Қазақтың қанына сіңген, ата-бабалардан балаға мұра болып келе жатқан қиналғанға қол ұшын беретін асарлату дәстүрі округімізде жақсы үрдіске айналды. Өйткені, соңғы үш жылда ауыл жастары мен демеушілердің көмегімен округімізде отбасылық жағдайы төмен, асыраушысын айырылған азаматтарға көмек көрсетілді. Мәселен, өткен жылы Қосбөлтек ауылының тұрғыны Мәншүк Тойшыбековаға Көктөбе және Қосбөлтек ауылдары жастарының демеушілігімен жаңа баспана соғылып, пайдалануға берілген болатын. Осындай игі шара биыл да жалғасын тауып, “Боранды” шаруа қожалығының басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Айбек Елекбаев ағамыздың демеушілігімен Теріс ауылының тұрғыны Нурипа Әліпбаеваның үйіне толықтай жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қоса, анамыздың туған туыстары және ауыл азаматтары да бұл игі істен қалыс қалған жоқ.
Әрине, қазіргі нарықтық заманда адамдардың бір-біріне ақысыз көмектесуі бәлкім мүмкін еместей көрінетін шығар. Алайда бір-бірімізге көмек беру – ол ұлтымыздың ауызбіршілігін, мызғымас бірлігін білдіретіні анық. Ауызбіршілігіміздің арқасында тағы да жоғарыда айтылған ауыл жастары бірігіп, Көктөбе ауылының тұрғыны Айшахан Ералиеваға қол ұшын берді. Айта кететін жайт, анамыз асыраушысынан айырылып, бүгінгі күнде екі қыз өсіріп, тәрбиелеп, оларды бір-бір мамандық иесі атандырып отыр. Сондай-ақ, аяулы анамыздың емшілік қасиеті бар екендігін айтатын болсақ, алдына ауырып келген ересек адам болсын, жас бүлдіршін болсын емін салып аяққа тік тұруына көмегін тигізіп жүр.
Халыққа осындай көмегі бар, еңбегі сіңіп жүрген жанды ауыл жастары бағалай білді десем, артық айтқаным емес. Анамыздың ауласы қоршалмай, дарбазасының қойылмай тұрғанына бірнеше жылдың жүзі болған. Үй іргесіне қаңғыбас иттер кіріп, түнгі мезгілде далаға шығуына қиындық туғызып жүргені тағы бар. Осы қиындықты ескере келе, ауласына ұзындығы төрт шаршы метр болатын заманауи еуростильдегі дарбаза қойылып, айналасы жалпы ұзындығы 25 метр болатын еуроқоршаумен қоршалынды. Анамыздың қуанышында шек жоқ.
Бұл игі жұмыстарда белсенділік танытып, қайырымдылыққа атсалысып жүрген ауыл азаматтары Дархан Қасаболатов, Мират Көпбаев, Ғалымжан Нұрпейісов, Дархан Исмағұлов сынды ағаларымыздың да есімін атап өткен жөн. Жастардың басын қосып, ауызбіршілікке шақырып, әрдайым жақсылық жасауға үндеп жүрген жаны жомарт азаматтарымызға ауылдық округ әкімі аппаратының және ауыл тұрғындарының атынан ризашылығымызды білдіріп, алғыс айтамыз.
“Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты.
Қырандай күшті қанатты,
Мен жастарға сенемін”, – деп Мағжан Жұмабаев жырлағандай, ел болашағы жастар десек, қайырымды жастарымыздың қатары көп болып, еліміздің іргесін берік қалайық дегім келеді.
Дәулет Қыдырбаев,
Көкбастау ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы