған ел болғандықтан, қаржы сауаттылығын меңгеру қажеттілік болып табылады.
Сонымен қаржы сауаттылығы дегеніміз не? Қаржы сауаттылығын арттырудың тәсілдері қандай?
Осы және басқа да сұрақтарға El.kz сайтында экономист Дәулет Төлеутайұлы былай деп жауап береді.
– Қаржы сауаттылығы дегеніміз – қарапайым тілмен айтқанда, қаржылық тәртіп, яғни, өз бюджетіңді басқара білу дегенді білдіреді. Қаржы сауаттылығы алдымен адамның өз-өзіне есеп беруінен басталады. Адам қарызға батпас үшін барынша үнемдеп, қаржы сауаттылығын арттыруы керек. Бұл екеуі де – заман талабы. Ал, біз көп жағдайда басқа адамның ақшасын санап кетіп жатамыз.
Енді қаржы сауаттылығын арттыру тәсілдеріне келетін болсақ, Абай атамыздың мынадай тамаша сөзі бар: « Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмағанда айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!» деген екен он бесінші қара сөзінде. Яғни, адам кірісі мен шығысын санап, өзіне есеп беруі керек. Екінші тәсілі, бір дүкендегі бағаны, басқа дүкенмен салыстырып қарау қажет. Қай жерде арзан, қай жерде қымбат деген секілді. Адам қанша жерден бай болса да, бағаны бағамдап есептегені дұрыс. Бірден бір жерден, бір затты ала салмаған жөн.
Үшінші кезекте – қаржы қоры. Адам тапқан табысының кем дегенде 10 % жинап отыруы керек. Кей адамдардың ақшаның қайда кетіп қалғанын білмей қаламыз деп жататынын жиі естимін. Мәселенің бәрі айналып келіп, осы қаржы сауаттылығына тіреледі.
Тағы бір айта кетерлік жайт, адам жиі садақа беретін болса, сол тапқан табысы берекелі болады. Адам өзінің тапқан ақшасының несібесін көреді. Себебі, кейбір азаматтар бар, 1 миллион, немесе 500 мың табыс тауып отырса да, барын ұқсата алмайды. Ал, кейбір адамдар 100 мың тапса да, берекетін көріп, отбасын асырап, тіпті, үй де алып жатқан азаматтарды кездестіруге болады.
Статистикаға сенсек, қазақстандықтардың үштен бірі отбасының кірісі мен шығысын мұқият есептеп, жүйелі жүргізбейді. Оңды-солды несие алып, қарызданып-қауғаланып, төлеуге келгенде шақшадай басы шарадай болып жүргендер жетіп- артылады. Елімізде тұтынушылық несие алу рекордтық көрсеткішке жеткен.
Бұл халықтың қажеттілігі ме әлде негізсіз несие алғандар көбейген бе? Тағы да экономист Дәулет Төлеутайұлының сөзіне құлақ түрелік.
– Иә, шыны керек қазіргі таңда несиесі жоқ адам кемде-кем. Халықтың айлық жалақысынан қарағанда, берешек қарызы көп. Автокөлік, тұрмыстық техника, ұялы телефон, тіпті саяхаттауға несие алу үйреншікті жағдайға айналған. Экономикалық белсенді халықтың саны 10 миллионға жуықтаса, оның ішінде тұрақты жұмыс істейтіндердің саны 4-5 миллионның шамасында. Яғни, шамамен әр адамның басында екі несиеден келеді. Бұл үрдіс әрине, жақсы емес. Ай сайын алатын жалақысы қажеттілігін жаппайды, соған сәйкес азаматтар өмір сүру стандартын бір деңгейде сақтап қалу үшін, несиеге жүгінеді.
Мәселен, айлығыңыз 100 мың теңге болып, бірақ 500 мың теңгенің айфонын алу немесе несиеге алу дұрыс емес. Егер смартфон қандай да бір табыс әкелетін болса, онда алуға болады. Ал, ешқандай табыс әкелмесе, несиеге алудың қажеті шамалы. Сондықтан қолда бар қаржыны ұтымды пайдалану үшін, адам өз бюджетін бақылауға алу керек. Қаржыны жоспарлы жұмсап, мақсатты түрде жинаған жөн.
Бала кез келген еңбектің бағаланатынын білгені абзал. Ата-аналар балаларды қаржы сауаттылығына қалай үйретуі керек? Бұл туралы да экономистің берер кеңесі көп екен.
– Әлі оң мен солын ажыратып үлгермеген балаға ақша берерде мұқият болған жөн. Ұл-қызыңыз оны үнемді пайдаланып, орынды жұмсай білу үшін қаржы сауаттылығын кішкентайынан бастап, қалыптастырған жөн. Бүлдіршініңізге қаражатты есепсіз берсеңіз, бұл оның ақшаға құмар болып өсуіне әкелуі мүмкін.
Балаға ақшаның оңай келмейтінін түсіндіріп, бір айлық жалақаңызды қалай жұмсайтыныңызды есептеп көрсету керек. Ол кез келген кірістің өз орнымен жұмсалуын қажет екенін білгені дұрыс.
Балаға ақшаны саналы түрде беру керек. Оған түскі асына, жолына деп есепсіз қаржы беру пайдасыз. Мұндай жағдайда бала ақшаны өзі есептеп үйрене алмайды. Апта сайын немесе айына бір мәрте табыстасаңыз өзі нені, қайда жұмсайтынын пайымдайтын болады. Сол кезде бір айға берген ақшаны үнемдеп тиімді жұмсайтын болады. Осындай әдіспен ұл-қызыңызға қаржыны үнемдеуді үйрете аласыз.
Қаржы сауатсыздығының салдары қандай нәтижелерге алып келетіні белгілі. Жиған-тергенін қаржы пирамидаларына салып, алданып қалып жатқан жандар аз емес. Ондай құрылымның қаржы пирамидасы екенін қалай анықтауға болады?
– Қаржы пирамидасы – бұл қалтағы түсудің түрлі жолын тапқан айлакерлердің табыс көзі, кәсібі. Оның пирамида екенін басында бірден аңғару қиын. Себебі, алаяқтар инвестициялық пирамиданы уақыт бедеріне қарай бейімдеп, түрлендіріп отырады. Әйтсе де, өзгермейтін бір жүйе ол – көпті құрғақ уәдеге сендіріп, қолындағы қаржысын қымқырып кету.
Өзіңіз байланыс орнатқан ұйымның оңай пайданы көздеген мекеме емес екеніне былай көз жеткізуге болады. Мәселен, қатарға қосылған әр адамға ауқымды жобалар жайлы әңгімелеп, шет-шегі жоқ, сыйлықтар болатынын айтып сендіреді. Сонымен қатар, белгілі бір мөлшерде жарна салуын сұрайды. Салған қаржысын көп ұзамай бірнеше пайызбен еселеп қайтаратынына да уәде етеді. Сондай-ақ компанияға адам тартуды жүктейді. Сол арқылы пайдасының артатынын алға тартады.
Кейіннен басқаларды сендіру үшін, алдынғы адамдарға белгілі бір пайызын береді. Алдындағылардың еңбексіз табыс тауып, жылдам ақшаға қол жеткізгенін көрген салымшы еріксіз компанияға адам тіркеуге кіріседі. Алдымен жақыны мен дос-жаранды төңіректейді. Оларға көзбен көргенін жеткізіп, шын мәнінде пайда табуға болады деп сендіріп бағады. Бірі үй аламын деп, енді бірі көлік мінемін деп ақшасын салса, тағы бірі несие алып береді. Ағайын-туыстың аузынан жырып берген қаржысын осылайша айлакердің қоржынына салады. Оңай ақшаға кенелемін деп жүргенде алаяққа алданып, көппен көңілі суысып, ағайынмен араға жік түседі.
Осындай жағдай орын алмас үшін, біріншіден салық басқармасына барып, немесе ғаламтор арқылы мекеменің бизнес сәйкестендіру нөмірін теріп тексеру қажет. Заң алдында тіркелген не тіркелмегеніне көз жеткізіп алу керек. Байқасақ, қаржысын еселеймін деп, қалтасынан қағылған қаншама жан бар қоғамда. Осындай қаржылық әрекеттің құрбаны болмас үшін, қаржы сауаттылығын арттыру керек, – дейді экономист Дәулет Төлеутайұлы.
Дамыған елдердің тәжірибесіне қарасақ, несиеге жұмсалатын қаражаттың көлемі, табысының 20% аспайды екен. Ал, қолда бар қаржыны қалай ұтымды жұмсауға болады? Бұл сұраққа экономист былай жауап береді:
– Бізде азаматтар ақшасын үнемдемейді, қаржы сауаттылығы төмен болған соң, үлкен үстемелерге қарамай, құдды бір тегін балық үлестіргендей несиеге бас ұрады. Ал, дамыған елдердің тәжірибесіне қарасақ, несиеге жұмсалатын қаражаттың көлемі, табысының 20% аспайды екен. Сондықтан да бізде халықты осыған үйретуіміз керек.
Біз несиені рәсімдеу үшін, табысымызға қарамай, өтірік табыс көрсетіп жатамыз. Сондықтан, осындай құндылықтарға мән беруіміз керек. Қарызды алу бар, ертең қайтарымы бар. Ол үшін ең бірінші қаржыны жоспарлы түрде жұмсауды үйренген жөн.
Дүкенге бармас бұрын, алатын заттардың тізімін жасап, кететін шығындарды есептеп шығу керек. Кеткен шығындарды есептеп жүріңіз немесе арнайы кітапша арнап жазып отырғаныңыз дұрыс. Сол кезде қаржыңыздың қайда кеткенін бақылай аласыз. Ай соңында жазған кітапшаңызға назар салыңыз. Артық шығындарды көріп, ақша ұстаудағы өз кемшілігіңізді байқауға болады.
Дүкеннен қалған тиындарды кез келген жерге қалдыра бермеңіз. Есіңізде болсын, ақша тиыннан құралады. Ұсақ тиындарды жинауды әдетке айналдыру керек. Күндердің күнінде ақшаңыздың қалай көбейгенін өзіңіз де байқамай қаласыз.
Мақала интернет материалдарынан әзірленді.